Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетікөлге тәулік бойы таза ауыз су беріледі

Жетікөлге тәулік бойы таза ауыз су беріледі

Сырдария ауданында елді мекендерді тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтиже бар. Соның аясында Жетікөлден басқа ауылдарда тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу құрылысы арқылы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары толық аяқталып, ауылдар тәулік бойы сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Ал Жетікөл ауылында бұл бағыттағы жұмыстар биыл жүзеге асуда.

Ауылды таза ауыз сумен қамту «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бұған облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Тапсырыс беруші аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі болса, оны мердігер мекеме «Корпорация Алем-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Осы бағдарлама бойынша 18 жұмыс орны ашылып, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған.

– Ауылда 152 тұрғын үй бар. Қазіргі таңда су құбыры көшелерге тартылып, үйді-үйге кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су мұнарасы тұрғызылып, екі насос орнатылды. Біреуі қосымша ретінде қарастырылған. Бұл жұмыстар биылғы жылдың маусым айында басталған болатын. Барлық жұмыстар сапалы іске асырылғанда ауыл халқы тәулік бойы таза ауыз суды тұтынатын болады, – дейді ауыл әкімі Ө.Тоқпамбетов.

Биылғы жылы Жетікөл ауылындағы ең басты жаңалықтардың бірі – осы сапалы ауыз су жүесінің жүзеге асырылуы. Осы жұмыс толық жүзеге асқанда ауданда ауыз су мәселесі 100 пайыз толық шешімін табады. Енді аз уақыттан кейін Жетікөл елді мекенінде тәулік бойы таза ауыз су берілетін болады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
15 қазан 2020 ж. 590 0