Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақжармалық Айжанның дәмді торттары-ай

Ақжармалық Айжанның дәмді торттары-ай

Ақжармалық Айжан Сүлейменова дәмі тіл үйіретін торттарды пісіре бастағанына 3-4 жыл болды. Әдепкіде қызығушылықпен үйінен самса, пицца, кондитер өнімдерін пісіріп бастаған келіншек аз уақыт ішінде оны кәсіп көзіне айналдырды. Қолынан келетін іспен айналысып, тұрғындардың сұранысына сай түрлі тәттілерді дайындайтын кейіпкеріміз көз жауын алатын торттарды пісіреді.

Замандасымыз Айжан жас кәсіп­кер ретінде кәсіпкерлерді қолдау бағдар­ламасына бірнеше рет қатысқанымен, қорғаған жобасы комиссиядан өтпей қалған. Сонда да сағы сынбаған келіншек өткен жылы «Бастау Бизнес» курсын оқып, сертификат алып, жобасын бұл жолы сәтті қорғап шығады. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кондитер кәсіпкер атанып, кондитер өнімін дайындауға кіріседі. Жас кәсіпкердің бастамасы осы күні өз табысын бере бастады. Күн сайын тапсырыс саны да артып, оны уақытылы пісіріп үлгеру үшін есік алдынан шағын кондитер цехын да ашып алады. Негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болғанымен мамандығы бойынша жұмыс табылмайды. Ауыл мектебінде орын болмағандықтан қаладағы мектепте жұмыс істеп, еңбек жолын бастайды. Тұрмыс құрғаннан кейін кішкентайлары дүниеге келіп, декреттік демалыстан соң қалаға қатынап жұмыс істеуді біржолата қояды.

– Әрбір декреттік демалыста отырған келіншекке жақсы таныс жағдай деп ойлаймын. Үйде баламен отырғандықтан бос уақытымда сүйікті ісіммен айналыса бастадым. Пісірген кондитер өнімдеріме тапсырыс түсе бастады. Өзімді дамыту мақсатында түрлі шеберлік сыныптарға қатыстым. Үйрене келе дәмді торттың бірнеше түрін пісіре бастадым. Тәттіле­рім өзіме ұнады, алғашқы тапсырыс берушілерім де дән риза болды. Қазір «Айжан» жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібіммен толық айналысуыма мүмкіндік алдым, – дейді бесаспап шебер.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз 1 380 000 теңге грант алған Айжан қаражатқа цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Арнайы үлкен пештен бастап, түрлі қалып­тар мен асхана жабдығын, дайын өнім қоятын үстел т.б. кәсіпкерге алаңсыз жұмыс істеуіне әрі табыс табуына үлкен көмек болды. Яғни грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкер ретінде өзінің бизнес-әлеуетін ашуына, өндірісті жолға қоюына және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүм­кіндік берді.

Ауыл тұрғындарын табиғи өнімдер­ден жасалатын торттардың сан алуан түрімен қуантып отырған Айжан күн сайын білімін де жетілдіріп отыруды мақсат етеді. Облыс орталығында өтетін кондитерлердің шеберлік сыныптарына қатысып, жаңашылдықты үйренуден жалық­пайды. Тұрақты тұтынушыларын да қалыптастырып үлгерген кондитер­дің шеберлігіне ризашылығын білдірген­дердің қарасы қалың. Бұл оның жұмысына серпін береді.

– Қазір дәмді торт алу үшін қалаға бармай­мыз. Өзіміздің ауылдан қолы шебер Айжанға тапсырыс береміз. Түрлі отбасылық мерекелік кештерге тортты керемет етіп дайындап береді. Торттан басқа қолынан келетін түрлі бәліш, самса, пиццаны да әзірлейді. Айжанның ізденімпаздығына, еңбексүйгіштігіне ри­за бо­ламыз. Кәсібін де дөңгелетіп, бала-шағасының да қамын жасап, үлгеріп отыр, – дейді тұрақты тұтынушысы Шара Сейтмаханова. Мұндай пікірді ауыл­дастары Ханым Нұрпейісқызы, Алма Балабайқызы да қуаттай түсті. Ауыл­дастары ауылдан шағын цехтың ашыл­ғанына қуанышты. Олар кез келген уақыт­та тапсырыс береді және торттың кере­мет болып шығатынына тәнті екенін де жасыр­майды.

– Барлық қыз-келіншектің қолынан келетін іс деп ойлаймын. Торт жасаудың ешқандай сыры жоқ. Үйренемін деуші­лер­ге бәрі әлеуметтік желіде дайын тұр. Ең бастысы ынта болу керек. Бастаған ісіңді шынайы көңілмен, ерекше махаббатпен жасасаң, одан асқан сұлулық болмайды. Тұтынушыларымды қуантып, ойларынан шығу үшін барымды салып пісірген тортқа қаншама адам қуанса, еңбегімнің қайтқаны. Ал бағасы онша қымбат емес, кез келген адамның қал­тасы көтеретіндей етіп сатамын. Негізінен тортты сәндеу үшін көп уақыт кетеді. Әрі оған пайдаланатын заттарды да сырттан әкелемін, – дейді торт пісіруші Айжан Асылханқызы.

Ауыл кондитері дайындаған торттың сан алуан түрін көріп, шын мәнінде таңданысымызды жасыра алмадық. Үлкен қалада дүкенде көретін торттың барлық түрін Айжан өз қолымен пісіріп дайындайды. Мұндай жетістікке жету көп уақытты, шыдамдылықты талап етеді әрі отбасының қолдауы аса қажет. Айжанға қолдау білдіріп, кәсібіне демеу болып отырған жұбайы Тимур мен 3 перзенті әрдайым жанынан табылады. Қара жұмыста шыңдалып, ауыл шаруа­шы­лығы саласында өзіндік орнын қалыптастырған жұбайы «Ақжарма және К» шаруа қожалығында механиза­тор болып еңбек етеді. Жас отбасыға шаруа­шылық басшысы 2019 жылы үй берген. Бүгінде Тимур мен Айжан өз жайларында өсіп-өніп, берекелі кәсіппен айналысып отырған жайы бар.

Ауылда отырып ғажайып торттар дайын­дайтын жас кәсіпкер алдағы уақыт­та кәсібін кеңейтіп, қасына көмекшілер алуды жоспарлап отыр. Ал Айжанға көмекші болуды, өздері де үйреніп, табыс табуды қалайтын қыз-келіншектер Ақжарма ауылында жеткілікті.

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 наурыз 2024 ж. 272 0