Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді медбике

Мейірімді медбике

Жылы сөз бен шипалы ем иесі – медбике. Дертіне дауа із­деген жанның қасынан табылып, кеселінен айығуына бар ынта ықыласын танытып жүргендердің бірі – сырдариялық мед­бике Айзат Жұмағұлова.
Айзат Елубайқызы медицина саласында 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ал­ғашқы еңбек жолын туған жері Сырдария ау­данындағы аудандық аурухананың гинекология бөлімшесінде бастап, осы күнге дейін үздіксіз осы бөлімшеде еңбек етіп келеді.
– Мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласын­дағы медициналық кол­ледж­ге оқуға түсіп, ба­ла кездегі арманым – медицина саласының емдеу ісі бойынша мамандық алдым. Әкем – Елубай құры­лысшы, анам – Ұлжан мектеп­те вахтершы. Ата-анамыз балаларының жақ­сы азамат, бір-бір мамандық иесі атануына қолдау білдіріп, әркез қамқоршымыз болып келеді. Соңым­нан ерген інілерімнің үлкені Асхат – өрт сөндіруші, Әділбек бауырым өзім секілді аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде медаға, кенже ұл Дәулет – медицина саласын таңдады, қазір студент. Мамандығымды мақтан етемін. Адамдарға, әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғауға атсалысып, көмек­тесу абыройлы іс, – дейді ақ халатты абзал жан.
Өз міндетіне аса жауап­кер­шілік­пен қарап, уақытпен санаспай, ең­бектің тайқазанында ысылған бірінші санатты медбике басты мін­­деті – науқасқа мейірім көрсету, қателік жібермеу екенін біледі. Айзат Елубайқызы – дәрі­гердің сенім­ді серігі, ем­делушілерге ем-шара жасау кезінде мейіргерлік көмек көрсе­туде алдына жан салмайтын тындырымды мед­бике.
– Айзат жас маман болып қызметке кел­ген күннен бастап бөлімшеде медбике болып еңбек етеді. Өз қызметін адал ат­қа­­рады. Науқастарды, жүкті әйелдердің кө­ңі­лін тауып, мейірімді жүрегімен қарсы алады. Еңбегімен алғыс алып жүрген медбике. Дәрігердің нұсқауын тыңғылықты орындап, өз міндетіне жауапкершікпен қарайды. Әріптестеріне үлгі ретін­де мақтаулы маман, – дейді бөлім­шенің аға медбикесі Гүлзина Ақжай­ларова.
Бүгінде Айзат қызмет етіп жүр­­ген ұжым ауданда әйел адам­­дардың, жүкті әйел­дер­дің денсау­лығына, науқастанған кезде ме­ди­циналық жәрдем беруге атсалысып келеді. Бөлімшеде білікті медицина мамандары, өз ісінің шеберлері жұ­мыс істейді. Бөлімше меңгерушісі Салтанат Рүстембек бастаған аға буын әріптестері Зинарап Сейделова, Айжан Әмірова, Гүл­жан Жаппасбаевамен қатар медбике, кіші буын медицина қызметкерлері жанына ем ізде­гендерге жұдырықтай жұмылады. Сонымен қатар мерекелік іс-шараларда, қоғамдық жұ­мыста, спорттық сайыстарда белсенділік танытатын бөлімше қызметкерлері бірліктің үлгісін көрсетуде.
– Еңбегім ескерусіз емес. Бас­шылық тарапынан алған марапаттарым бар. Осы 10 жылғы қыз­метте адал еңбегім абыройға жет­кізді. Қандай мамандық болса да өз қиын­шылығы болады. Бастысы мамандығыңды жақ­сы көруің керек. Мамандық таңдағанда қателеспедім. Төзімділік пен шы­дам­дылық, бі­лік­тілік абыройға жеткізеді, – дейді мейі­рімді медбике.
Үнемі жұмыс барысында жү­ретін медбике – қызметінен тыс уа­қытта балаларының қасынан та­­былатын 3 перзенттің анасы. Қауырт қызметтегі жас ана отбасы мен жұмысын үйлестіріп, үлгіріп отыр. Халық сау­лығы үшін аянбай қызмет етіп жүрген медбике сүйікті мамандығының арқасында әлі де талай алғысқа бөленетіні сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 сәуір 2022 ж. 1 216 0