Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маманның орны төрде болуы тиіс

Маманның орны төрде болуы тиіс

Кезінде совхоздар тікелей үкіметке бағынып, жоспарлы жұмыс істеді. Қажетті мамандарды мемлекет жолдамамен ауылдарға бөліп, жақсы тәжірибе жинақтағанын аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы, аудандық партия комитеті арқылы қызметін жоғарылатып отырды. Ел басқарған ағаларымыздың барлығы да осындай баспалдақтардан өткен. Шаруашылықта туындаған мәселелерді мамандар шешетін. Қазақта «Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан шу ереді» деп мамандарға бағаны бекер бермеген.

Қазір ауылдардағы кейбір өндіріс серіктестіктерінде «жоспарсыз жұмыспен қатар жемқорлық, сыбайластық» үстемдігін жасап тұр. Ащы болса да шындық. Білімді таза мамандар оларға «тиімсіз» болып қалды. Оны не жасыратыны бар, берекесі кеткен шаруашылықтардан көріп отырмыз. Маманын оқытып, оған жағдай жасап, ең бастысы, оның білімін басшылыққа алып отырған шаруалардың жағдайы күннен-күнге күш алып, жұмысы алға басып келеді. Оны алысқа бармай-ақ «Мағжан және К» тәжірибесінен-ақ байқауға болады.


Ілгеріде ҚазССР-ның 50 жылдығы совхозы, қазіргі Нағи Ілиясов ауылында бас инженер гидротехник қызметінде жүргенімде шаруашылық бір қиын жағдайға тап болды. Күрішімізді суға бастырып болып, маусым айының басында совхоздың басқа да қыруар шаруаларына бет бұрып жатқанбыз. Досжанов Мақсұт басқаратын бригададағы 100 гектар күріш өнбей, борсып кетіпті. Ол жерге Күріш институтының ғалымдары дайындаған ерте пісетін тұқым себілген болатын. Күріш тәжірибеден өткен. Шаруашылыққа берген құжаттары түгел. Құрылған комиссия тоқтан өткізіліп себілген күріштің тұқымы күйіп кеткенін анықтады. Ғалымдар кінәлі болып, жұмсалған қыруар қаржы өндірілетін болды. Ол кезде мемлекеттік тапсырма бар. Бәрі бір өнім сұралады. Шаруашылық басшысы Қожахмет Молдахметов ауыл халқын клубқа жинап, мәселені ортаға салды. Институттың екі ғалымының төбесінен жай түскендей болды. Екеуі де этаж үйде тұрады, басқа дүниесі жоқ, шиеттей бала-шаға. Олай тартсаң да, бұлай тартсаң да ғалымдар күйіп кетейін деп тұр. Жауапкершілікті аудан, ауыл басшылары түгел көтеретін кез. Біраз адам жауап беруі мүмкін. Осындай қиын кезде шаруашылықтың бас агрономы Байлы Есмағанбетов ортаға өз ұсынысын жасады. «Біздің үш-төрт күн ғана уақытымыз бар. Маусым айының 10-ына дейін ғана күрішті егіп, суға бастыра алсақ толық дәнді егін болады. Кешіксек піспей қалады. Сондықтан мен «Аэросев» жасауды ұсынамын» деді.

Аспаннан ұшақпен күріш себуді кім көріпті. Басқа жол болмаған соң, маманның ұсынысын ауыл тұрғындары түгел мақұлдады. Білдей екі ғалым азаматты ауыл болып соттатып отыра ма? Ол кезде жасыратын несі бар, егінді жоспардан артық егетінбіз. Шешім қабылданып, Байлы бізге тапсырмасын беріп, өзі қалаға әуежайға күріш себетін ұшақ дайындауға кетті. Бүкіл маман күріштің суын қашырып жерді дайындады. 90 күнде жетілетін «Кубань» тұқымын тауып оны кенеп қапқа салып, күні-түні суда ұстап өндірдік. Үш күнде күрішіміз бүршіктеп себуге дайын болды. Ендігі жұмысымыз – ұшақтың келуін күту.


Ол кезде қазіргідей байланыс жоқ. Күн ыстық. Совхоздың қарулы деген азаматтарын жинап, ұшаққа күріш тиеуге ауылдың іргесіндегі «Жыңғылды көл» табанындағы аэропортта күтудеміз. Директорымыз Қожекең қолы ашық, аңқылдаған жақсы адам еді. Асаршыларға мал сойып, «сары сиыр» аталатын сыраның бөшкесіне дейін әкеп қойды. Төртінші күні түске таман «кукурузник» деп аталатын ұшағымыз да көктен көрінді-ау. Ерлік жасап ұшақтан түскен агрономымызды құшақтап қарсы алудамыз. Дереу ұшақты тоқтатпай жабылып тұқымымызды тиеп, екі-үш сағатта күрішті сеуіп тастадық. Өнген күріш салмақты болып батпаққа кіріп кетеді екен. Байлының кешіккені – тыңайтқыш себетін қондырғыны күрішке ауыстыру оңай шаруа болмапты.

Сол жылы ұшақпен егілген күріш гектарына 55 центнерден өнім берді. Дихан Қойшыбаев Алмас ағамыздың еңбегі зор еді. Байлы ағамыздың білімділігінің арқасында туындаған мәселе білінбей кетті.


Жыл қорытындысында Күріш институтының ғалымдары ауылға келіп бас агроном Байлы, звено жетекшісі Алмас ағаларға шапан жауып, сый-құрмет жасағаны есімде. Олай болмағанда арты қайырлы болар ма еді, кім білсін?! Өндіріс болған соң түрлі жағдайлар күнара туындап жатады. Сол өндірістің басында ары таза, ауылым деп жүрегі соғатын сауатты тәжірибелі маман тұру керек. Мамандар дән өндірумен бірге жердің құнарлығын, судың жолын ашып бақылауда ұстап отырады. Дұрыс мамандар жүрген жерде елдің ырысы да, дәулеті де мол болады.

Марат ОМАРОВ,
Тереңөзек кенті
20 ақпан 2024 ж. 220 0