Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерте жүктілік – ерте есеюдің салдары

Ерте жүктілік – ерте есеюдің салдары

Аудандық газет редакциясы қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде талқылау жұ­мыс­тарын жүргізіп, мамандардың пікірі негізінде ақпараттық мақалалар әзірлеп келеді. Бүгін ерте жүктілік, яғни жасөспірімдерге қатысты жыныстық қол­сұғушылық туралы жазуды жөн көр­дік. Себебі бұл мәселе ауданымызда да орын алып, оқушы қыздардың өмірі өзге арнаға бұрылып бара жатқан секілді...

Қазіргі аға буын, бұрынғы мектеп оқушысы, «ер бала мен қыз бала қол ұстасса» немесе «сүйіссе» жүкті болып қалады деген оймен есейді. Ал бұл пайымға қазіргі жасөспірімдерді сендіріп көріңіз. Сенбейді де. Себебі олар баланың қалай пайда болатынынан бастап, қалай туылатынына дейін біледі. Мұны бала да, көп ата-ана да ұят деп санамайды. Ашық әңгіме айтылмаса, түптің түбінде алдыңнан шы­ғатындықтан, балаларға ерте бастан жыныстық тәрбие беруіміз қажет пе? Қыздарды қате қадамнан сақтандыру үшін ашық әңгіме айту дұрыс па? Бұл сауалды №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің психологы Қалдыгүл Сарсеналиеваға қойған едік.

Ұлттық құндылықтан асқан тәрбие жоқ

Мектеп психологы ретінде бұл мәселеге жан-жақты қараймын. Қазір балалар ерте есейеді. Айналамызда ақпарат алудың көзі көп болғандықтан, олар өз бетінше білгісі келетінді тауып алады. Сондықтан ата-ана, ұстаз балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру керек. Үлкендер ең алдымен үлгі көрсетуі тиіс. Киім киісінен бастап, жүріс-тұрысына дейін қарапайым болған жөн. Қыз балалар мектепке қысқа белдемше киіп, шашын жайып келгенін көрсеңіз, тыйым салғаннан ұтылмасымыз анық. Оқушы қыздардың жас ерекшелігіне байланысты физиологиялық өзгерістер болатынын айтқым келеді. Негізгі мәселе ерте жүктілікке байланысты болғандықтан қыздармен әңгімеде «Ерте жүктілік деген не?» деген сауалға жауап беруіміз керек. Яғни, ерте жүктілік – 13-18 жаста болатын жүктілік. Осы жас аралығында қыз балаларда өтпелі жас кезеңі басталады. Қыздардың ең бірінші сырласы – анасы, содан кейін ғана мектептегі ұстазы, арнайы мамандар. Олардың әрқайсысының қыз балаға айтып түсіндіретіндері болады. Негізінен ұлттық құндылықтан асқан тәрбие жоқ. Ата-баба салтымен қыз бала тәрбиесін әдет-ғұрыпқа негіздесек, ертеңгі күні бармағымызды тістемейтін боламыз.

Бұл күрделі мәселені зерттей келе, көп ретте қыз баланы ғана емес, ер баланы да қадағалауды ақсатып жібергеніміздің салдары дейтін едім. Әрбір бала қолындағы смартфоннан небір сұмдық жағдайды көреді, содан соң еліктегіш келетін жасөспірім дұрыс жолдан жаңылады. Сондықтан педагог ретінде, психолог ретінде айтпағым, жыныстық тәрбие беруді ерте жастан бастау керек. Бұл батысқа еліктеушілік емес, керісінше, жамандықтың алдын алу. 

Мектепте аналардың қатысуымен «Ерте жүктіліктің салдары» тақырыбында ақпараттық кеңес беру жоспарлы түрде өткізіледі. Мұғалімдер мен аналар пікірлерін ашық айтып, қыздардың тәрбиесін бірге талқылаймыз. Мектеп медбикесі «Жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу»  тақырыбымен әңгімелесу өткізді. Сонымен қатар «Балада дұрыс репродуктивті денсаулықты қалыптастыру» бойынша жыныстық тәрбиенің маңызы, жыныстық тәрбие қай жастан басталады, балаға қалай айтамыз, жеке шекараны түсіну, жыныстық сауаттылық жайлы талдап, саралап, ашық пікіралысу алаңы ұйымдастырылды. Мұндай әңгімелесу кезінде жасөспірім қыз балалар арасында ерте жүктіліктің алдын алуға, қандай қадамдар жасауға болатынын қарас­тыруға, мамандардан кеңес алуға мүмкіндік береді. Ата-аналарға балалардың бос уақы­тында қандай әлеуметтік желілерде отыра­тыны, кімдермен араласатынын анықтау жолдары туралы кеңес беріледі.

Қазір педагогтердің алдында үлкен міндет тұр. Ол сапалы білім беру мен жақсы тәрбие беру. Тәрбиенің негізін қалайтын ұстаздар қауымы қыз бала алдында болашақтың үлкен жауапкершілігі тұрғанын айту өте маңыз­ды. Әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік нәрімен сусындатып, білікті, білімді, жан-жақты жетілген қыз баланы тәрбиелеуіміз керек.

«Ұлымызды ұлықты, қызымызды қылықты» етіп тәрбиелеуде ата-ананың екеуі де жауапты. Бірақ қыздарымызға болашақ ана ретінде қарау сонау заманнан келе жатқан ұғым, салт-дәстүріміз десек те болады. «Қызды қырық үйден тыю» деген тәмсілге бұрынғының сөзі деген көзқарас танытатындарға оның өміршеңдігі ешқашан жойылған емес деп айтуға негіз бар. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Елена Сейдахметованың тақырып аясында айтатын орнықты ойы бар.


Тәрбиедегі олқылықты қалпына келтіру қиын

Қай кезде де қыз бала тәрбиесі қоғамда үлкен орын алады. Бірақ бүгінгідей аласапыран кезде қыздарды жан-жақты тәрбиелеу – уақыт күттірмейтін мәселе. Әрбір қыз бала – болашақ ана. Ол өз өмірінің жалғасын, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақты өмірге әкеледі. Ол ұлттың анасы, сондықтан біздің келешек ұрпағымыздың дұрыс тәрбие алуы, қазіргі қыздарымыз – ертеңгі аналарда.

Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген этнограф Зейнеп Ахметова берген сұхбатында үнемі қыз тәрбиесі жайлы мынадай пікір айтады:

«Біз қыз тәрбиесінің тізгінін босатып алдық. Бұл – шындық. Бұған қыздарымыздың қалай болса солай киініп, кіндігін көрсетіп жүргені дәлел. Жас қыздардың көшеде ашықтан ашық темекі шегіп, сыра ішіп жүргендерін көріп жүрсек те, мән бермеуге айналдық. Олардың ертеңгі ана екенін естен шығарып жүрміз. Ал біздің ата-бабамыз балалық дәурені өтісімен-ақ қызға дұрыс тәрбие беруді қолға алған. Қыз – аз күнгі қонақ. Сондықтан да күні ертең келін болып түскен жерінде ата-анасына, ауылына сөз келтірмеуін алдын ала ойлаған».

Осы ретте білім ұясы мектепте 20 жылдан бері тәрбие ісімен айналысқандықтан, қыз бала тәрбиесіне қай кезде де аса мән беріп келеміз.

«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Осыдан барып бала әке-шешесінен суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастайды.

Бүгінгі күнде қыздарымыздың көзге оғаш көрінетін киімдерін айтар болсақ, бұрын-соңды болмаған,  құлақ естіп, көз көрмеген. Ата-ана «баламыз қатар құрбысынан қалмасын» деген оймен заман талабына сай жаңа үлгімен киіндіріп, қалталылар көлік  мінгізеді. Сонда да әр нәрсенің өз орны бар емес пе?!

Ал негізгі тақырыпқа келер болсақ, мектепте жыл бойына жоспарға сәйкес «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Қыз баланың физиологиялық дамуы», «Қыз бала – болашақ ана» деген тақырыптағы іс-шаралардың өтілуі, әсіресе жоғары сынып қыз балаларына өте қажет. Және де осындай бағыттағы әңгіме, ақпараттарды отбасындағы аналар да айтып отыру қажет деймін. Қыз тәрбиесінде жіберген олқылықты жөндеу, қалпына келтіру өте ауыр. Және  психологиялық тұрғыдан дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан отбасының рөлі  өте жоғары болу керек. Тәлім-тәрбиені отбасынан алады, әсіресе ананың рөлі маңызды. Үйдегі жанжал, әке мен шеше арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы – қыздың болашақта жақсы ана, келін болып қалыптасуына балта шабатын негізгі факторлар.

«Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, ата-ана қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз санайды. Сондықтан ата-аналарға айтарым, тәрбие отбасынан басталады. Сіздердің әрбір жасаған істеріңізді бала бақылайды, көреді, сіздерден тәрбие алады. Бала – ата-ананың айнасы. Қыз тәрбиесіне өте сақтықпен қарайық дегім келеді.

Соңғы жылдарда жас бойжет­кендердің ерте жаста ана атану көрсеткіштері өскен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 5 жылда 29 487 жасөспірім қыз жүкті болса, 5 792 қыз жасанды түсік жасатқаны белгілі болыпотыр. Аудандағы бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Бұл жайында аудандық емхананың жоғарғы санатты акушер-гинекологы Маралхан Ноғайбекова айтып берді. Дәрігер ерте жүктіліктің зияны, ерте жүктіліктің қыз бала ағзасына қауіптілігі туралы пікірін айтты.

Ерте жүктілік – күйзеліске әкеледі

Көтеріліп отырған мәселе – өте өзекті. Акушер-гинеколог ретінде жасөспірім қыздармен мектептерге, колледжге барып, үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Негізінен ерте жүктілік бойынша әңгімеге ер балаларды қатыстырып жүргізу керек. Бірақ біздің менталитетіміз оған сай келмегендіктен, қыздарды қатыстырып, барынша түсінікті етіп айтуға тырысамыз. Ашық әңгіме құру қыздардың арасында орын алатын жағдайдың алдын алады деген мақсатпен. Өкінішке қарай ауданда жасөспірім қыздардың арасында мұндай жағдай орын алды. Сондықтан мамандар барлық мектептерде «Репродуктивті денсаулықты сақтау, қаламаған жүктіліктің алдын алу» тақырыптарымен семинар-тренингтер мен лекциялар өткізді.

Жалпы аудан бойынша 1290 жасөспірім қыз бала профилактикалық тексеруден өткенін айту керек. Тексеру бойынша 4 ерте жүктілік фактісі тіркелді. Ал 2021 жылы 6 ерте жүктілік, 2022 жылы  9 ерте жүктілік тіркелген болатын. Сондықтан гинеколог ретінде айтпағым, ерте жастағы жүктілік, қаламаған жүктілікке байланысты мамандардың айтып түсіндіруі өте қажет. Дегенмен отбасындағы тәрбие мен ананың айтатын кеңесінен артық ештеңе жоқ деген ойдамын. Қыз бала өсіріп отырған аналар осыған мән берсе. Қыздарымен сырлас болуы керек.

Жалпы айтатын болсақ, балалы болу – репродуктивтік денсаулықты күтуден бас­талады. Сондықтан көп әйелдер мен ер адамдар жүктіліктің дені сау кезінде, тиімді уақытта және ана мен баланың денсаулығына қауіпсіз шақта болуы қажет екенін ескеру керек. Жұптар өмірге бала әкелуді алдын ала жоспарлайды. Ал ерте жүктілік дегеніміз – 18 жасқа дейінгі жүктілік. Мұндай жүктілікананың аурушаңдылығы мен өлім-жітімінің кө­беюіне әкеледі. Сондай-ақ жас ана мен оның баласының денсаулығына қауіп төндіреді.

Репродуктивті денсаулыққа әсер ететін факторлар бар. Олар өмір салты, атап айтқанда, тамақтану, созылмалы күйзеліс, дене белсенділігінің төмендігі, күн тәртібі, еңбек және демалыс, жыныстық мінез-құлық. Сонымен қатар зиянды заттарды темекі, ішімдік, есірткіні тұтынудың да теріс әсері бар. Мұнан басқа экологиялық орта, яғни қоршаған ортаның ластануы, радиацияның әсері, тұқымқуалаушылық та денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

Ал біз айтып отырған тақырып – жоспарланбаған жүктілік. Бұл күтпеген жағдай болғандықтан, тез шешім қабылдауға қатысты қажеттіліктің бәрі күйзеліске алып келуі мүмкін.

Қыздармен әңгімелескенімізде ерте жүктіліктің салдары, физиологиялық тұрғыдан жас ағзаның оған әлі дайын еместігі, әлеуметтік тұрғыдан бей-берекет жыныстық қатынасқа түсетін қыз  балаларды күтіп тұрған қиындықтар жайлы сұрақтарды талқылаймыз. Қаламаған жүктіліктің алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетеміз. Қыз бала жүкті болған болса,  әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Ал жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды. Көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса, жақсы), жас ана тығырыққа тіреледі. Білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды. Осының бәрі жалғыз бір жас анаға ауыр болатындықтан, жас аналардың дені баласын балалар үйіне өткізіп жатады. Ал бұл, өкінішке қарай, ерте жүктіліктің салдарынан болатын, жиі кездесетін оқиға. Аудандық емхана мамандары кез келген ақпарат немесе көмек қажет болса кеңес беруге, көмекке келуге дайын. Жастар денсаулығы орталығының мамандарымен тығыз байланыс жасауға болады.

Сайып келгенде ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөз мүлдем қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуда. Әйткенмен, бұл дұрыс еместігін аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Серіккүл  Байтөлеева өз пікірінде айтты. Білім ордасының жұмысымен белсенді қарым-қатынас орнатқан ата-ананың пікіріне назар аударсақ.

Қыздар жиынында айтылар ой көп

№210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде  мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сәрсенқызы мен мектеп медбикесі Майра Бекжүністің үйлестіруімен қыздар тәрбиесіне байланысты көптеген іс-шара өтті. Соның бірі ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасы мәртебесін нығайту мақсатында «Қыз балаларды гигиеналық және рухани мәдениетке тәрбиелеу» тақырыбындағы қыздар жиыны. Жиында ата-аналар комитетінің төрайымы ретінде өз пікірімді айттым. Мектеп психологы А.Алжанова,  «Сырғалым» қыздар отауының жетекшісі А.Каюпова да оқушы қыздарға қыз тәрбиесі мен киім кию мәдениетін түсіндіріп өтті. Ерте жүктілік – бұл алдымен ана мен қызының арасында айтылатын әңгіме. Содан соң арнайы мамандардың кеңесі маңызды.

Жалпы қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек. Жүрек тербейтін қазақтың халық әндеріне немесе мақал-мәтелдеріне бір сәт көңіл аударып көрелікші. Нені меңзеп, нені айтар екен. Бұларда аналарға, қыздарға тән әрі тәрбиелік, әрі тағылымдық мәні ерекше толғамдар бар. Ұлтымызда қыз баланың орны ерекше болған. Қашанда қызды қонақ деп есептеген, барған жерде бағының ашы­луын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.

Кездесу барысында айтылған ерте жүктіліктің негізгі проблемасы – жыныстық тәрбие туралы білімнің жеткіліксіз болуынан деген тұжырым айтылды. Себебі қыздар қажетті ақпаратты өз бетінше іздейді. Ең жақын деген адамдарымен мұндай тақырып талқыланбайды. Осындай жағдайды ескеріп, мектепте құрылған қыздар отауында, тек қана қыздармен өтетін жиындарда тұрақты айтып отыру қажеттігін білдік. Сонымен қатар ерте жүктіліктің салдары, келешектегі қауіп-қатері арнайы маман тарапынан айтылып, «Ерте жүктілік деген не?», «Ерте жүктіліктің зардабы мен зияны», «Ерте жүктілік немен қауіпті?», «Қыз бала тәрбиесі» тақырыптарын ашуға тырыстық. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді жыныстық қарым-қатынасқа тарту, зорлық-зомбылық көрсету – заңды түрде қылмыстық жазаға тартылатындығы туралы сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалып, жа­уаптар берілді. Қыздар жиынын міндетті түрде бір оқиға орын алғанда ғана емес, жоспарлы түрде үнемі өткізу керек. Тақырыптардың мазмұнына сәйкес, жоғарғы сынып қыздары мен негізгі мектеп оқушыларын да қатыстыру керек.

Сонымен мамандардың пікірі бір арнаға тоғысты. Айналып келгенде, қыз бала тәрбиесінде қателікке жол бермеу қажет. Бір ғана шалыс басқан қадамның зардабын қыз бала өмір бойы көруі мүмкін. Ол денсаулығынан бастап, ішкі жан дүниесінің өзгеріске ұшырауы. Мына күн сайын құбылған заманда, арбау мен алдаудан сан соғып қалмаудың амалын табу аналарға, содан соң мектептегі мұғалімге жүктелді. Ал мәселенің шешімі – қай кезде де алдын алу екені анық.
Бетті дайындаған
Бибісара ЖАНӘЛІ
25 қараша 2023 ж. 630 0