Мұғалімдер тәжірибе алмасты
Аманкелді ауылындағы Өнер мектебі – талантты шәкірттердің алтын ұясы. Соңғы жылдардағы түлегі ретінде Құралай Мейрамбектің жетістігінің өзі елге белгілі. Осы өнер мен білім ордасында іс-тәжірибе алмасу семинары өткізіліп, оған аудандағы өнер мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Қосымша білім беру ұйымдарында оқушыларға жаңаша әдістерді пайдалану арқылы оқудың маңыздылығын арттыру, өзара іс-тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған семинарда аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Сақтағанова мұғалімдерге бүгінгі таңда қойылып отырған талап пен жауапкершілік туралы айтып өтті. Сондай-ақ талантты оқушыларға қолдау көрсету, олардың өнер байқауларына қатысуына жағдай жасау ортақ міндет екенін жеткізді.
Өз кезегінде Аманкелді өнер мектебінің директоры М.Абдуллаев ұжымның жетістіктерін таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Семинар барысында «Баян» сыныбы мұғалімі Ғ.Жұбанов жас орындаушыны концерт пен байқауларға техникалық дайындаудың маңыздылығы туралы айтса, сольфеджио пәні мұғалімі Ж.Бисембаева «До мажор. Тон және жарты тон» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Сыр бойындағы дәстүрлі ән айту ерекшеліктерін «Дәстүрлі ән» сыныбы мұғалімі Ғ.Шәпиев талдап, таразыласа, «Дәстүрлі ән, домбыра» пәні мұғалімі Б.Төлеубаев «Жалғасы сүлейлердің жыраулар бар...» тақырыбында әзірлеген сабағын таныстырды. Сонымен қатар Шаған ауылдық өнер мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары И.Жағыппарова қосымша білім беру ұйымдары педагогтеріне қажетті құжаттардың реттілігі мен маңыздылығын түсіндірді. Семинарға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлер айтылды. Іс-шара соңында баян сыныбы мұғалімі Е.Жұмаділдаеваның ұйымдастыруымен «Әрбір бала – бір жұлдыз» атты концерттік бағдарлама көрсетілді.
Семинарды қорытындылаған аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Сақтағанова өнер мен білімді оқушының санасына сіңіруді мақсат еткен ұстаздарға шығармашылық сәттілік тілеп, бірқатар мұғалімге алғыс хат табыстады.
А.ИБРАГИМҰЛЫ