Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді хакім Абай Құнанбайұлы. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда аянып қалмаған ұлағатты ұстаз Әбдімәжит Құтыбаевқа арналып айтылғандай.

Әбдімәжит Жақыпбекұлы 1950 жылы 10 қарашада Нағи Ілиясов ауылында (бұрынғы Карл Маркс колхозында) дүниеге келген. Ол ауылдағы №132 Э.Тэльман атындағы сегіз жылдық мектепте білімін алып, кейіннен Қызылорда қаласындағы №1 май орта мектебін бітірген. 1971 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінде «Физика мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Еңбек жолын №130 Абай атындағы қазақ орта мектебінде физика пәні мұғалімі қызметінен бастады. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ әскер қатарына шақыртылып, өзінің азаматтық борышын өтейді. 1973 жылдың жаз айында Бибіхан Әбсадыққызымен отау құрып, он бір ұрпақ тарайды. Әскерден кейін оның еңбек жолы ауылдағы мектеппен тағыз байланысты.

– Мектепке алғаш келгенде білім ошағы жаңа ғимаратқа көшіп, пән кабинеттерін жабдықтау қызу қолға алынып жатқан кез еді. Жастық жігермен келген мұғалім физика кабинетін жабдықтауға құлшыныспен кірісті. Қаншама тер төгіп, еңбек етудің арқасында облыс, аудан аумағындағы талапқа сай алдыңғы қатарлы физика кабинетін жабдықтады. Бұл еңбегі зая кеткен жоқ. Кабинеттік жүйеге көшкен соң физикадан лабораториялық, практикалық сабақтарды өз мәнінде сапалы өткізуге қол жеткізді, – дейді ардагер ұстаз Тұрар Маханова.

40 жыл бойы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте физика пәні мұғалімі болып, абыройлы жұмыс атқарған білікті ұстаздың ұзақ жылдар бойғы еселі еңбегі лайықты бағаланған. Ол 1986 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мектепте физика пәні бойынша «Озат тәжірибе мектебін» басқарып, тәжірибесі аудан, облыс мектептеріне таратылды. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жемісті еңбегі лайықты бағаланып, 1991 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2002 жылы физика пәні мұғалімдерінің облыстық олимпиадасында жүлделі бірінші орынды иеленіп, облыстық білім басқармасының дипломын алды. Оқушыларды ҰБТ-ға жақсы дайындағаны үшін 2009 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының «Құрмет грамотасына» ие болды. 1987 жылдан 2013 жылдар аралығында мектептегі баста­уыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Осы еңбегі лайықты бағаланып, «ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» , «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» төсбелгісін, бірнеше мәрте аудан әкімінің «Алғыс хатын» алды.

42 жылдық еңбек өтілімен зейнет­керлікке шығып, көп жылғы атқарған ұстаздық жұмысының нәтижесінде 2014 жылы «Физика пәнін оқыту әдістемесі» атты кітабын шығарды. Ұлағатты ұстаз зейнетке шыққанымен мектеп пен ауылдың қоғамдық жұмыстары мен мәдени шараларына белсене қатысты. Физика саласына еңбегі сіңген ұстаз болғанымен Әбдімәжит Құтыбаевтың тарихқа деген қызығушылығы басым болған. Жұмысынан қолы қалт ете қалса, мақала жазып, тарихи жерлерді зерттеуге, бала күнінде естіген әңгімелерін қағаз бетіне түсіруге машықтанған. Осындай еңбектерінің қатарында «Баймұрат батыр» жайлы зерттеп жазған мақаласы газет бетіне шығып, конференцияда талқыланған. Ал, ауылдың картасын сызып, «Құлке», «Шаққан төбе», «Қос асар» туралы жазған жазбалары тарихына қосқан зор үлесі.

– Әбдімәжит Құттыбаев табиғатынан өте қарапайым жан болатын. Ешуақытта дүние-мүлікке қызықпады. Алла он бір бала берді, қазір тоғызы бар. Біздің бар байлығымыз балаларымыз деп отыратын. Үлкен болсын, мейлі кіші болсын ешкімнің көңіліне қаяу түсірмуге тырысады. Өзі отбасында жалғыз бала болғанымен ата-анасы көпшіл етіп тәрбиелеген. Физиканы таңдаған оқушыларға да, студенттерге де сабақ сұрап келе қалса, бетін қайтармай, есептерін шығарып беретін. Осы еңбегінің жанғаны шығар қазір шәкірттері әр салада қызмет атқаруда, – деп еске алды жұбайы, батыр ана Бибіхан апай.

Әбдімәжит ағайдың сабаққа кіргенде алдымен оқушылармен амандасып, сосын шашын әдемілеп бір жағына қайырып қойып, журналды ашатыны менің де есімнен кетпейді. «Білім аламын» деген шәкіртке уақытын аямайтын. Қаншама оқушыны ҰБТ-ға дайындайды, «Жақсы баға алса, маған одан артығы қажет емес» деп отырушы еді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, ағайдың өзі болмаса да артында қалған ұрпағы оның есіміне дақ түсірмеуде. Әрқайсысы түрлі саланың майталман мамандары. Бүгінде келіні де мектепте физика пәнінен сабақ береді. Берген білімі мен атқарған жұмысы барлық шәкірттерінің есінде екені сөзсіз. Себебі, ол шәкірт шамшырағын жаға білген ардақты ұстаздың бірі.

Айдана ҚАЛИЕВА
10 қараша 2020 ж. 1 078 0