Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Автокөлік пен жұмсақ жиһаз тысқабымен көрікті

Автокөлік пен жұмсақ жиһаз тысқабымен көрікті

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен бағдарлама игілігін көрушілердің бірі – тереңөзектік Мағжан Мүзарабов. Жас кәсіпкер мем­лекеттік бағдарлама арқылы өткен жылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізді. сол арқылы бүгінде өз кәсібін бастап, игілігін көріп отыр.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушы ретінде қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, жаңа бизнес идеясы арқылы кәсіпкерлікті бастауға мүмкіндік алды. Жас кәсіп иесі Мағжан Мүзарабұлы бизнес-жоспарын автокөлік орындықтарына, жұмсақ жиһаздарға тысқап тігуге негіздеді. Тұтынушылардың сұранысына сәйкес, ол ең алдымен соңғы үлгідегі автокөлік тысқабын тігу туралы ойлады. Өз ойын іске асыру үшін мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға ізденіп, нәтижесінде, бағдарлама игілігін көрді.

– Негізгі мамандығым – ақпараттық жүйелер бағдарламашысы. Қазақ гу­ма­нитарлық заң және технология кол­леджінде оқып, мамандық алдым. Ма­мандығым бойынша аудандық тұр­ғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жастар тәжірибесінен өттім. Сонан соң аудандық «Қазпошта» филиалында оператор, ке­йін бақылау маманы болып бас-аяғы 5 жылдай қызмет еттім. Қысқартуға іліккен соң такси қызметімен айналыс­тым. Қазір технология дамыған заманда барлық іздегеніңді қолыңдағы телефоннан табуға болады. Әлеуметтік желіде қызығушылығыңды іске асыруға мүмкіндік мол. Бірде «Ютуб» желісі ар­қылы автокөліктерге қалай тысқап тігу керек екенін көріп, қызығушылығым оянды. Тәжірибелі мамандар ғаламтор арқылы барлығын бүге-шүгесіне дейін үйретіп тұр. Ешқандай қиындығы жоқ екен. Бастысы, қажетті құрал-жабдығың болса, керемет дүние тігуге болады. Ешқандай қаражатты қажет етпейтін тегін сабақ әлеуметтік желіде тұр. Содан кейін маған осындай тысқап тігумен неге айналыспасқа деген ой келді. Жұмыссыз ретінде тіркелгендіктен, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер туралы мамандардан кеңес алдым. Өзім қалаған кәсіп бойынша сертификат алу үшін 2 ай курстан өттім. Бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульдерді меңгеру қоры­тындысымен 3 разрядты тігінші деген куәлік алдым. Одан кейін бизнес-жоспар әзірлеп, оны қорғап, аз уақытта 555 мың теңге қаржы қайтарымсыз несие қолыма тиді. Осы қаржыға ең алдымен тігін машинасын алдым. «Джак Ф – 4» деп аталатын тігін машинкасымен қоса, жиектеп тігетін машина мен тағы қосымша бір тігін машинасын алдым. Арнайы 2 үстел мен үтікке де қол жеткіздім. Қазір бұл құрал-жабдықтарым алғашқы өнімді шығаруға сақадай сай тұр. Кент орталығынан бір бөлмені жалға алып, ғимарат сыртына «Раян» тігін шеберханасы деген атау беріп қойдым, – дейді жас кәсіпкер.

Шын мәнінде, қазір екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген жастар көп. Жұмыссыздықты желеу етіп, ата-анасына масыл болып отырғандар қаншама?! Сондықтан ісмерлікке бет бұрған жас кәсіп иесі Мағжан Мүзарабовтың бас­тамасы құптарлық жағдай деп айтуға толық негіз бар. Тігінмен айналысуды қолға алып, анасынан көрген-білгенін кәсіп көзіне айналдыруға алғашқы қадам жасап отырған азамат алдағы уақытта кәсібін отбасылық бизнеске айналдырмақшы. Ол үшін оны қолдап отырған ата-анасы мен сүйікті жары бар. Келіншегі Салтанат бала күтімімен үйде отырса да жұбайына қолғабыс етіп, қолы қалт еткенде көмегін көрсетуге әзір. Жақында босанған жас келіншек өмірге екінші ұлын Айсұлтанды әкелді. Ал шеберхананың атауы болған Раян есімді бүлдіршін Мағжан мен Салтанаттың тұңғышы.

Ісмерлік Мүзарабовтар отбасында бұрыннан қалыптасқан десе болады. Отанасы Базаркүл өзінің тігін машинасымен үйге қажетті бұйымдарды өзі тігіп ала береді. Ою-өрнек салып керемет көрпеше тігу оның сүйікті ісі. Осындай еңбекті көзімен көріп өскен баласы Мағжан тігіншілікті жандандыруы бекер емес. Күн сайын саны өсіп бара жатқан автокөліктерге тысқап іздеушілер де артып келетіндіктен, тапсырыс берушілер де болатынына сенімді. Ал үйіне жаңа жиһаз алғандар міндетті түрде оны жапқышпен жауып қою үшін арнайы тігіншіге келуге мәжбүр. Бұл бір жағынан жиһаздың таза сақталуына ықпал етсе, екінші жағынан көздің жауын алатын жапқыштар үйіңіздің сәнін келтіреді. Сондықтан сұранысқа сай кәсіп түрін бастауға бет алған жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
03 сәуір 2021 ж. 585 0