Газет басқан баспашы
Бұрындары аудан орталығында санаулы өндіріс орындары болатын. Сондай мекеменің бірі – аудандық баспахана. Баспахана жұмысы бір сәтке де тоқтамады. Мерзімді баспасөз бен аудан мекемелеріне қажеттігі түрлі бланкілерді басатын өндіріс орнында жиырма шақты адам жұмыс істеді.
Шынар Әбдіқалықова баспахананың баспашы мамандығын алғанға дейін алдымен осы салада екі жыл жұмыс істейді. Сонан соң нағыз маман атану үшін Шымкент қаласындағы арнаулы оқу орнына оқуға түсіп, екі жыл мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, қолына дипломын алады.
Әрине 60 жылдары мектеп қабырғасынан шыққан түлектер үшін ең алдымен еңбекке араласып, сонан соң оқу орнына түсу талап етілгені белгілі. Шынар Әбдіғазықызы да өзі туып-өскен Жалағаштағы баспаханада еңбек жолын бастауы да осындай талаптан туса керек. Ер азаматқа тән баспа жұмысын жатырқамай, қайта білсем, үйренсем деген талпынысы оны осы мамандықты меңгеруге әкелді. Мамандық таңдауда қателеспегенін түсінген Шынар апа 1976 жылы тереңөзектік азамат теміржолшы Ғани Сарқыншақовқа тұрмысқа шыққан бойда осындағы баспаханаға жұмысқа орналасты.
– Баспаханаға жұмысқа қабылдаған Бақтығали Бақтыбаев болатын. Алдымен ескі ғимаратта 4-5 жылдай еңбек еттік. Сонан соң аудан орталығындағы жаңа ғимаратқа көшкенімізде директорлыққа Сергей Тоқсанбаев ағай тағайындалды. Ол кісі өте әділ, талапшыл басшы болды. Барлығымыздың жұмысымыздың дұрыс үйлестірілуіне көп қолдау көрсетті. Күн-түн демей, жұмыс орнында болды. Ұжымның ауызбірлігі өте керемет еді. Арамызда үлкен апаларымыз Әнәпия Іскендірова, Шолпан Беркінбаева, Кеңескүл Жұмабаева бағыт-бағдар берді, – дейді өзі де бүгінде баспахананың ардагеріне айналған Ш.Әбдіқалықова.
Отыз жылдан астам уақыт баспаханада баспашы болып еңбек еткен, өзіндік қолтаңбасы бар Шынар Әбдіғазықызы байырғы әріптестерін Қалман Төлегенов, Бақытбек Әбдіқалықов, Рабиға Ерғалиеваны да құрметпен еске алады. Өзге әріптестері әріп теруші немесе бет жасаушы болып еңбек көрігін қыздырса, бұлар баспахананың станогында газет басып, газеттің жаңа санын жарыққа шығарған кәнігі мамандар болды.
Әрине өткен күндер бүгінде тарихқа айналды. Заманның қиыншылығын бір кісідей көрген сол кездің адамдары қиыншылықтың болғанын да ұмытқандай. Барлығына тәубе етіп, осы күнге жеткеніне шүкірлік етеді. Зиянды жұмыстың басы-қасында болған еңбек адамдары кезінде көптеген жеңілдікті де алды. Айлық жалақысына қоса, баспахана директорының іскерлігінің арқасында азық-түліктен таршылық көрмеді. Жасалған жұмысына сай, мекеме кәсіпорындармен келісім шартқа отырып, айырбастау арқылы нәпақаларын көрді.
– Елдегі қиын-қыстау кез біздің баспаханаға да келді. Бірақ бланкіге деген тапсырыс азайған жоқ. Аудандық газет мезгілімен шығып тұрды. Айлығымызды уақытылы алдық. Бірақ кейінгі жылдары компьютерлендіру басталғанда баспахананың жұмысы бірте-бірте тоқтап қалды. Редакциямен біріккен кезде баспахана қызметкерлерін қамқорлығына алған сол кездегі бас редактор Сәуле Ерімбет бізге көп қолдау көрсетті. Барынша қысқартуға жібермеуге тырысты. Зейнеткерлікке жасымыз жетпегендіктен мемлекеттен жәрдемақы алуымызды қамтамасыз етті. Қазір сол бейнеттің зейнетіне жеттік. Баспахана ардагері деп мереке күндері біздерді елеп отыратын редакция бар. Бұрынғы әріптестерім Жұмакүл Қожағұлова, Қазына Асықбаева отбасылық достарымызға айналды. Ылғи жақсылармен бірге қызметтес болғанымды қазір қуанышпен еске алып отырамын, – дейді мерекелік көңіл-күймен байырғы баспашы Шынар Әбдіқалықова.
Бұрынғының адамдарына тән қасиет – қанағатшылық пен ыждағаттылық па дейсің кейде. Осы мінез біздің Шынар апаның бойынан байқалып тұрады. Қай кезде көрсеңіз де еткен еңбегіне ештеңе сұрамайды, барлығына қанағат етеді. Ұзақ жылдар бойы жылуы жоқ салқын жерде, таң атқанша жұмыс істегенін міндетсінбейді. Қайта кезінде ауданның алдыңғы қатарлы өндіріс орынында белсенді еңбек етіп, өзі секілді жас мамандар дайындағанын мақтаныш етеді. Ләйла Ахметова, Алмат Сатыбалдиев – Шынар апаның кезінде баспахана машинасында жұмыс үйреткен үйренушілері.
Кезінде үш мыңдай боп таратылған аудандық газетті тапжылмастан 3 сағат бойы басып, әрбір газет қағазын ұқыптылықпен қолымен баспа машинасынан өткізіп, сапалы етіп газет басқан баспашыдан жұмысының қиындығы туралы сұрағанымызда: «Баспашымын деп қарап отырмадық. Әріп терушіге де, бет жасаушыға да көмектесіп, барлығымыз бірігіп жұмыс істедік. Газетті баспаға жібергенде де әрбір басылып шыққан газетті ашып, оның сапалы басылуын қадағалап тұратын едік. Кейде газет фотосы ұшып, жоқ болып кетеді, сонда дереу олқылықты жойып, қайта бетті дайындап, басатынбыз. Уақыттың қалай лезде зымырап өткенін де білмей қалатынбыз. Таңертең жұрт сиырын өріске шығарып жатқанда, біздер жұмыстан енді қайтып бара жататынбыз. Үйге барып, шәйімізді ішіп, сәл демалып, жұмысқа қайта келетінбіз. Жастық шығар, шаршауды білмедік», – дейді Шынар апа.
Шынар апа өмірлік серігі Ғани ағамен ұл-қыз өсірген өнегелі отбасы. Үлкен қызы – Нұргүл ана жолын қуып, баспасөз жұмысын алға сүйреп келеді. Ол редакцияның бас маманы қызметін абыроймен атқаруда. Жеті немеренің сүйікті ата-әжесіне айналған Шынар апа мен Ғани аға – бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты отбасы.
Бибісара ЖАНӘЛІ