Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласының білгірі

Білім саласының білгірі

Тәлім мен тағылымды шәкірт санасына дарыта білген ұлағатты ұстаздар арамызда жеткілікті. Ағартушылық саланың сан қиындығына төтеп берген педагогтың қоғам алдыНдағы мәртебесі жоғары. Халық баласына хат танытқан ұлы мамандықтың иесі – Сара Баджанова білім мен тәрбиенің ажырамас егіз ұғым екенін жақсы біледі. Осыған дейін жас ұрпақтың болашағына бей-жай қарамаған ұлағатты ұстазбен жақында дидарласу сәті түскен болатын. Сәт сайын өзгеріске түскен адам өміріндегі жол бастаушы ілімнің білгірі әңгіме барысында келелі ойдың түйінін тарқатты.

Талай шәкірттің жүрегінен орын алған Сара Баджанованың туған жері – Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы. Кейіннен Сыр өңіріне көшіп келген оның әкесі Әнесбай қызмет бабымен осында тұрақтап қалады. Ол Қызылорда қа­ла­сындағы №171 Ғ.Мұратбаев атын­дағы орта мектептен 10 жылдық бі­лім алғаннан кейін, әсем қала Алматыдағы Абай атындағы пе­дагогикалық институтына орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі. Ұстаздық еңбек жолында Сыр шаһарындағы бірнеше білім ордасында еңбек етеді. Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутының кітапханасында бір жарым жыл қызмет етіп, жас маман ретінде тәжірибе жинақтайды. Осыдан 37 жыл бұрын ғасырлық белесті бағындырған №35 И.Тоқтыбаев атын­дағы мектеп-лицейге орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

– Мектеп қабырғасында орыс тілін оқыту ана тілімізбен қатар жүреді. Аудандағы қарашаңырақ білім ұясына келгенімде сол кездегі мектеп директоры Ажар Әзқожаева күтіп алды. Отбасымда жалғыз қыз болғаннан кейін ата-анам көз алдарында болғанымды қалады. Себе­бі, өзімнен кейінгі інім Иранбек жас кезінде бақилыққа аттанған еді. Артында 4 перзенті мен зайыбы қалған болатын. Осылайша, кіл мықты ұстаздардың ұстаханасына келіп, мол тәжірибе жинақтадым. Мұғалімнің бар мақсаты – ағартушылық салада үнемі ізденісте болып, халық баласына саналы білім мен тәрбие беру, – дейді ұлағатты ұстаз.

Сара апайдың анасы Үрімша өткен ғасырдың белесінде облысқа белгілі тігінші болған. Тәжірибелі тігінші зейнет демалысына шыққан кезде мықты маман ретінде жоғары бағаланып, пәтер кілтіне ие болады. Біз ардақты жанмен сұхбаттасуға үйіне барғанымызда немересі Жі­бекпен бірге тоқыма тоқып отыр екен. Анасынан дарыған қасиетті әлі күнге жалғастырып келе жатқан ұстаз қыздарына да үйреткен.

Ардақты ұстаз С.Баджанова тереңөзектік азамат Жарқынбек Баджановпен осыдан 38 жыл бұрын отбасын құрады. Көп балалы шаңыраққа бесінші келін болып түскен Сара апай екінші анасы Мәриядан өмірлік сабақ ала білді.

– Бала кезімнен үлгі тұтатын жанымда жанашыр жандар болды. Бұл ретте айта кетерлігі, нағашыларым Нұртаза мен Қожақ Есболсыновтар өмірде ақылшы жандарға айналды. Ал ұстаздық қызметте зор жетістікке жетуіме отбасымның қосқан үлесі зор. Оның ішінде ата-анам берген тәлім-тәрбие өмірлік жолымда көмекші құралға айналды. Отағасы талай мемлекеттік қызметпен қатар, басқа да салада ел игілігі жолында бар қажыр-қайратын жұмсаған азамат. Жәкең екеуміздің төрт перзентіміз есейіп, ел қатарлы еңбек етуде. Үлкен ұлым Мақсат аудан әкімдігінде, екінші ұл Рүстем – облыстық кірістер департаментінде бас маман болып қызмет атқарады. Ал қыздарым Жұлдыз мен Ақтолқынды кішкентайынан музыка саласына баулыдық. Екеуі де Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын үздік бітірді. Бүгінде олар өнер жолына түсіп, кәсіби тұрғыдан шыңдалу үстінде, – дейді аяулы ана.

«Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» деген сөзді қашанда жадында ұстайтын Сара апай өзі білім берген шәкірттерінің жетістігі мен таудай талабына қуанып отырады. Ұлағат ұясынан қанат қаққан әрбір түлектің жасаған еңбегімен мақтанады. Отбасы мен мектептің жұмысын қатар алып жүрген сол кездегі естеліктерді еске түсірген Сара апай:

– Әр жылдары жаңартылған жүйеге сай білім мазмұнын байыта білдік. Қызмет жолымда тек шыншылдық пен әділдікті ту еттім. Өскелең ұрпақ алдындағы ұстаздық мәртебемізге дақ түсірмеу асқан жауапкершілік саналады. Сондықтан баланың деңгейін саралап, соған орай білімін жітілдіруге күш салған болатынбыз. Сенен білім алған әрбір шәкіртті «кім оқытқан» деген көпшілік арасында заңды сұрақ туындайды. Мұндай сәтте тәжірибелі ұстаздың білімі сараланады. «Отқа салып ерітсең де, алтын сірә жез болмас» деген қазақта қастерлі сөз бар. Асылында, баламен жұмыс жасауда біліммен қатар, тәрбиенің маңызы зор екенін ұмытпаған жөн, – дейді білікті педагог.

Сара Әнесбайқызы №35 И.Тоқты­баев атындағы мектеп-лицейден 2014 жылы зейнет демалысына шықты. Бір-екі жыл көлемінде мемлекеттік қыз­меткерлерге ресми тілді меңгеру бойынша дәріс береді. Ұзақ жыл ұстаздық жұмыс жасаған Сара апай­дың еңбегін әріптестері жоғары баға­лайды.

– Әркез баланың өз тілімен сөй­лесіп, жан дүниесін оқи білетін ұла­ғат­ты ұстазбен біршама уақыт қызмет атқардық. Барлығымыздың алдымызда үлкен жауапкершілік – өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату тұр­ды. Сыйластықты жоғары баға­лай­тын Са­ра апайдың адаммен тез тіл табыса алатын қасиеті жастарға үлгі болатын. Барлық жағынан жан-жақты өзін дамыта білген әріптес мерейі біз үшін асқақ. Өмірден түйгені мен білгені көп, жастарға берері мол. Мейірімді, ақылды, сабырлы қал­пынан таймаған Сара апайдың өзіндік болмысына тән сәні де жарасым тапқандығын жақсы білеміз, – дейді әріптесі Айнұр Көшенова.

Отыз жылдан аса уақытта орыс тілінің білгірі атанған ардақты ұстаз жасаған еңбегіне орай уақытында көпшіліктің зор алғысына бөленді. Қай кезде де отбасының ұйытқысына айналған ардақты ұстаз жас ұрпақтың келешегі кемел боларына сенеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

19 қаңтар 2021 ж. 635 0