Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер жат әдетке қарсы

Жасөспірімдер жат әдетке қарсы

Ауданымызда прокуратура органдары тарапынан жүргізіліп жатқан «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға аудандық мәдениет және спорт бөлімі де атсалысып, мәдени-көпшілік кештер мен кездесулер өткізіліп, оған оқушылар да белсенді түрде қатысуда. Бұл жолы жат әдетке қарсы жасөсіпірімдер  сот отырысының қойылымын қойып, есірткіге ғана емес, қоғамдағы түрлі қылмыстарға қарсы екендіктерін танытты.

Іс-шараға аудан орта­лығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар іс-шарада есірткіге құмар болып, со­ң­ында қылмыскер ре­тін­де құрықталған аза­маттың өкі­нішке толы өмі­рінен сыр шертетін сот оты­­рысының қойылымын қой­ды. Қойылымда Сламбек­ Нұрдәурен, Нұрифат Айбе­қызы, Әлішер Асанхан, Ақерке Яхияева, Ислам Абдикаримов, Нұрасыл Кен­байұлы және Жандос Қай­ратұлы есімді оқушылар өнер көрсетті. Оқушыларды кітапханашы Раушан Құл­маханова мен мектеп-лицей мұ­ғалімі Айғаным Әбдісамат дайындаған. Қойы­лымды ау­дандық проку­ра­тураның про­­­куро­ры Батырбек Жұма­ғали арнайы тамашалап, оқу­­шы­лардың еңбегі мен ізде­нісін жо­ғары бағалады.

– Біз қылмыспен күрес жұ­мыстарын көбіне құқық қорғау органдарымен бірге жүргізіп келеміз. Бұл жолы жастар мен жасөсіпірімдерді де қамтуды жөн көрдік. Өйт­кені елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастардың есірткіге қарсы болуы, нашақорлық қылмыстарынан бойын ау­лақ ұстауы бәріміз үшін аса маңызды. Аудандық про­куратураның ұсынымымен қазір барлық мектептерде­ «Есірткісіз аймақ» жобасы­ аясында арнайы ашық сабақтар, кездесулер, та­нымдық кештер өткізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бас­ты мақсатымыз – есірткісіз аймақ құру, яғни аудандағы есірткі бизнесіне түбегейлі тос­қауыл қою, – деді Батырбек­ Төребекұлы.

Өз кезегінде аудандық мә­дениет және спорт бөлімінің әдіскері Жадыра Бағдатқызы жастардың жат әдетке қарсы им­му­нитетін қалыптастыру ба­ғы­тында бөлім тарапынан ұйымдастырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл жұмыстарға жалпы білім беретін мектептердің оқу­шылары қатыстырылып жат­қанын айтты.
– Мәдениет және спорт бөлімінің құзіреті кең, ат­қаратын жұмысы да ауқымды. Бөлім тарапынан халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету, спорттың бұқаралық сипатын дамыту жұмыстар ат­қарылып жатыр. Біз сон­дай-ақ жастардың саналы, парасатты азамат болып қалыптасуына да өз үле­сімізді қосып, олардың бос уа­қыттарын жақсы істерге ба­ғыттауға да мән беріп ке­леміз. Мәселен «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында жас­тар шығармашылығын дамыта отырып, нашақорлықтың қоғамға тигізер зиянын насихаттау үшін арнайы қойылым ұйымдастырдық. №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жоғары сынып оқу­шылары ұстаздарының же­текшілігімен іс-шараға жақсы дайындалғанына куә бол­дық. Жалпы бұл мектептің оқушылары өте белсенді. Біз алдағы уақытта да өнерге, мә­дениетке құштар, білімді оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың та­лабын ұштауға, талантын үкілеуге қолдау көрсетеміз, – де­ді Жадыра Бағдатқызы.

Іс-шара соңында оқу­шы­лар өзара пікір алмас­ты. Сондай-ақ белсенді жас­өспірімдер бөлім тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.

«Тт» ақпарат
21 қазан 2023 ж. 219 0