Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт белдеуі өзгере ме?

Уақыт белдеуі өзгере ме?

Елімізде уақыт белдеуі өзгере ме? Бұл жайында әлеуметтік желіде ақпарат тарағаны белгілі. Яғни еліміздің бірқатар өңірінде уақыт бір сағат алға жылжиды деп айтылған.

Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрлігі уақыт белдеуіндегі өзгеріс туралы ақпа­рат­қа қатысты пікір білдірген.

«Уақытты бір сағат алға жылжытуға байланысты Қа­зақстан­­ның батыс өңірлерінде, яғни Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тарында биылғы жылдың 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні (00:00-де) елорда уақытымен бір сағатқа ауыстырылады» делін­ген ақпаратта.

Тиісті министрлік қазіргі уақыт­та елімізде уақытта есептеу­дің бірыңғай тәртібін белгілеу мәселесі зерттеліп жатқанын растады.

«Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүд­делі ұйымдармен бірлесіп Қазақстан Республикасы­ның аумағында уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеу мәсе­ле­сін зерделеп жатыр. Депутат­тардың, орталық мемлекеттік орган­дардың, қоғам мен ғылыми ұйымдар өкіл­дерінің қатысуымен жұмыс тобы құ­рыл­ды», – деді ведомство өкілдері.

Алайда Экология министрлігі өкілдері қазір бұл мәселе бойынша шешім қабыл­данбағанын айтады. Нақты шешім мәсе­лені егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін, сондай-ақ, қоғамдық талқылаудан кейін қабылданады.

Айталық, Қазақстан Республикасының аумағында уақыт екі әкімшілік уақыт бел­деуінде есептеледі: 4-ші (БҚО, Ақтө­бе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) және 5-ші (Астана, Алматы, Шымкент, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Ұлы­тау, Түркістан және басқа да облыс­тар).

Осы ретте уақыт белдеуіне қа­тысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аза­маттық үн қосып жүрген Болат Нұрқожаевтың пікіріне назар аударсақ. Ол ведомствоаралық топ мүшесі, қолдан­балы хронобиология маманы ретінде де көпшілікке танымал.

– Адам өміріне әсер ететін үш уақыт бар. Біріншісі, табиғаттың уақыты. Мұ­ны күннің шығуы және батуымен ­ес­еп­теу керек. Күн мен түннің ауысуы. Екіншісі, қолдағы әлеуметтік сағат. Бір-бірімен кездесетін, уағдаласатын, пойыздың уақыты, т.б. Үшіншісі, адамның биологиялық уақыты. Клеткада клокк деген ген бар. Адамның әрбір клеткасының өз сағаты бар. Егер де біз айтып отырған үш уақыт бір-бірімен үйлескен жағдайда ғана адамның денсаулығы, еңбекке деген қабілеті, психикалық жағдайы, қоғамдағы қатынастар, отбасылық жағдайлар, т.б. бәрі дұрыс болады.

2000 жылғы 1749 деген қаулы. Уақыт белдеуіне келгенде басты құжат осы. Ол құжатта Қазақстан территориясы аумағы 4 және 5 белдеулерде делінген. Экология министрлігіндегілер 4-ті алға жылжытсақ, Қазақстан аумағын тұтастай бірегей 5-белдеуге қалдырамыз деп ойлайды. Олар Астананы 5, бізді 4 белдеуде деп ойлайды. Ал қаулыда халықаралық өлшемге келгенде бір сағат алға жыл­жыты­латыны айтылған. Яғни, 4 5-ке айналады, 5 6-ға айналады. Иран 3,5, Ауғанстан 4,5, Үндістан 5,5 сағаттық белдеумен өмір сүріп жатыр. Бізге 4,5 сағаттық белдеуді қолдансақ, барлығымызға тиімді. Бізде оны тиісті тарап түсінбей отыр, – дейді Б.Нұрқожаев.

«Тт» ақпарат
Фото: ащық дереккөзден
31 қазан 2023 ж. 283 0