Бас медбике арқалаған жүк
Дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне алдымен дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын денсаулық сақшысы – медбике. Аудандық аурухананың жан сақтау бөлімшесінде еңбек жолын медбикеліктен бастап, кейінгі 18 жылда аға медбике болған Райса Анасова бүгінде аудандық емханада бас медбике болып қызмет атқарады.
Райсаны бала күнімнен танимын. Бір жылдың түлектері ретінде мектепті қатар бітірдік. Райсаның сабырлы мінезін, оқуға деген ынтасын жақсы білемін десем артық айтқандық емес. Ата-анасынан ерте көз жазып қалған Райса – тоғыз бауырының ең кенжесі. Үлкен ағасы Сайфолланың қолында өсіп, тәрбие алған қаршадай қыз болашағын медицина саласымен байланыстырды. Мамандық таңдауда қателеспеген алғыр қыз медициналық колледжді ойдағыдай бітіріп, мейірбике ісі бойынша 1994 жылы диплом алды.
Жас мейірбике 19 жасында аудандық аурухананың жан сақтау бөлімшесіне өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Оның қызметтегі алғашқы ұстаздары анестезиолог-реаниматолог Б.Мырзахметов, Р.Арғынбаев, М.Мантиев, С.Көшенова, аға медбикелер О.Маханбетова, Ш.Жұманова, З.Сүлейменовалардан, хирург-дәрігер Ш.Зетов, Б.Ердәулетовтен үйренгені көп.
– Медбикелер – медицинаның негізгі күші, дәрігердің сенімді серігі. Науқас келіп түскеннен аман-есен сауығып, аяғына нық тұрып кеткенге дейін жанашырлық танытып, қолынан келгенше аянбайды. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Адамның жаны өмір мен өлімнің арасында тұрғанда әр секунд маңызды. Әрбір өзгерісті қалт жібермей, қадағалап, оны дәрігерге жеткізу – медбикенің міндеті. Медбике сонымен қатар егуін жасап, дәрі-дәрмегін уақытылы береді. Төсек-орын, ас-ауқатын, жалпы халін бақылап, науқасқа қарайтын медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз, – дейді ақ халатты абзал жан Райса Анасқызы.
Бас медбике Райсаның айтқан сөзінің жаны бар. Шын мәнінде, мықты медбикені дайындау бөлімшенің аға медбикесіне байланысты. Осы күнге дейін бір ғана жан сақтау бөлімшесінде Райса Анасқызы 50 шақты медбикенің тәжірибесін толықтырды, білікті медбике етіп шығарды. Қазіргі таңда жан сақтау бөлімшесіндегі медбикелер Г.Рахметова, Т.Абдуллаева, А.Ниязмағамбетова аға медбикенің ізін жалғастырып келе жатқан, өз ісінің мықты мамандары.
Уақытпен санаспай тәулік бойы науқастың жанында қалатын аға медбикенің қызметі адалдық пен жауапкершіліктен жаратылғанына еріксіз бас иесің, құрметтейсің.
Қазір тәжірибелі аға медбике аудандық емханаға бас медбикелік қызметке ауысты. Оның ұзақ жылғы қызметін лайықты бағалаған аурухана басшысы Н.Мырзағалиева осы жауапты қызметті сеніп тапсырды. Ол үшін Райса Анасқызының бас дәрігерге, сенім білдіргеніне айтар алғысы мол. Бас медбикелік қызметке келгеннен кейін аурухана басшылығы ұсынысы негізінде Финляндияның Хельсинки қаласында біліктілігін арттырды. «Мейірбике ісін ұйымдастыру – Финляндия тәжірибесі» тақырыбында өткен курста аймақтан жасақталған 16 бас медбикелердің қатарында шетел тәжірибесін меңгерді.
Бас медбикенің қарамағында 400-ге жуық медбикелер мен 100-ден астам кіші буын медицина қызметкері бар. Әрбір қызметкермен жеке жұмыс жүргізіп, бағыт-бағдар беру – оның басты міндеті. Сондай-ақ медбикелердің білім деңгейін көтеру үшін оқу курстарына жіберіп отыру да оның қызметінің бір саласы. Мұнан басқа құжаттармен айналысып, дәрігерлермен жұмыс жасау, өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалауды қалт жібермеу – күнделікті жұмысы. Сонымен қатар білікті медбике өзі қызмет еткен аурухананың жан сақтау бөлімшесіндегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, науқастарды күтіп-баптауды үйретуге де уақыт табады. Қолы қалт етсе, бөлімшенің медбикелеріне білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісу, кәсіби деңгейін көтеруден шаршаған емес.
Жоғары санатты бас медбике туралы әріптесі Нұргүл Мұхамеджанова жылы лебіз білдірді.
– Райсамен қатар мектеп бітірдік. Медициналық колледжде бірге оқыдық, қызметке де бірге келдік. Оның мамандығына деген сүйіспеншілігі, адалдығы кісі қызығарлықтай. Қызметіне жауапкершілікпен қарайды. Қазір қай салада болмасын талап күшейтілді. Әсіресе, әлемді дендеген індеттің тез таралуы медицина қызметкерлерін ширата түсті. Бас медбике алдыңғы шепте жүріп, науқастардың тез сауығып кетуіне атсалысып келеді, – деді Н.Мұхамеджанова.
Өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, кәсіби біліктілігін арттырып келе жатқан өз ісінің майталманы Райса Анасқызы – отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жұбайы Еркінмен бірге 2 қызды өсіріп, тәрбиелеп келеді. Үлкені Аяжан – қаржыгер, кішкентайы Айлина – мектеп оқушысы.
Бақытын отбасынан, сүйікті мамандығынан тапқан бас медбике Райса Анасқызына төл мереке құтты болсын демекпіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ