Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімнен сая тапқан қос бәйтерек

Білімнен сая тапқан қос бәйтерек

Тереңөзектік Нұрлан Нақпыт пен Алмагүл Пірәлиева мәуелі бәйтерекке айналған берекелі шаңырақтың иесі. Жылдар бойы халық баласын оқытып, еңбек озаттарын шығаруға аянбай еңбек ете білген жандардың ұлағатты жолдары көпке үлгі. 40 жылға жуық білім саласында қызмет қылған қос қария бір салада жүріп, отау құрған. Анығын айтқанда, қазіргі Сырдария агра-техникалық колледжінде ардақты жандар ағартушылық саланың қыр-сырына тереңнен қанығады.

Қызметтік жолында 5 директормен жұмыс жасаған Нұрлан Сақтағанұлы зайыбы – Алмагүл апамен баянды ғұмыр кешуде. Үйдегі отағасы алғашында өндірістік оқу шебері атанса, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын аяулы ана математика пәнінен білім алушыға сабақ берген. Әрине, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілді берік ұстанған ұлағатты жандар жас ұрпаққа білім беріп ғана қоймай, олардың тәрбиесіне де, жіті көңіл бөлген. Өткен жылы жетпістің желкенін керген ел ағасы талай шеберді дайындап шығарған.

– Шын мәнінде, апаң екеуміз білім саласында айқын қолтаңбамыз қалғанына дән ризамыз. Ең алғаш кәсіптік-техникалық училищеде танысқан сәттен жұбымыз жазылған емес. Бізді білім саласының білгірі Сақыбек Алданазаров жұмысқа қабылдаған болатын. Кейіннен, Қуаныш Татанов, Сраждадин Балмағанбетов, Ғафур Үдербаев, Дархан Қожахметов секілді директорлармен қызметтес бола білдік. Ауыл шаруашылығы саласында қажыр-қайратын көрсетіп, озаттар қатарынан көрінген шәкірттеріммен мақтанамын. Әрқашан Орда Тоқтыбаев, Мәлік Ысқақов, Асан Жансейітов, Нариман Садықов сынды шәкірттерім өз ісінің шебері екендіктерін дәлелдей білді. Қазіргі уақытта оқу бағдарламасы өзгерген. Заман талабына сай техника да, жеткілікті. Оқимын деген адамға барлығы қолжетімді, – дейді ардақты аға.

Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша бітірген Алмагүл Төлепбайқызы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден бастаған аяулы жар, ардақты ана қай кезде де, халық баласын өмірден өзіндік орын алуына ықпал еткен. Есеп-қисапты шәкіртіне меңгерткен тағылымы мол ұстаз мамандығы арқылы бақыттың кілтін таба білген.

– Бүгінде білім саласына қатысты сан алуан өзгеріс орын алғаны мәлім. Мұғалімнің мәртебесі биіктеп, қиындығы мол қызметте олардың орны айқындала түсті. Дегенмен, қазіргі уақытта баланың тәрбиесі көңіл көншітпейді. Кезінде біз түске дейін сабақ беріп, түскі уақытта тәртібі қиын баланың үйіне барып, ата-анамен тағыз байланыс орнататын едік. Оқушының дұрыс жолға түсуіне, адал еңбек етуіне себепкер атанатын болатынбыз. Қазіргі оқу үдесірі мүлдем басқаша. Өзгеріске түсе беретін жүйенің салдарынан баланың оқу сауаты төмендеп кетеді. Үлгірімі нашарлайды, – дейді аяулы ұстаз.

Осы күні зейнет демалысына шығып, балаларының амандығын тілеп отырған қос қария уақытысында сан түрлі марапатқа қол жеткізген. Мәселен, Нұрлан ағаның кеудесінде «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалі жарқырайды. Шындығында, 5 қызды дүниеге әкеліп, әрқайсысын қияға қондырған ғибраты мол жандар 14 немеренің ата-әжесі. Бұл ретте, Нұрлан аға мен Алмагүл апаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілек білдіреміз!

Б.Ордабеков
20 ақпан 2024 ж. 382 0