Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Физика ғылымы табиғат пен әлемді зерттейді

Физика ғылымы табиғат пен әлемді зерттейді

Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласының "Білімнің салтанат құруы" атты кіші бағдарламасында кемел ойлар, болашаққа зор үміт айқын аңғарылады. Елбасы сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу – Тәуелсіздіктің нығаюына әкеледі дейді. Мемлекетіміздің дамыған елге айналуы үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі тиіс. Осы ретте жастардың болашақта сан түрлі ғылымды меңгеруі маңызды. Сол ғылым жолында алғашқы баспалдақты қалыптастырып жүрген ұстаздардың қатарында Марина Жұмабаеваның есімі ерекше аталады. Ұстаз физика пәнінің мұғалімі ретінде көптеген жетістікке жетті.

Физика дегенде көз алдыңызға сізді қоршағат табиғат елестейтіні заңдылық. Себебі физика ғылымы табиғатты, әлемді, жаһанды зерттейді. Қазіргі ғылымдардың ішінде ең дамығаны да осы физика. Адамдардың осы күні техникалық құрылғыларға тәуелділігі анық байқалады. Ал бұл дегеніңіз, яғни қолыңыздағы ұялы телефонан бастап компьютер, күллі техниканың барлығы физика заңдарына негізделіп жасалған.

Марина Әбдірқызы ширек ғасырдан астам уақыттан бері ғылымның осы саласына еңбегі сіңген үздік ұстаздардың бірі. Оның бүгінгі жетістігі – "физикамен шұғылданамын, болашағымды техникалық мамандықпен байланыстырамын" деген шәкірттерді оыс пәнге баулып келеді. Өз мамандығының нағыз білгірі ауданның білім саласына өзіндік үлес қосып, шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар беріп, мамандықты қателеспей таңдауына қамқор болып жүрген алтын жүректі ұстаз.

– Физикаға қызығушылығым оқушы кезімнен басталды. Ауылдағы №131 мектептің сегізінші сыныбын бітірген соң аудан орталығындағы кәсіптік училищені де қызыл аттестатпен бітірдім. Аудан басшылығы біз секілді жастарға ол кездері жолдама берілетін. Жолдама арқылы Қазақ Аграрлы техникалық университетіне емтихансыз қабылдандым. Бес жыл оқып, инженер мамандығын алғаннан соң өзім оқыған училищеге жұмысқа қабылдандым. Арнаулы пәндер мұғалімі ретінде студенттерге сабақ бере жүріп, өзімді әуелгі баста қызықтырған физика пәнімен айналыстым. Училищедегі физика пәнінің мұғалімі Рая апайдан тәжірибе жинақтадым. Білікті ұстаздан үйренгенім көп болды. Дегенмен осы саланың нағыз маманы атануым үшін Қызылордадағы "Болашақ" университетіне оқуға түстім. Университетті физика пәнінің бакалавры дәрежесінде бітірдім. Сонан соң училищеде осы пәннен сабақ беріп, ғылыммен одан әрі шұғылдануыма мүмкіндік туды, – дейді ұстаз М.Әбдірқызы.

Соңғы жылдары мектеп бітірушілердің басым бөлігі техникалық мамандық таңдауға бет бұрыс жасағаны рас. Бұл осы мамандықтарға гранттың көбірек бөлінуімен байланысса керек. Сондықтан жас түлектер физика пәнінің мықты деген маманынан қосымша дәріс алуға ұмтылады. Айта кету керек ауданның білім саласы бүгінде аудандағы аграрлық-техникалық колледжде қызмет ететін мұғалімнің тәжірибесін пайдаланып, аудан орталығындағы №35, №36 мектеп-лицейлеріне қосымша сабақ беруге ұсыныс берді. Ұсынысты қабылдаған мұғалім соңғы 4-5 жылда осы білім ошағының жоғарғы сынып оқушыларына дәріс беріп келеді.

– Қабілетсіз бала болмайды. Барлық бала қабілетті. Тек оны көре білу керек және оның қабілетін ашатын мықты маман болуың қажет. Оқушыны физикаға қызықтырудың жолын ізденіп, оларды денелер неге құлайды, допты қатты соқсақ неге доп ұшады, найзағай қалай пайда болады деген сауалдармен қызықтырамын. Мұндай заңдылықты зерттейтін ғылым физика екенін және денелердің жерге құлауының себебі бүкіләлемдік тартылыс күші екенін айтып түсіндіремін. Аспан әлеміне, ғарышқа қызықпайтын бала жоқ. Ал оның сан түрлі жауабын физика береді, – дейді жоғарғы санатты мұғалім М.Жұмабаева.

Иә, физика – сөз жоқ, тәжірибелік ғылым. Оның заңдары тәжірибемен дәлелденген, нақты фактіге негізделген. Физикалық заңдар сан жүзіндегі қатынастар болып табылады да, математикалық тілде тұжырымдалады. Осы ретте оқушылардың қабілетін ашып, нақты ғылымға жетекшілік етіп келе жатқан ұстаздың "физикаға келу үшін алдымен оқушының бойында математикалық қабілеті болуы керек" деген сөзі ойға оралады. Алдымен қарапайым математикалық негіздерді үйретіп, сонан соң физиканың заңдылықтарына келетін маманның өзіндік әдістемесі қалыптасқан. Оның көп жылғы тәжірибесі әріптестері арасында кең таралғанын айтады. Алдына "білсем, үйренсем" деп келген оқушыға дәріс беру оңай шаруа емес. Дегенмен ешкімнің көңілін қалдырмай, қайткен күнде ерінбей, жалықпай алдындағы оқушыға пәнді үйрету Марина Әбдірқызының ұстаздық қабілетінің жақсы қасиеті.

Ұстаз дайындаған оқушы міндетті түрде мемлекеттік гранттың иегері атанып, шәкірті қалаған мамандығына оқуға түсіп, алғыстарын жаудырғанын көрген ұстаз шын мәнінде еңбегінің жемісін көргеніне сүйсінеді. Таңдаған пәнінен 35-тен жоғары балл алған №35 мектеп-лицейдің оқушысы Меруерт Дәуренбекқызы бүгінде Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқиды. Ал №135 орта мектеп бітірушісі Жандос Омар физикадан жоғары балл алып, қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті атанды. Бұл білікті ұстаздың жетістігінің бір бөлшегі. Жалпы Марина Жұмабаева білім берген барлық оқушылары міндетті түрде аталған пәннен жоғарғы балл жинауы дәстүрге айналғанын мақтанышпен айтуға болады. Сонымен қатар М.Жұмабаева 2017 жылы Маңғыстау облысына ҰБТ сынағы кезінде мемлекеттік комиссия құрамында болғаны үздік ұстаздың еңбектегі жемісі.

– Ауданда тәжірибемізбен бөлісіп, үнемі байланыста болатын әріптестерім бар. Олардың жеткен жетістіктерін саралап отырамыз. Мысалы, №137 орта мектептің мұғалімі Ербол Мақпалбай, №37 мектеп-лицейдің мұғалімі Ләйла Мамыраеваның оқушылары ғылыми жоба қорғауда алдына жан салмайды. Олардың мықты ұстаз екенін жеткен жетістіктерінен аңғаруға болады. Біздер үнемі Ұлттық бірыңғай тест тапсырмаларына талдау жасап, жыл сайын тест сұрақтарының 30 пайызға жаңарып, әрі күрделеніп бара жатқанын байқаймыз. Сондықтан физика пәнін меңгергісі келетін оқушыларды дайындау кезінде осыны ескеріп, пәнді оқытуда жан-жақты болуға, логиканы дамытуға мән береміз, – дейді ұстаз М.Жұмабаева өз пәні туралы.

Білікті педагог ұлағатты ұстаз болумен қатар отбасында сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже. Өмірлік серігі Дәуренбек Ахметов ауданда әскери комиссариатта қызмет етеді. Үлкен баласы Нұрболат әскери қызметте. Келіні Әсел екеуі екі немере сүйгізіп отыр. Биболат Нұр-Сұлтан қаласында мамандандырылған мектепте жүзуден нұсқаушы қызметін абыроймен атқарып келеді. Меруерт – студент. Әсем мен Аяулым мектеп оқушылары. Жақында Марина Жұмабаева Қазақстан педагогтар қауымдастығы Төралқасының шешімімен ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан елеулі үлесі үшін "Қазақстанның үздік ұстазы" орденімен марапатталды. Бұл марапатты ардақты ұстаз ұзақ жылдың жемісі ретінде қабылдады. Үздік ұстазға – лайықты марапат деген осы болса керек.
Бибісара ЖАНӘЛІ
25 шілде 2020 ж. 780 1

Айгерим Амзеева от 25 шілде 2020 11:44
Керемет ұстаз!