Ең ізгі мамандық иесі
Гүлжайна Ерманова аудандық емханада хирургия бөлмесінің медбикесі. Жалпы өтілі 17 жыл құрайтын медбике емханада соңғы 7 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Гүлжайнаның ең ізгі мамандықты таңдауына оның осы мамандығына деген сүйіспеншілігі мен ата-анасынан алған тәрбиесі себеп болды.
Қармақшы ауданының тумасы 1980 жылы Ақжар ауылында дүниеге келді. Ата-анасы қарапайым жұмыстың көрігін қыздырып, бауырынан өрбіген 10 ұл-қызына жақсы тәрбие берген жандар. Үлкен отбасында сегізінші перзент болып өскен Гүлжайна Ермұратқызы екі әпкесіне еліктеп, мектеп бітірген соң медбике болуды армандады.
Ауылдағы орта мектепті бітірген соң 2002 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, емдеу ісі мамандығы бойынша оқу орнын бітіріп шықты. Ең алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Сырдария аудандық ауруханада бастаған жас маман аурухананың жан сақтау бөлімшесінде тәжірибеден өтті. Осы бір ай уақыт аралығында медбике қызметінің қиындығына төзіп, аса жауапкершілікті талап ететін мамандық иесі болғанына еш өкінбеді. Оның себебін ақ халатты абзал жан ең әуелі мамандығын жүрек қалауымен таңдағанымен және адамдарға көмек қолын созып, дертіне дауа табатын дәрігердің сенімді серігі бола білгенімен түсіндіреді.
Иә, шын мәнінде жаны жабырқаған жандардан алғыс алу, оларға жылы сөз айту, науқастармен көбірек бірге болу жақсы медбикелердің ғана қолынан келеді. Ерік-жігері мықты, қиындыққа шыдамды, мінезге бай адам ғана медбике бола алады. Осындай жауапкершілігі мол қызметтің басы қасында жүру тек жүрегі жұмсақ жандарға ғана тән қасиет. Аудандық аурухананың терапия бөлімшесінде 10 жыл бойы медбикелік қызметін абыроймен атқарған Гүлжайна талай күндер мен түндерді кірпік қақпай өткізгенін ұмытпайды. Әсіресе, егде жастағы қарттардың жанында болып, сырқатының жеңілдеуіне, оны жеңуге жәрдемдесу шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететінін талай басынан өткерген. Бөлімшедегі дәрігерлер А.Жакупова мен Ф.Әбдібекованың науқасқа берген ем-домын мезгілінде науқасқа егу, тағайындауын бұлжытпай орындау оның күнделікті атқарған міндеті.
– Күнделікті жұмысқа келгенде науқастармен жақсы қарым-қатынас жасап, дәрігерлердің нұсқаулығын орындауға, науқастарға ем-дом арқылы дертіне шипа болуға асығамын. Осындай жауапкершілігі мол қызметте әріптестерім Зина Кенжебекова, Райса Анасовадан көп тәжірибе жинадым. Менің ойымша медбике мамандығы ең ізгі, инабатты, алғысқа толы мамандық. Кәсіби маман атану үшін үздіксіз оқып, біліктілік санаттарынан өтіп келемін. Медбикеге тән қасиет деп ең алдымен мейірімді болу, өзі ауырып тұрған адамға жылы сөз сөйлеп, жұбату секілді қасиеттерді айтар едім. Міне, осындай қасиеттің арқасында өз міндетіңді абыроймен атқарасың. Бала кезімізде ата-анам «қыз бала қатты сөйлемеу керек, бауырмал, мейірімді болу адамгершілік қасиетіңнің айнасы» деп айтушы еді. Отбасымызда екі әпкем медицина саласында қызмет етеді. Өзім де осы саланы таңдап, 17 жылдан бері науқастардың сауығып кетуіне күш салып келемін, – дейді жоғарғы санатты дәрежеге жеткен медбике Гүлжайна Ерманова.
«Адамның жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, Гүлжайнамен біраз жыл көрші болып, талай мәрте ем-дом алғаным рас. Бір аулада бір медбике болғаны қандай жақсы. Мезгілсіз уақытта бір жерің ауырса, дереу ине шаншитын медбике іздейміз. Сондайда тәуліктің кез келген уақытында көмегін аямауға даяр тұратын медбикенің шапағатын талай адамдар көріп, алғысын жаудырғанын көзіміз көрді.
Бүгінде емхананың хирургия бөлмесінде медбике болып қызмет ететін Гүлжайна күнделікті дәрігердің қабылдауына келетін адамдарға көмек қолын созып, тиісті ем-шарасын жасайды. Жараны, күйікті байлап, тану, тазалап жуу секілді жауапты жұмысты аса ыждағаттылықпен атқарады. Травматология бөлмесінде де медбикеге көмектесіп, ине салу секілді өзіне жүктелген қызметті мінсіз атқарады.
– Әріптесім Гүлжайнаны алғашқы жұмысқа келген уақыттан бері білемін. Оның жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын, қиындыққа төзімділігі туралы жақсы пікір айтып, кейінгі жас мамандарға үлгі етемін. Кейде ауруханада бөлімшеде аяғыңнан тік тұрып, науқастардың жанынан бір елі шықпайтын кездер болады. Әрбір өзгерісті мұқият бақылап, оны дәрігерге дер кезінде айту науқастың сауығып кетуіне көмектеседі. Осындайда білікті, өз ісінің мықты маманы бола білген Гүлжайнаны нағыз денсаулық жанашыры дер едім. Қазір де емханада бірге қызмет жасаймыз. Білгенін үйретуден жалықпайтын ақ халатты абзал жан жүктелген міндетіне өте сергек, әрі жауапкершілікпен қарайды, – дейді емхананың бас медбикесі Райса Анасова.
Сырт қарағанға медбике қызметі шалт қимылды және қателікті кешірмейтін қызмет ретінде көрінеді. Шын мәнінде медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Осындай адам жанына араша түсіп, қызметте аса мұқият болып, науқастың халін бақылап қарайтын медбикенің жұмысы ерлікпен пара пар. Жүктелген міндетін абыроймен атқарып келе жатқан медбике Гүлжайна Ерманова денсаулық сақтау басқармасы басшысының, сала кәсіподағының, аудандық аурухана бас дәрігерінің Құрмет грамотасымен, бірнеше мәрте Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлжайна мықты медбике болумен қатар өмірлік серігі Қайрат Әмзеевпен бірге құтты шаңырақ иесі. Олар бауырларына жақсы аға мен жеңге. Жеңгесінің ізгі жолымен қайынсіңлісі Айсәуле дәрігерлікті таңдап, қазір аудандық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер қызметінде. Қайрат пен Гүлжайна Инабат есімді қыз бала тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Бибісара ЖАНӘЛІ