Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұранысқа сай кәсіп

Сұранысқа сай кәсіп

Аманкелділік Құралай Бәкірованың торт пісіру кәсібін бастағанына екі-үш жыл болды. Жас келіншек ауыл тұрғындарының тапсырысы негізінде түрлі тәттілер пісіріп, көпті қуантып жүр. Кішкентайларымен үйде оты­рып сүйікті ісімен айналысып отырған ерлі-зайыпты Төребек пен Құралайдың ауылда «Қыпшақ» атты азық-түлік дүкені де жұмыс істейді.

Жақында ауданнан шалғайда жат­қан ауылдан жақсы хабар жетті. Жас кәсіпкерлер отбасылық бизнесін ке­ңейтті. Олар ауыл орталығынан «Құ­ра­лай» кондитер орталығын ашып, кә­сіптерін дамытуға белсене кірісті.

– Ауыл орталығынан өз қолымнан шыққан тәтті торттарды сататын дүкен ашу бұрыннан ойымда жүретін. Үйдің жанынан осыдан 5 жылдай бұрын ша­ғын азық-түлік дүкенін ашқанбыз. Екі қолға бір жұмыс дегендей, жұмыссыз отырмай, отбасымызбен кәсібімізді табыс көзіне айналдыруды, одан әрі ке­ңей­туді қолға алдық. Тұрғындардың ті­легі әрі ауылда дайын тәттілер сататын дүкен болмағандықтан, бұл ойды іске асыруға батыл кірістік. Әрине кіш­­кентайларымның күтімі бар, бірақ қасымда қолдаушыларым әрі қамқоршы қос анам, сіңілілерім Ақтеңге мен Дина­раның көмегімен бұл іске кірісіп кеттік. Енді ауыл тұрғындары алдын ала тапсырыс бермей-ақ күнделікті дүкеннен тәтті дайын өнімдерді сатып алатын болады, – дейді жас кондитер Құралай Асылбекқызы.

Құралайдың айтуынша, бала кезінен дастархан мәзірін жасауды ұнатып, түрлі тәттілер пісіруге қызығушылық танытқан екен. Уақыт өте тұрмыс құ­рып, сүйікті ісімен айналысуға бел бу­ған. Алдымен шеберлердің онлайн ше­берлік сыныптарына қатысып үйрен­ген. Содан соң қажетті құрал-жабдық­тарын сайлап, кәсіби деңгейде шың­далу үшін Қызылорда қаласында «Тәтті қыз» кондитер орталығын ашқан Айдана Бақыттың шеберлік сыныбына қа­тысады. Сөйтіп сұранысы артқан әрі сәнге айналған торттың «Вупи-пай», «Қызыл бархат», «Сүтті қыз», «Наполеон» тағы басқа бірнеше түрін пісіруге кәсіби тұрғыда кіріседі. Сондай-ақ ол ше­берден басқа да дастархан сәнін кел­тіретін кондитерлік өнімдердің бірнеше түрін дайындауды үйренеді.

29 жастағы кәсіпкердің негізгі маман­дығы – банк ісі. Бірақ мамандығына сәй­кес жұмыс істемегендіктен кәсіптің жаңа түрін меңгеруге батыл кіріскен Құралай ізденуден, үйренуден жалық­пайды. Ол өздігінен торт пісіру айтар­лықтай нәтиже бермейтінін түсініп, онлайн шеберлік сыныптардан өтуді, үнемі тәжірибесін толықтырып отыруды мақсат етеді. Елімізге танымал тәт­тілердің шеберлері алматылық Индира Бауыржанқызы, Әсел Жұматайдың әлеуметтік желіге жүктеген шеберлік сыныптарына қатысып, торт пісірудің қыр-сырын одан әрі жетілдіруге уақы­тын арнайы бөледі.

– Менің тұтынушыларым – ауыл адамдары. Сұранысқа сай тапсырыстарды уақытылы орындап, тұрғындардың алғысын алғанымда төбем көкке жетеді. Адамдарға қуаныш сыйлау, ақ батасын алу – үлкен бақыт. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы арқылы қайтарымсыз не­сие алып, табысымызды арттырып, үлкен кондитер орталығын ашқым ке­леді. Ол үшін әрине, уақыт пен көп еңбек қажет, – дейді «Құралай» кондитер орталығының иесі Құралай Бәкі­рова.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға байланысты жұмыссыз азамат­тарға арналған түрлі бағдарламалар көп. Оларды кеңінен насихаттау, ауыл адамдарының кәсіп бастауға қолдау көрсету, білмегенін үйрету – ауылдық әкімдіктегі мамандарының міндеті.

– Ауыл орталығынан жаңадан кон­дитер орталығы ашылды. Ауыл тұр­ғындарының қуанышында шек жоқ. Тұрғындар алысқа бармай, алдын ала тапсырыс бермей-ақ дайын өнім­ді осы дүкеннен сатып алатын болады. Өз қаражаты есебінен, кәсіп тү­рін жандандырған жас кәсіпкердің қа­дамына сәттілік тілейміз. Жұмыссыз аза­маттардың кәсіпкерлікке келуіне, өз бизнесі арқылы табыс табуына мүм­кіндік мол. Тек батыл қадам мен нақты шешім қажет, – дейді ауыл әкімі Мейрамбек Нұрғалиев.

Енді Аманкелді ауылының тұрғын­дары дәмі тіл үйі­ретін тәтті іздесе, «Құралай» кондитер орталығына баратын болады. Мұнда күн сайын дәмді торттың бірнеше түрі сатылады. Ал Құралайдың тәттілерінен бір рет дәм татқан адам оның тұрақты тұтынушысы болатынына сеніміміз мол. Себебі өз ісінің шебері әрбір өнімді ерекше ынтамен дайындайды.

Біз де өз тарапымыздан отбасылық бизнестің иелері Төребек пен Құралайға кәсіптеріне береке тілейміз

Бибісара ЖАНӘЛІ .
15 ақпан 2022 ж. 812 0