Су сапасы назарда
Аудан тұрғындары тәулік бойына орталықтандырылған таза ауыз суды тұтынып келеді. Тіршілік нәрі болған ауыз судың сапасы әркез бақылауда болу керек. Осыған орай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Сырдария оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесімен бірлесе ауыз су сапасы мен оларға қойылатын санитарлық талаптарға қатысты брифинг өткізді.
Алдымен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы М.Самалықов сөз алып, су сапасын тексеруге қатысты ақпарат берді. Бөлім басшысы су құбыры желілерін жууды және дизенфекциялауды қызметтің көрсетілген түріне лицензиясы бар мамандандырылған ұйым жүргізетінін атады. Ал ауыз судың сапасын бақылауды су пайдаланушының өндірістік зертханасы жүргізеді. Залалсыздандыру жұмыстары жасалған соң зертхана мамандары бактериологиялық және санитариялық-химиялық су сынамаларын алып, тексереді.
– Ауданда ауыз су тұрғын үйлерге кіргізілген. Сапалы ауыз сумен «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖҚБД филиалының Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесі тәулік бойына қамтамасыз етеді. Тереңөзек кенті бойынша 3 ауыз су құбыры бар. Судың тереңдігі 350-400 метрден тартылады. Барлық орталықтандырылған ауыз су жүйесінің сырты қоршалып, бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған. Және де санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жөнінде қорытындылары алынған. Аудандағы ауыз су жүйесінің сапасы үнемі қатаң бақылауда, – деді Мұхтар Амангелдіұлы.
Мұнан соң Сырдария оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімше басшысы Е.Дүзімбетов ауыз суды тазарту жұмыстарының жүргізілу барысына тоқталды.
– Аудан бойынша Тереңөзек кенті және 13 елді мекенге орталықтандырылған сапалы таза ауыз су үздіксіз беріліп келеді. Ауыз суға көктем, күз айларында түбегейлі тазарту, жуу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда ауыз су жүйесіне ағымдағы залалсыздандыру, жуу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су сапасын тексеру үшін аудандық «Ұлттық сараптама орталығы» мекемесімен келісімшарт жасалған. Соның негізінде жылына 4 рет су сынамасы алынады. Мекеме тарапынан су сапасына үнемі бақылау жасалып отырады, – деді бөлімше басшысы Ерсұлтан Болатұлы.
Баспасөз мәслихатында мамандар «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы тұрғындар және журналист қойған сауалдарға жауап берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ