Музыка мамандары семинарда бас қосты
Бүгін Шіркейлі ауылдық өнер мектебінде «Жаңартылған білім беру жағдайында ұлттық құндылықтарды дамытудың алғы шарттары» тақырыбында аудандық әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Аталған семинарға білім бөліміне қарасты Сырдария аудандық өнер мектебі, Аманкелді ауылдық өнер мектебі, Шаған ауылдық өнер мектебі және Шіркейлі ауылдық өнер мектебінің педагогтары қатысты.
Шындығында, өнер мектептерінің педагогтарының арасында білім беру жағдайында бүгінгі заманның талабына сай мұғалімдердің әдістемелік және шығармашылық ізденісін жетілдіру және тәжірибе алмасу, іс-тәжірибемен бөлісу мақсаты басты орында тұрды.
Семинар барысында сольфеджио сабағы бойынша педагог Роза Шәкенова «Үшдыбыстылықтың айналымдары», қобыз сабағы бойынша педагог Ғалия Алмуханова «Смычокпен дыбыстарды ойнауды бастау» және педагог Шара Нурадинова «Қобыз аспабында қолданылатын штрих түрлері» тақырыбында бойынша жаңа әдіс-тәсілдермен бөлісті. Бұл ретте, пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында педагог Гүлпатшайым Байғараева «Өнер мектебінде аспапта ойнау мен ән айтуда оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбында коучинг ұйымдастырды.
– Оқушыларды өнерге баулуда ерекше қабілет пен шепберлік қажет. Өнер мектебінің әрбір ұстазы шығармашылықпен айналысатын шәкіртіне барынша көңіл бөледі. Музыканы тереңнен меңгертеді. Сан түрлі жанрдың қыр-сырына қаныққан балалар өнерде өзіндік орнын қалыптастырады. Бүгінгі семинарда ұстаздарымыз өз пәндері мазмұнды сабақтар өткізді. Әрбір кәсіби маман тәжірибе алмасты. Өмір үздіксіз жүріп жатады. Өнерде тоқтаусыз дамиды. Барлық әлемнің мәдениеті өз алдына ерекшеленіп тұрады. Сондықтан біз балаға жан-жақты музыкалық жанрды үйретуіміз керек. Мәселен, қобыз, домбыра, баян секілді бірнеше аспапта ойнайтын өнерлі өрендер әрқашан ізденіс үстінде жүреді, – дейді Сырдария аудандық өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас.
Өз тәжірибелерін ұсынған қосымша білім педагогтары өзара пікір алысып, ұсыныстарын білдірді. Семинарда нәтижелі сабақтар ұсынған педагогтарға аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сақтағанова білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтің «Алғыс хаттарын» тапсырды.
– Бүгін Шіркейлі ауылдық өнер мектебі ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу алаңына жиналдық. Барлық ұстаздың сабағы жоғары деңгейде өткізілді. Кәсіби мамандар жастарға ақыл-кеңесін айтты. Аудандық білім бөлімі тарапынан ұстаздарға қолдау көрсетіліп тұрады. Алдағы уақытта өнер мектептерінің шәкірттері зор табысқа жете берсін, – деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Салтанат Сақтағанова.