Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Ұстазды алтын діңгекке балар едім» деп айтқанындай, ұстаздық қызмет – әлемдегі ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалімдік қызмет сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт.

Бүгінгі күні білім берудің озық үлгісін көрсетіп отырған өз ісінің тәжірибелі мамандары баршылық. Солардың қатарын­да білім саласының барлық сатыларынан өткен, жоғары білімді, тәжірибелі мұғалім, ұстаздардың ұстазы Светлана Құрамысова да бар. Ардақты жан 37 жылдан бері аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық етеді. Ұстаздық өмірлік мамандығына айналған осынау жылдар ішінде талай шәкіртін білімге бау­­лып, география мен биология пәнінен дәріс береді. Мұғалімдер әулетінен шыққан ұлағатты ұстаздың өмірдерегінде әкесінің бауырлары мен туыстары білім мен ғылымды игерген ұстаздар болса, бір отбасының бірнеше перзенті осы жолды таңдап, алды зейнеткерлікке шыққан асыл жандар.

– Осыдан 60 жыл бұрын Қараөзек кеңшарында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Ашан өмір бойы жүргізуші болса, анам Мейрамкүл ветеринарлы дәріханада жұмыс істеді. Өмірге 7 қыз бен 1 ұлды әкелген ата-анамыз балаларының барлығына жақсы тәрбие беріп, оқытты. Қазір біріміз мұғалім болсақ, арамызда мәдениет саласына, қаржы саласына және кәсіпкерікке ден қойғандары да бар. Әкемнің бауырларының барлығы мұғалім болғандықтан, мектеп бітірген соң мен де мұғалім болуды қаладым. Арман қуып Алматы шаһарына оқуға түсуге бардым. Жолым болып, Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолым Сырдария ауданындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектептен басталып, қазіргі күнге дейін жалғасып келеді, – дейді саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Светлана Ашанқызы.

Бір мектепте табан аудармастан 37 жылдан бері еңбек ететін ұстаз мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, сүйікті ісімен айналысып, бақытын ұстаздықтан тапқан жан. Жүрегі мейірімге, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікке толы ұстаз жайлы оның әріптестері де жылы лебіз білдіреді.

– Светлана Ашанызымен көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп келемін. Светлана ұстаздардың ұстазы. Қазір еліміздің әр түкпірінде ұстаздың шәкірттері – Айгүл Рысқұлова, Гүлнұр Қыпшақбаева, Жандос Әбілпаттаев мұғалімдік қызметті, нақты айтқанда география-биология пәнінен сабақ беретін ұстаздар қатырында екенін мақтанышпен айта аламыз. Тәжірибелі ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау, марапат, алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұратын Светлана Ашанқызының шәкірттері олимпиада, конкурстарда аудан, облыс, республика көлемінде жүлделі орындарды иеленіп жүр, – дейді әріптесі Ажар Әбдіреева.

Өмірде тындырған әр ісің нәтиже берсе, бұл да өмірдің сыйы емес пе?! Ұстаз мерейін асырып, шәкірттері география-биология пәндері бойынша білім бәйгесінен оза шапқандар М.Әмірбек, М.Астрахан, А.Бердібекова, Б.Болатова, Н.Құтымова республикалық олимпиаданың II кезеңінде жүлделі ІІ орынды алды. Сонымен қатар облыстық, республикалық интеллектуалдық білім сайысында Н.Әбіласан І орын, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің ұйымдастыруымен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысында Ж.Әшімова ІІ орын, М.Астрахан І орын, республикалық ғылыми жобаның ІІІ кезеңінде Ә.Абдуллаева І орын, Ә.Дәуітбаева ІІІ орындарды иеленді. Республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында Ғ.Абаев, М.Ақбергенова, А.Серік, М.Камаладин, И.Көшербай, А.Айтбай­қызы, А.Шерімқожа, А.Асанов, З.Нәжіматова, Ә.Кенжебекова, Ш.Бақыт­бергенов І және ІІ дәрежелі дип­лом­дармен марапатталды.

Оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра білген тәжірибесі мол ұстаз Светлана Құрамысова 2004 жылы Астана қаласында өткен білім және ғылым қызметкелерінің III сьезінің делегаты болды. «Үздік авторлық оқу әдістемелік кешендер және элективті курстар» байқауында 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. С.Құрамысова 10 сыныпқа арналған авторлық бағдарлама «География әлемінде», «География және биология пәндерінен дидактикалық тапсырмалар» жинағының авторы. Мұның барлығы ұзақ жылғы ізденістің керемет жемісі.

Тәжірибесі мол ұстаз әр жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысының сапалы білім нәтижесі үшін аудандық білім бөлімі басшысының, аудан әкімінің Алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

Светлана Ашанқызы ұлағатты ұстаз болумен қатар отбасында ақ жаулықты ана, сүйікті әже. Тереңөзектік Әбдіомаровтар әулетінің үлкен келіні. Өзі де көпбалалы ана атанып, жұбайы Өтепберген Әбдіомаровпен бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді.

Ұстаздар мерекесі қарсаңында ардақты ұстазды төл мерекесімен құттықтап, отбасына амандық, зор денсаулық тілейміз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
03 қазан 2023 ж. 435 0