Ұлағатты ұстаз, білікті математик
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Бұл өмірін, еңбек жолын бала оқытуға арнаған барша ұстаздың негізгі ұстанымы екені сөзсіз. Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицей мұғалімі Гүлсім Сәтбаева да білім ізденгендерге дұрыс бағыт-бағдар беруді басты мұраты еткен.
Г.Сәтбаеваның үлкен елді мекен саналатын Шаған ауылындағы білім қабырғасында 33 жыл еңбек өтілі бар. Қызылорда қаласының тумасы облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтта жоғары білім алды. Өзі жастайынан есеп-қисапқа епті болған соң жоғары оқу орнында білікті ұстаздардан математиканың қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін үйренді.
Жоғары білімі бар жас маман еңбек жолын «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы» атындағы №37 орта мектепте бастайды. Шағандағы мектеп егемендік алғанға дейінгі жылдарда осылай аталыпты. Содан бергі отыз жылдың үстінде Гүлсім Әлібайқызы нақты ғылым саналатын математика пәні бойынша оқушыларға сабақ беруде.
– Математика пәні күрделі болған соң осы мамандықты көпшілік таңдай бермейді. Мектеп бітірушілердің қатарынан математика пәнін таңдағандар көп болмайды. Есеп-қисап, теңсіздіктер, математикалық функциялар мен геометриялық талдаулар нақты ізденістің арқасында шешімін табады. Сондықтан бұл ғылым саласы үнемі ізденісті және жан-жақтылықты талап етеді. Жастайымнан осы үдеден шығу үшін еңбектеніп, балаларға білім беріп келемін. Әрбір оқушының шамшырағын жағып, пәнге деген қызығушылығын арттыру – ұстазға міндет. Сол себепті оқушылардың математикаға деген ынтасын арттыруда түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, еңбек етудемін. Түптеп келгенде, бұл ғылым саласы адамдардың өміріне өте қажет. Адамзат баласы күнделікті осы есеп-қисаппен кезігіп жатады. Сондықтан мектеп қабырғасында жүргенде есептеудің түбірі қалыптасқан жөн, – дейді ұлағатты ұстаз.
«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді дана халқымыз. Ұстаздың елеулі еңбегі шәкірттерінің жетістігінен көрінеді. Бұған келгенде білікті математиктің беделі жоғары. Олай дейтініміз, бүгінде Г.Сәтбаевадан тәлім алып, ізін қуған шәкірттері Шағандағы мектепте сабақ беріп жүр. Атап айтқанда, Динара Ережімбетова, Рауан Кеңесова, Бауыржан Шахаров, Күнту Ахметов, Айнұр Нұрланова ауыл мектебінде оқушыларға білім үйретіп, ұстаздан алған білімнің арқасында ұлы мамандық иелері атанған. Сонымен қатар, үздік оқушылар Жанель Аманкелдиева, Ұлжан Серікова, Зейнұр Яштайбек, Сұлушаш Әлтаева және басқаларын білікті ұстаз мақтан тұтады. Олардың қатарындағы Айжан Рамазан «Елбасы» медалімен марапатталғанын да атап өткен жөн.
Осындай шәкірттер тәрбиелеп жүрген қадірлі мамандық иесі әр жылдары құрметке бөленіп, арнайы марапаттарға ие болуда. Ұлағатты ұстаз «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған. Одан бөлек, 2017 жылы Астана қаласында «Заманауи ақпараттық білім беру ортасы: дәстүр және инновация» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасқан.
Гүлсім Сәтбаеваның жолдасы Амантай Мыханов – зоотехник. Ауылдағы серіктестікте еңбек етеді. Ерлі-зайыпты 3 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген. Үлкені Бауыржан бүгінде Алматы қаласында байланыс саласында жұмыс істесе, келіні Назкен – балалар дәрігері. Үлкен қызы Раушан тұрмыс құрса, күйеубаласы Еркебұлан – спорт мектебінде мұғалім. Ал кенжесі Аружан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.
Ардақты ұстазға әріптестері ерекше құрмет көрсетіп, білім беру ісіндегі тәжірибесін көпшілікке үлгі етеді. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді болады» дейді. Зейінді ұрпақ тәрбиелеп жүрген білікті математиктің әркез мерейі үстем болуына тілекшіміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ