Апостиль-құжаттың заңдылығын айқындайтын халықаралық стандартталған нысан
"Апостиль" мөртабанын қою (кейде бұл рәсімді «жеңілдетілген заңдастыру» немесе «апостильдеу» деп аталады) 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына қосылған, консулдық заңдастыру талаптарының күшін жоятын және жеңілдетілген заңдастыру рәсімін енгізетін елдерге құжаттар жолдау кезінде - "апостиль" мөртабанын қою қолданылады.
Апостиль – заңдастырудың осындай нысанын танитын елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы ақпаратты толтырудың халықаралық стандартталған нысаны. «Апостиль» мөрі құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелеріне қойылады. Апостиль, шет мемлекеттік құжаттарға, басқа мемлекеттік органдарға оларды ұсынғанда заңды күшін береді. Нотариалды расталған құжаттың көшірмесінде немесе түпнұсқасында мөртабан қою арқылы жасалады. Апостильді растау, құжат берілген мемлекетте ғана рәсімделеді.
Бір жағынан апостильдеу мейлінше жылдам және оны тек қана бір өкілетті орган қоюына, ал екінші жағынан құжаттың Гаага конвенциясына қосылған барлық елдердің аумағында заңды күшіне ие болуына байланысты жеңілдетілген.
Егер құжатты дайындаған ел Гаага конвенциясына қатыспаса, оны консулдық заңдастыру қажет болады. Бұл айтарлықтай күрделі рәсім, ол құжатты ҚР Әділет министрлігінде, ҚР СІМ органдарында, бұдан кейін ҚР баратын елдің консулдылығында куәландыруды талап етеді. Бұл жерде құжат консулдық белгілісі бар елдің аумағында ғана заңды күшіне ие болады.
Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалығын, құжатқа қол қойған адамның кім екендігін және тиісті жағдайларда бұл құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын куәландырады. Апостильге қойылған қол, мөр немесе мөртаңба ешқандай растауды немесе заңдастыруды талап етпейді және бұл құжатты Гаага конвенцияға қосылған барлық мемлекеттерде пайдалануға болады.
М.Е.Асан,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің бас маманы
Фото: ашық дереккөзден