Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәтті бизнес иесі

Тәтті бизнес иесі

Кент орталығындағы "Айсәуле" тәттілер орталығының ашылғанына тура бір жыл болды. Жас кәсіпкер Айсәуле Үббіхожаева тәттілердің көптеген түрін шығарып, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қолынан іс келетін, тәуекелге барып, өз бизнесін бірнеше жыл бұрын бастап кеткен Айсәуле Бейсенбекқызы жас кәсіпкерлердің қатарында. Ол кент орталығындағы Аманкелді көшесінің бойынан шағын дүкенді жалға алып, тәттілердің сан түрін шығарып отыр. Айсәуле Бейсенбекқызы өзін ғана емес бірнеше қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Осылайша Айсәуле аудандағы жұмыссыздықты жоюға атсалысып отырса, осынша отбасына кіріс көзі кіруде. Жалпы шағын бизнес иесі әлі де қолы бос қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдауға әзір екенін айтады.

Ізденімпаз кәсіпкер кәсібін кеңейту мақсатында "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы" аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін берілетін мемлекеттік грантты жеңіп алып, қыркүйек айында бизнесін жандандыруға мүмкіндік алды.

Айту керек, биылғы жылы ауданнан 300 адам аталған гранттың жеңімпазы ретінде 1 225200 теңге қаржымен бизнес жобасы негізінде кәсібін бастап кетті.

– Негізгі мамандығым мұғалім. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетті бітіргеніме, биология пәнінің мұғалімі мамандығын алғаныма 10 жылдай уақыт болды. Мамандығыммен жұмыс табылмаған соң өзімнің сүйікті ісімді қолға алдым. Қыз бала болған соң жұмсақ, әрі дәмді торт, пирогты пісіруге әуес болдым. Үйде бос отырғаннан қолымнан келетін іспен айналысуды жөн көрдім. Әрине, ол үшін ата-енеме рақмет. Сол кісілердің қолдауының арқасында үйден тапсырыс қабылдап, құдайы-тойларға тәттілер пісіре бастадым. Уақыт өте келе сұраныс та артты. Кәсібімді кеңейту үшін кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасына жүгіндім. "Айсәуле" жеке кәсіп иесі ретінде кент орталығынан жалға шағын ғимараттың үш бөлмесін алдым. Қазір осында қасымдағы үш көмекшіммен түрлі тәттілер дайындаймыз, – дейді жас кәсіпкер Айсәуле.

Торттың, пирогтың 10 шақты түрін, самса, бәліш тағы басқа өнімді дәмді, әрі сапалы етіп пісіретін кондитер дайын өнімдерді күнделікті сатылымға шығарады. Сонымен қатар көп мөлшерде тапсырыс қабылдап, қолжетімді бағада тұтынушыға жеткізіп береді.

Қазір кент көлемінде кондитер өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлердің қатары баршылық. Әркімнің талғамына сай тапсырыс бере алатын тұрғындар арасында Айсәуленің тұрақты тұтынушылары да бар. Олар дәмі тіл үйірер дәмді торттың бағасы да қалтаға салмақ түсірмейтінін айтады.

– Кент орталығынан шағын дүкеннен кез келген уақытта түрлі тәттілерді сатып аламыз. Ашылғанына тура бір жыл болды. Қазір тұрақты тұтынушыға айналдық. Кондитер өнімдерімен қатар, ұннан жасалатын барлық тоқаштың түрін де дайындап береді. Қазір қонақ күтетін болсақ, тәттілерді пісіріп әуре болмаймыз. Айсәулеге тапсырыс беріп, тез, әрі сапалы дәмдерді сатып аламыз. Кәсіптің түрін меңгерген ізденімпаз келіншекке айтар алғысымыз мол, – дейді кент тұрғыны Жамал Адаманова.

Айсәуле Шіркейлі ауылының тумасы. Алдында екі ағасы бар. Тереңөзектік азамат Асылхан Пірназаровқа тұрмысқа шығып, 3 қызды дүниеге әкелді. Шаңырағының жалғыз келіні. Қайынсіңлісінің сүйікті жеңгесі. Қыз балаға тән дастархан мәзірі мен ас дайындаудың шебері атанған бесапап келінге атасы мен енесі қай кезде де қолдау білдіріп отырады.

Аудандағы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен байланыс үзілмеген. Кәсіпкерге бағыт-бағдар беріп, бизнестің әліппесін үйрететін мамандар Айсәулеге түрлі көрмеге қатысуға ұсыныс білдіреді. Осындайды қалт жібермейтін кәсіпкер болатын іс-шараға тыңғылықты дайындалады. Елгезек, әрі ізденімпаз келіншек биыл Қызылорда қаласында өткен "Қазақстанның үздік тауары – 2022" өңірлік көрме-байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін Алғысқа ие болды.

– Облыс әкімінің қатысуымен өткен көрмеге өнімдерімді апарып, әріптестеріммен тәжірибе алмастым. Облыстағы азулы кәсіп иелерінің жұмысын көріп, алдағы уақытта өз кәсібімді кеңейтуді жоспарладым. Қайтарымсыз грантты алғаныма көп уақыт болған жоқ. Кондитерге қажетті құрал-жабдықтарды жаңаладым. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, жұмыс істеймін деген қыз-келіншектерді жұмысқа қабылдаймын. Жалпы сұраныс бар жерде, табыс та болады. Арнайы оқып алған сертификаттың негізінде кәіби шебер атандым. Қазір білгенімді көмекшілеріме үйретуден жалықпаймын, – дейді жас кәсіпкер.

Бизнесін табыс көзіне айналдырған Айсәуленің кәсібі берекелі болсын деген тілек білдіреміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
13 желтоқсан 2022 ж. 429 0