Есептеуіш құрал – су үнемдеудің жолы
«Су – тіршілік көзі» деп халқымыз текке айтпаған. Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайды. Адамның денсаулығы, қоршаған ортаның ахуалы тікелей таза суға байланысты екендігі тағы бар. Осы ретте ауыз суды үнемді пайдалану қажеттігі жайында аз айтылып жатқан жоқ. Аудан көлемінде таза ауыз судың мәселесі 100 пайыз шешілген. Дегенмен таза суды үнемдеуге байланысты айтылатын мәселебар. Бұл жайында ауданды ауыз сумен қамтып отырған «Нұра» топтық су құбыры «Арал» СЖКБД филиалы Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімше басшысы Марат Исмағұловпен әңгіме барысында білдік.
– Марат Әлиакбарұлы, осыдан бірнеше жыл бұрын облыс көлемінде Сырдария ауданы 100 пайыз ауыз сумен қамтылған аудан ретінде аталды. Барлық елді мекенде тәулік бойы ауыз су берілетін деңгейге жеттік. Дегенмен ауыз су төңірегінде шешімін таппай отырған қандай мәселе бар?
– Әрине, ауыз су қашанда өзекті. Тәулік бойы таза ауыз су тұтынатын ауданның қатарындамыз. Десек те халықтың ауыз суға деген сұранысы ұлғайған сайын толыққанды қажетті сумен қамту жұмысы күрделене түсуде. Оған қоса жаз мезгілінде аудан тұрғындарының ауыз суға деген қажеттілігі артып кетеді. Мәселен, судың көп бөлігі бау-бақшаны, ағаштарды суару үшін жұмсалады. Осы ретте тұрғындарға айтарымыз, су қолжетімді екен деп тіршілік көзін қалай болса солай пайдалануға болмайды. Жазғы 2-3 ай уақыт ішінде ауыз суды бау-бақшаға пайдалануды тоқтатайық, ол үшін аяқ су бар. Аяқ судың орнын таза сумен ауыстыру үлкен қателікәрі салғырттық. Ауыз судың қорын үнемдеуге, оның бір күні болмаса сарқылатыны жайлы ойланып, түсіністік танытайық деп айтқым келеді.
– Ауыз судың таусылуы үлкен мәселе, оған ең басты себеп не?
– Ең бірінші мәселе – жылдан жылға жер асты су қоймасындағы судың деңгейініңтөмендеп бара жатқандығы. Сол себепті, алдағы уақытта өз болашағымыз үшін ауыз суды қадірлеп, суды үнемдеуді өз отбасыңыздан бастаңыз. Балаларды да ауыз суды үнемдеуге тәрбиелеу керек. Бір сәтке су болмай қалғанда қандай күй кешетінімізді түсіндіріп, таза судың босқа ағып тұруына жол бермейік. «Судың да сұрауы бар» дегендей, ысырапшылдықтың ең үлкені таза суға немқұрайлы қарау, оның қадірін білмеу. Су бүгінгі таңда ешнәрсемен алмастырылмайтын жалғыз табиғи ресурс.
– Ауыз суды үнемдеу үшін тұтынушылар нені білуі шарт?
– Табиғи монополиялар туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-VІ ҚРЗ. 27 бап 2 тармақ 2 тармақшасында көрсетілгендей тұтынушыларда есепке алу аспабы болуға тиіс. Бұл суды үнемдеудің басты кепілі.
– Есептеуішті кім орнатып, ол үшін төлемді кім жүргізеді?
– Су есептеуіш құралдарын орнатумен айналысу құқығына тек лицензияланған ұйымдар айналысады. Жеке есепке алу құрылғысын қабылдау қызмет жеткізушінің өкілдері пломбалаған сәттен басталады. Суға жеке есептеуіш құрылғысын орнату, ауыстыру тұтынушы есебінен жүргізіледі. Яғни әрбір тұтынушы ақысын өзі төлейді.
Жаңа есепке алу құрылғысын орнату, шешіп алу (алып тастау), қолда бар есептеуішті қайта орнату және тексеру бойынша жұмыстар лицензияланған қызмет түріне жатады. Сондықтан осы қызметті іске асыруға лицензиясы бар, шешіп алу, монтаждау актілері сияқты тиісті құжаттарды толтырып, осы құжаттардың көшірмесін тұтынушыға беретін кәсіпорын немесе фирма өкілдерімен орындалады.
– Жеке есепке алу құрылғысын орнату кезінде қандай жағдайларға назар аудару қажет?
– Есепке алу құрылғысы жеке есепке алу құрылғысы нұсқаулығына сәйкес орнатылуы тиіс. Құрылғының бүтіндігін (пломбасын) тексеру, есептеуіштің нөмірін ЖЕҚ паспортымен салыстыру қажет. Бақылау аралық интервал есебі орнатылған күннен емес, өндіруші зауыттан шығарылған немесе бақылау сәтінен бастап жүргізіледі.
Лицензияланған ұйымнан берілген ЖЕҚ паспорты және ЖЕҚ орнату (монтаждау) актісі ЖЕҚ орнатуды растайтын құжаттар болып табылады.
– Пломбаны қалай орнату қажет?
– Жөндеу жұмыстары кезінде пломбалауды тек қана жауапты мекеме Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің өкілдері жүргізеді. Пломба ауыстыруды осы қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы бар кәсіпорын немесе фирма жүргізе алады.
– Кез келген уақытта тұрғын үйде апатты жағдай орын алса, пломбаны алып тастауға болады ма?
– Тұтынушыға пломбаны өз бетінше алып тастауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Пломбаны бұзғаны үшін суық немесе ыстық судың құны ЖЕҚ көрсеткіштерін соңғы тексеру мен жазып алу күнінен бастап құбырдың толық өткізу қабілеттілігі бойынша пломбалау сәтінен есептелетін болады. Үлкен шығындарды болдырмау үшін пломбаны алып тастауға өтінім беріп, өндірістік бөлімшесінің өкілін күту қажет.
Тек апатты жағдайда ғана бөлімшесінің өкілі тек жеке тұлғалардан соңғы көрсеткішін жазып алып, есепке алу құрылғысын тоқтату актісін жасау арқылы ЖЕҚ пломбасын алып тастай алады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Бибісара ЖАНӘЛІ