Өнер мектебінің жылдық есеп концерті
Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде ауылдық «Өнер мектебі» оқушыларының «Өнер талантты өсіреді» атты есеп беру концерті өтті. Ұстаздардың шеберлігін шыңдап, талантты шәкірттердің өнерге қанатын қақтырған Аманкелді ауылдық балалар өнер мектебі жыл сайын есепті концертін ұсынып, ата-аналар мен ауыл тұрғындарының батасын алуды дәстүрге айналдырды.
Өнер мектебі жас дарындардың тереңде жатқан талантын көкке көтеріп, бойындағы бар өнерді дамытуға ең басты себепші болып отырған үлкен ұжым. Осы ортадан шыққан сансыз шәкірттер облыстық, республикалық, халықаралық сахналарды бағындырып, халықты түрлі өнерлерімен баурап жүр. Бір кездері Ақан, Біржан, Әміреден бастау алып, бертін келе Ғарифолла, Кенендермен жалғасқан дәстүрлі өнерді сақтап, оны болашаққа жеткізу бүгінгі талантты ұрпақтың басты борышы. Өнер мектебінің ұстаздары асыл өнерді сақтауға, оны барынша жас ұрпақ арқылы дамытуға атсалысып, жас таланттардың жолын ашуға барын салып келеді.
Концертте өнерпаздар жиырмаға жуық номер көрсетті. Бұл "Өнер талантты өсіреді" атты концерт жылына бір рет өткізіледі. Өнер мектебіндегі дарынды жастардың барлығы мектеп оқушылары. Осындай дарынды жастарға қолдау көрсетіп жүрген өнер мектебінің жетекшісі Мейрамбек Әбдікәрімұлы.
Өнер мектебінің әрқашан мерейі үстем болсын. Осында білім алған жас өнерпаздар ұлағатты ұстаздарынан озық түсіп, өнерлерін туған өлкеге, дөңгеленген төрткүл дүниеге таныта берсін!
Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті