Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Анаға құрмет – балаға міндет

Анаға құрмет – балаға міндет

№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің өзін-өзі тану пәнінің мұ­ға­лімі  Ж.Байқадамованың ұйым­дастыруымен «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі аясында тағылымды іс-шара өтті. Шараға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп-лицей мұғалімдері, ардагерлер, оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында өзін-өзі тану пәнінің оқушыларды адалдыққа, мейірімділікке, сыйластыққа баулитыны жөнінде мағлұмат берілді. Сонымен бірге отбасындағы ата-ананың рөлі, оларға құрмет көрсету тақырыбында мысалдар келтірілді. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғ.Бақтиярова оқушыларға патриоттық тұрғыда тәлім-тәрбие берудің маңыздылығы жөнінде әңгімелесе, ардагер-ұстаз М.Серікбаева өмірлік мол тәжірибесімен бөлісті. Іс-шарада ананың аялы алақаны, жылы сөзі, ыстық ықыласы, балаға деген шексіз махаббаты мен әппақ көңілі туралы аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы пікір білдірді.
Тағылымды шарада оқушылар ақындардың анаға арнаған өлеңдерін жатқа оқыды. Тебіреніп, шабыттанып өлең оқыған оқушылардың дайындығы, белсенділігі көрермендердің көңілінен шықты. Мектеп-лицей директоры Ү.Жұмабаева «Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі аясында ұйымдастырылған шараға атсалысқан белсенді оқушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Осылайша, тәрбиелік мәні зор шара жоғары деңгейде қорытындыланды.

Майя Қожабай
15 ақпан 2020 ж. 867 0