Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицинаның мақтаулы маманы

Медицинаның мақтаулы маманы

Медицина саласын меңгерген тәжірибелі мамандар қай кезде де көпшілік сұранысына сай жұмыс жасайтыны мәлім. Жалпы, дәрігермен қатар медбикенің қызметі дертіне шипа іздеген жанға ауадай қажет. Осы күні жергілікті халықтың алғысына бөленген тәжірибелі медбикенің бірі – Манат Оразбаева. Ол – аудандық емханада учаскелік медбике болып қызмет атқарады. Үнемі жұмысы қауырт медицина саласының маманымен сәті түсіп, өзара пікірлескен болатынбыз.

Күнделікті жұмыс уақытында жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға жәрдемдесетін Манат Оразбаева осыдан 49 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы №36 орта мектептен білім алған оның бала кездегі арманы медицина саласының маманы болу екен. Осындай жауапкершілігі мол саланы таңдаған Манат Серікбайқызы Қызылорда қаласындағы медицина колледжінде медбикелік мамандықты меңгереді. Отбасындағы арқасүйер әкесі – Серікбай ертеректе өмірден өтсе де, анасы – Хадиша балаларын елден қалдырмай өсіріп жеткізеді.

– Біз отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиеленген едік. Үнемі ойымда сырқаты бар жандарға қолымнан келгенше көмектесу тұратын. Ең алғаш қолымызға диплом алған жылы аудандық «Жедел жәрдем» бөлімшесінде жұмыс жасадым. Әрине, аталған бөлімшеге сан түрлі диагнозбен ауыратын жандар келеді. Бәріне қолғабыс ету керекпіз. Бөлімшеде мамандық бойынша шыңдалуға мүмкіндік зор болатын. Кейіннен, аудандық өкпе аурулар ауруханасына жұмысқа орналастым. Аймақтық аяжан ретінде халықпен тығыз байланыс орната білдім. Қауіптілігі жоғары саланың қыр-сырына қанықтым. Әрбір медбике қызметіне адал болуы керектігін білген дұрыс. Сонда жергілікті халықпен нық байланыс орната аласыз, – дейді білікті медбике.

Осыдан 6 жыл бұрын аудандық емхананың учаскелік мейірбикесі атанған Манат Серікбайқызы – мақтаулы маман. Көпшілік үйіне шақырып, ем-дом жасатуға мүдделі. Қай күні басылымның ардагері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов білікті маман жөнінде мақала жазуға ұсыныс айтқан болатын.

– Жанына саулық іздеген әрбір адамның баратын жері – емхана болса, емдейтіні – дәрігер екені рас. Денсаулықтағы кінәратты дер кезінде анықтап, барынша емдейтін дәрігерге дән ризамыз. Бұл ретте, көзге көрінбейтін ісімен дараланатын медбикенің жұмысы жоғары бағалануы тиіс. Біз көбіне учаскелік медбикеге жүктелетін міндетті аса аңғара білмейміз. Біздің көшеге бірнеше жыл медбике болған Манат қызымыз халықтың сенім үдесінен шыға білді. Оның қызметі мақтауға тұрарлық. Әлі күнге біздің жағдайымызды біліп, айрықша көмектесуге дайын екендігін жеткізеді, – дейді Шаһарбек Нұрсейітов.

Расында, күні бойы көше аралап, науқастың жағдайын бағдарлайтын Манат Оразбаева өз ісінің шебері. Тұрғындардың көңілінен шыққан медбике өмірлік жарымен осы салада жүріп танысқан. Бірнеше жыл бойы медицина саласында қызмет етіп келе жатқан Қалдыбек Жұмабековпен аяулы жан 1997 жылы отасады. Жарасымды жұп бүгінде 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Олардың тұңғышы Айсұлу ата-анасының жолын қуып, медицина мамандығын таңдаған. Бүгінде Айсұлу ата-анасынан алған бағыт-бағдарды өмірде де, қызметте де, жүзеге асырып жүрген жайы бар.

– Тереңөзек кенті бойынша өзім бақылау жасайтын бірнеше көше бар. Әрбір көшеде айрықша көмекті қажет ететін тұрғындар тілегіне құлақ асамыз. Тегін дәрісін алып беріп, уақытылы ем алуына жағдай жасаймыз. Іс-қағаздарды жүргізу барысында аса мұқияттылық маңызды рөл ойнайды. Осындай кезде аймақтық дәрігеріміз Азиза Қозбағарова үнемі ақылкеңесін айтып отырады. Айта кетейін, жолдасымның анасы мен қарындасы медицина саласының мамандары. Әулетімізде ақ халатты абзал жан көп болғанына бек қуаныштымыз, – дейді Манат Серікбайқызы.

Дерті жанына батқан әрбір адамның көңілін табу оңай емес. Гиппократ антына адалдығын іспен дәлелдеп келе жатқан Манат Оразбаеваның жұмысына сәттілік тілейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 сәуір 2023 ж. 305 0