Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Математиканың «майын» ішкен

Математиканың «майын» ішкен

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, бала оқытудың бағбаны болған Сәлима Әлібаева – 40 жыл еңбек еткен ардагер-ұстаз. Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейде сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеген ардақты жан бүгінде сол елеулі еңбегінің зейнетін көріп отыр.

Сәлима Аққайырқызы – Тереңөзектің тумасы. Әкесі Аққайыр Қоржынбаев бі­лікті математик болған. Майданға қа­тысып, одан кейін оқушыларға есеп-қи­саптың қыр-сырын үйреткен. Анасы Бибажар Боранқұлова да ұстаздық қызметті атқарған. Міне, осындай ұстаздар әу­летінде бойжеткен С.Әлібаеваның да мұғалімдік мамандықты таңдауы заңды. Оның ішінде әкесі мен анасы секілді нақты ғылым саналатын математика пәнін таңдап, сол бойынша Алматы мем­лекеттік қыздар педагогикалық институтында жоғары білім алды.

Жас маман сол кездегі жолдамамен ау­дандағы үлкен ауыл саналатын Шаған елді мекеніндегі №37 мектепке барды. Ұстаздық қызметке кірісіп, балаларға есеп шығарудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Білікті ұстаздардан тәжірибе жинақтады. Жаңашылдықтарға бетбұрыс жасап, жо­ғары санатты ұстаз атанды.
Білікті маман нақты ғылым сала­сын­дағы жаңашылдықтарға өзіндік пікір айтудан тайсалған емес. Республикалық, облыстық, аудандық семинарлар мен жиындарда баяндамалар жасап, бі­лік­тілігін арттырып, балаларға ғылымды меңгерту тәсілдеріне қатысты ойларын ортаға салған. Атап айтқанда, об­­лыстық семинарларда «Модульдік ин­­те­рактивтік оқыту технологиясы оқу-тәр­бие процесінде», «12 жыл­дық бі­лім беру жағдайында тұлғаға бағыт­талған оқыту бейімдік білім беруді ұйым­дастыру негізі», «Білім беру жүйе­сін­дегі қазіргі ұстанымдар мен технология­лар» және ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы қа­зақ білім академиясында «Мектептегі бағдарлы оқыту: оқу жоспарының вариа­тивті компонентінің білім мазмұны» тақы­рып­тарында өзінің көзқарасын таныта білген. Осындай еңбегінің нәтижесінде С.Әлібаева 2001 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы ұлттық бірің­ғай тестілеуді өткізудің ап­пелияциялық комиссиясының мүше­сі болған. Ал 2013 жылдан бас­тап Қызылорда облы­сының білім сала­сындағы бақылау депар­та­ментінің мем­лекеттік аттестаттаудан өт­кізу және аттестаттау комисиясының мү­ше­лігінде.

Білікті ұстаз мектеп қабырғасында оқу­шылардың жан-жақты білім алуы­­­на еңбек еткен. Білімге баулыған шә­кірттерінің арасынан ұстаз мерейін асы­рып, «Алтын белгіні» қорғағандар қа­тары көп.

– Білім ошағында балаларға есепке жүйрік болу керектігін әркез айтып жүрдім. Адам есепке жүйрік болса, бо­лашағын бағамдай алады. Міне сондай дарынды оқушылардың арасынан ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары жетістікке жеткен шәкірттерім көп. 2005-2006 оқу жылында 8, 2007-2008 оқу жылында 10, 2009-2010 оқу жылында 6 оқушым математика пәнінен «Алтын белігіні» қорғап шықты. 2010-2011 оқу жылында А.Пайзуллаев математика пәнінен 25 сұрақтан 24 ұпай, Д.Нұрлан 23 ұпай жинады. Ал 2014-2015 оқу жылында биікті бағындырған Әлия Тұрмағанбетова мен Ұлықбек Исабекұлы математика пәнінен 22 ұпайдан жинап, «Алтын белгі» ие­гері атанды. Шәкірттерің үмітіңді ақ­тап, зор жетістікке жетсе, ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді Сәлима Аққайырқызы.

Қырық жылғы қажырлы еңбегінде мерейлі мұғалім көптеген құрметке бө­ленген. Еселі еңбегі үшін 2012 жы­лы облыс әкімінің қолынан «Үздік мұ­ғалім-2012» номинациясымен марапатталып, 150000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болған. Ал 2013 жылы облыс әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне та­ғайындаған 1 млн теңге сыйақысын аудан бойынша шағандық ұстаз алған. Математика пәні бойынша облысқа бел­гілі ұстаз «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Осы салада ерінбей еңбек ете жүріп мерейлі мұғалімнің «Математика пәні бойынша олимпиадаға дайындау жолдары» атты кітабы жарыққа шыққан. Сонымен қатар тәжірибелі ұстаздың өмір жолы мен жетістіктері «Алтын орда» жинағына енген.

Мектепте өзгенің уақытын аялаған аяулы жан отбасындағы міндетін де еш ұмытпаған. Өмірлік серігі болған Мұ­ратхан Қапаевпен бір ұл, екі қызды тәрбиелеп, өсірді. Ұлы Мейірбек – бүгінде аудан орталығындағы «КМФ» банкі филиалында бөлім басшысы. Ал қызы Шынар – жоғары санатты терапевт-дәрігер, бөлімше меңгерушісі. Екінші қызы Ләззат ұстаздық жолды таңдап, педагогика ғы­лымдарының кандидаты ғылыми дәре­же­сін иеленген.

Ардагер-ұстаз болса да С.Әлібаева мектептен қол үзген емес. Ауылдағы қо­ғамдық іс-шаралардың, мектептегі тағы­лымды кештердің төрінен табылып, әлі де білгенін үйретуден жалыққан емес. Сол үшін де ұлағатты ұстазды жұртшылық құрметтейді, үлгі тұтады.




Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
17 мамыр 2022 ж. 430 0