Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбилерге кіндік шеше атанған

Сәбилерге кіндік шеше атанған

Талай сәбидің өмірге келуіне себепші болған байырғы аку­шерка Ұл­болған Отарбаеваны сырдариялықтар «Ұлжан апа» деп біледі. Есімін осылай атаған аудан тұрғындары, әсіресе, қыз-келіншектер қауымы білікті акушерканың есімін, адал атқарған қызметін құрмет­тейді. Ел-жұрттың шынайы ыстық ықыласы мен пейілінен болар қазір ақ жаулықты ана, сү­йікті әже атанған Ұлжан апа сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Ұлжан апа – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, аудан тарихында өзіндік қол­таңбасымен қалған асыл азамат Жамал-ад-Дин Бақбергеновтың өмірлік жары. Жамал-ад-Дин аға – ауданда ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласының экономикасына басшылық жасаған атпал азамат.
«Қолы жеңіл», мінезі жұмсақ, жүрегі кең аку­шерканың кезіндегі еңбегі туралы талай мақала мен очерктер жазылған. Соның бірі – аудандық газеттің 1985 жылғы 7 наурыздағы санында М.Сақтаповтың «Сәбилердің сүйікті анасы» деген мақала шыққан. Мақалада уақытпен санаспай, тәулік бойы кезек­шілікке тұрып, отбасына енді ғана келген білікті маманды қайтадан телефон арқылы перзентханадан шақырғаны жайында жазылған. Күннің қытымыр аязы мен сақырлаған суығына қарамастан жаяулатып перзентханаға жеткен акушерка дереу жаны қиналып жатқан келіншекті аман-есен босандырғаны баяндалады. Ана мен баланың денсаулығына қауіп төндірмей, дер кезінде көмек көрсетіп, уақыт өткізіп алмай, шақалақтың дүниеге келуіне себепші болу ең алдымен оның біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты. Сондықтан болар, жүздеген сәбидің кіндік шешесі атанған Ұлжан апаның еңбек еткен жылдарында ана мен бала өлімі болмаған.
– Соғыс басталатын жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келіппін. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, акушерлік мамандықты алдым. Алғашқы еңбек жолымды Қаракөл совхозында өз мамандығым бойынша бастадым. Тұрмысқа шыққан соң қосағым қайда қызметте болса, сонда бірге жүрдім. Өзім де балалы болып, отбасы ошақ қасы дегендей қызметте жүрген ерімнің жағдайын жасадым. Қай ауылға қоныс аударсақ, сондағы медициналық бекетте акушерка болдым. Кейін ауданға келіп, перзентханада табан аудармастан 22 жыл еңбек еттім, – дейді бүгінде өзі де батыр ана атанған Ұ.Отарбаева.
Ұлжан апаның жақсылығын, оның шын мәнінде кәсіби бі­лікті маман болғанын осы күні жасы ұлғайған апалар айтудан жалықпайды. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, жақсы адамның өнегелі ісі қанша жыл өтсе де ел аузында қалып, жаңғырып келеді. Осы ретте, өнегелі өмір иесі туралы байырғы әріптесі жылы лебіз білдірді.
– «Ұлжанның қолы жеңіл» деген сөзді біздің кезіміздегі барлық ана айтатын. Жарық дүниеге келген сәбидің алғашқы жанашыры, аналық мейірімнің иесі – оның кіндік шешесі. Халқымызда «Бала кіндік шешесіне ұқсайды» деген сенім бар. Осы күні талай бала Ұлжан секілді адамгершілігі мол, сыпайы, мейірімді болып өскеніне сенімдімін. Ұзақ жылғы еңбегінде көптеген сәбидің өмірге келгеніне куә болды. Баласын құшағына алған жас ананың көзінен шын бақытты көрді. Оның адал еңбегін, қызметіне төккен маңдай терін осы күні замандастарымыз аңыз етіп айтып жүр. Ұлжанның өзі қанша сәбиге есім беріп, қаншасына қамқоршы болғаны бір бөлек әңгіме. Мұны біз еш уақытта ұмытпаймыз. Ұлжанға ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін. Бала-шағасының қызығына тоймай 100-ге келсін! – дейді байырғы әріптесі, дәрігер Айсұлу Палымова.
Дүниеге 7 перзент әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ақ жаулықты ана 69 жасында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Алтын алқамен» наградталды. Оның медицина саласына сіңірген 30 жылғы еңбегі ескеріліп, талай мәрте марапат биі­гінен көрінді.
Ұлжан апа мемлекет тарапынан берілген наг­рададан да биік қоятыны – асыл жарымен бірге өмір сүрген жылдары, отбасы, сүйікті перзенттері. Балаларының әрқайсысының бір-бір мамандық иесі атанып, ел-халыққа қызмет еткенін көру – бақыттың бұйырғаны. Қазір аяулы ананы мәпелеп, бар жағдайын жасап отырған ұлы Назарбек пен келіні Әлима бар. «Ененің топырағынан» демекші, Әлима – акушер-гинеколог. Ұлы Назарбек облыстық полиция департаментінің анықтама басқармасы бастығының орынбасары қызметінде. Перзентерінің үлкені Гүл­нар мен кенже қыз Айгүл әке жолын қуып, экономист мамандығын меңгерген. Гауһар мен Райкүл ананың ізгі жолын жалғастырып, медицина саласын таңдаған. Бақытжан ауданда 30 жылдан бері білім саласында абыройлы қызмет атқарып келе жатса, Балжан – балабақшада тәрбиеші.
Бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуананың құ­шағы немере мен шөберелерге толып, әрбір ат­қан жаңа күн жақсылығымен, шуағымен, мерейімен келсін демекпіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 маусым 2021 ж. 1 317 0