Мен нашақорлыққа қарсымын!
Күн сайын дүниені дүр сілкіндіретін жаңалықтарды естігенде денең түршігетіні рас. Кісі өлімінен бастап, зорлық-зомбылық, әлемді жалмаған белгісіз дерт адамзатты жойып барады. Әлем назары сондай қасіретті болдырмау мен алдын алуға ауғанымен, айтып келмейтін тажал қаншама отбасын әбігерге салды. Сондай алаңдатарлық жағдай, кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмайтын дерт – нашақорлық дер едім.
Кез келген ата-ана перзентінің болашағына алаңдайды. Оларға бар күшін салып, жақсы білім алуына, ештеңеден тарықпай өмір сүруіне, қатарынан кем болмауына жағдайы жасайды. Алайда жасөспірім баланың айналасында болып жатқан өзгерістерге ден қойып, оларды алаңдатып жүрген мәселеге мән бермей, уақыттың тапшылығын сылтауратып, кейіннен опық жегенде кеш боп жататыны өкінішті. Мұны айтып отырған себебім – қазір барлық жастағы бала әлеуметтік желіге "байланған". Ондағы түрлі сайттардан бала кез келген ақпаратты алады. Ал еліктегіштігі мен қызығушылығы басым келетін жасөспірім әсіресе, өзінің өтпелі кезеңінде жағымсыз әрекетке қалай бойын үйретіп алғанын да сезбейді. Алдымен жәй ғана дәмін татып көріп, оның әсерінен алаңсыз бейқамдық күй кешетін бала кейін нашаға тәуелді болып қалғанын да білмей қалады.
Біз үшін "нашақорлыққа әуестік үлкен қалаларда болады" деген қате түсінік бар. Дегенмен бұл қауіп қазір шағын ауылдардың өзінде кездеседі. Сондықтан аты өшкір нашақорлықтан балаңызды қорғау үшін перзентіңізбен ашық әңгіме айтудан қашпау керек. Ата-анасы екеуі бірдей отырып, нашаның қандай әсері болатынын, оған әуестенген адамның болашағы жоқ екендігін және оның тұтқынынан құтылу оңай еместігін айтып түсіндіру әке мен ананың міндеті.
"Бұл пәлеге менің балам ұрынбайды" деген қате пікірге бармай, қайта одан ешкім де қорғалмағанын мойындаған дұрыс. Нашақорлықтың алдын алуға балаңыздың жасын ескеріп, ұғынықты етіп түсіндіру қажет. Меніңше ерте өлімге әкелетін нашақорлықтан баланың қорыққаны дұрыс. Оның психологиясына оң әсер ететін тек қана оның ата-анасы. Сондықтан бала тәрбиесіне ерте жастан алаңдап, оның бос уақытының тиімді өткенін қадағалаған жөн. Түрлі үйірмелерге қатыстырып, спорт секцияларына бару денінің сау, шымыр да, ширақ болуының кепілі. Ал жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрету ата-бабадан келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі. Ұлттық салт-дәстүрді біліп өскен баланың бойында имандылық, үлкенге деген құрмет сияқты қасиеттер болатынын өмірдің өзі дәлелдеген.
Сондықтан, "Мен нашақорлыққа қарсымын" ұранын үнемі айтудан жалықпай, оны насихаттаудан шаршамай, белсенділік таныту – менің ата-аналық парызым деп білемін.
Бибісара ЖАНӘЛІ,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ата-анасы