Зіннәттың дәмді торты-ай!
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға, жеке кәсіп ашуға 555 мың теңге қайтарымсыз грантты жас кәсіпкер жұмыспен қамту орталығына жүгініп алды.
Негізі мамандығы медицина қызметкері, дантист З.Маткаримова мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған соң, бала кезіндегі қызығушылығы кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысуды жөн көреді. Алдымен отбасына, туған-туысқандарына тәтті печеньелер мен тоқаштар пісіруден бастайды. Анасынан үйренген аспазшылық өнерін өз бетінше жетілдіріп, қолынан келетін іспен айналысуды жөн көреді. Мұндай қызығушылығы туралы білген таныстарының бірі Эльмира Шәкенқызы Зіннәтқа жұмыссыздарды қолдау бағдарламасына қатысу керектігін, қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, сүйікті ісін кәсіпке айналдыруға мүмкіндігі бар екенін айтады.
Қазір 29 жасар шебер өз кәсібін ашуға ұйытқы болған құрбысы Эльмираға алғысын айтуда. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамту орталығының мамандары Әбдіманап Батталовтың, Айнаш Байымбетованың бағыт-бағдары бойынша арнайы курстан өтіп, кондитер болып маманданды.
«Сейфти Консалтинг сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3 ай курстан өткен жас кондитер 3 разрядты маман атанды. Облыс орталығындағы шағын кондитер цехында тәжірибеден өтіп, кондитер маманының қыр-сырын үйренді.
– Теориялық білімімді жетілдіріп, қаладағы кондитер цехында тәжірибеден өттім. Шебер кондитерлердің арқасында дәмді тортты қалай пісіруді, қажетті заттарды дұрыс өлшеуді үйрендім. Сонан соң өзімнің сүйікті ісіммен толық айналысу үшін бизнес-жоспар дайындадым. Құжатты әзірлеуге «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандары көмектесті. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары қолдау білдіріп, бағдарламаның қатысушысы атандым. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз кәсібімді бастауға мүмкіндік алдым, – дейді дәмді торт пісірудің шебері З.Жеңісқызы.
Өткен жылдың мамыр айында бизнес-жоспарын қорғап, көп ұзамай 555 мың 600 теңге грантқа қол жеткізді. Қаржыға «DAUSCHER» атты үлкен газ-плита, асханалық комбайн, түрлі кондитер өнімдерін пісіретін құралдар, нан пісіретін пеш – автоматты наубайхана сатып алған. Қазір Зіннәттың тұрақты тұтынушылары бар. Ол дәмі тіл үйіретін торттың бірнеше түрін пісереді. «Вупи-пай», «Красный бархат», «Молочная девочка», «Сникерс торт», капкейктер, бисквитті торттар мен шоколадты әріптер жасайды. Көпшіліктің тапсырысы бойынша етті рулет пен бауыр пирогын да әзірлеп те береді.
Зіннәт кенттегі Күдебаевтар әулетінің келіні. Атасы марқұм Рақым Күдебаев ауданның құқық қорқау саласында қызмет еткен азамат. Енесі Сәуле Күдебаева наубайханада, кондитерлік цехта ұзақ жыл еңбек еткен жоғары білімді инженер-технолог. Зіннәт жұбайы Ерланмен аналарының қолында тұрады. Жас отбасы 3 бала тәрбиелеп отыр. Енесі мен жұбайы қолдары қалт етсе, Зіннатттың кәсібіне қолдау білдіріп отырады.
– Тәтті, дәмді торт пісіруге біраз уақыт кетеді. Торт асығыс, жылдам жасай салатын тағам емес. Балаларымыз әлі жас болғандықтан, олардың күтіміне де үлгеруің керек. Тапсырыс болған кезде уақыттың қалай зымырап кеткенін де білмей қаламын. Енем, күйеуім бір жағымды алып, қолдау білдіргеннің арқасында сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндігім бар. Арасында түрлі байқауларға қатысуға да шақырып жатады. Жақсыдан, жаңалықтан қалыс қалғың келмейді, – дейді сүйікті жар, аяулы ана Зіннәт.
Жақында шебер кондитер З.Маткаримова Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының ұсынысымен облыстық стартап жобалар байқауына қатысты. Өз өнімін ұсынып, қазылар алқасынан жақсы баға алған жобасы жүлдеге қол жеткізді. Енді алдағы уақытта аудандық жастар ресурстық орталығының ұсынысымен қыз-келіншектерге, торт пісіруді үйренемін деушілерге шебер сыныбын өткізуді жоспарлап отыр.
Жұмыссыз жастардың құлшынысын оятып, белгілі мамандыққа қайта даярлап, кәсіпкерліктің негіздерін оқуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін дәлелдеуде. Тегін білім алып, жеке кәсіп ашып, табысқа кенелудің алғашқы қадамын жасаған жас кондитердің кәсібіне береке берсін деп тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ