Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газдан, судан келетін қауіп көп

Газдан, судан келетін қауіп көп

Аудан тұрғындары игілігіне берілген табиғи газдың рахатын тұрғындар соңғы 2-3 жыл көлемінде көріп келеді. Бұрын тұрғындар үшін газдың келуі ертегі болып көрінгенімен, қазір тұрғындар жайлы өмірге біршама үйренісіп қалды. Жыл бойы тұтынатын газ – пайдалануға ыңғайлы, әрі қатты отыннан құны арзан. Ал төтеннен келетін қауіп газдан да болатынын және тілсіз жаудың қатарындағы су мен оттан зардабы кем түспейтінін әрбір тұрғын білгені жөн.

Аудандағы төтенше жағдайдың алдын­ алу бөлімінің қызметкерлері жылыту маусымы басталар алдында аудандағы барлық тұрғындардың мекен жайына барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Еліміз­де жылыту маусымы басталғаннан бері бұл түсіндіру жұмыстары да қыза түскен. Қол­дарында үгіт-насихат парақшалары бар тө­теншеліктер ең алдымен газдан, газ иісінен уланып қалудың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын мектеп оқушыларынан бастап түсіндірді. Себебі көп ретте ата-ана­лары жұмыста болатындықтан, аяқ астынан­ келетін қауіп кезінде жас жеткіншектер қа­уіппен бетпе бет келуі мүмкін. Осы ретте газды дұрыс пайдалану аса маңызды.

Табиғи газдың түр түсі болмайтындықтан ақауды тек иіс сезу арқылы байқауға болады.­ Сондықтан кез келген уақытта газдың иісі сезілсе, дереу 109 нөміріне қоңырау шалу керек. Ал қарапайым ережелердің қатарында газдың иісін байқасаңыз, сырттан келетін газ құбырындағы клапанды жабу керек. Дереу есік-терезені ашып, сыртқа шыққан дұрыс. Ересектердің өз бетінше газ пешін жөндеуіне, ақауды анықтауға болмайды. Себебі газ – қа­уіпті. Өрт оқиғасы болуы мүмкін жағдайдың алдын алуға тек арнайы мамандандырылған қызметке хабарласып, төтенше жағдайға тосқауыл қоя аласыз.


– Аудан орталығы – Тереңөзек кентінің барлық көшесіне газ желілері жүргізілген және газ қысымы қалыпты. Көгілдір отынның игілігін көріп отырған көпшілік жыл өткен сайын­ жаңашылдыққа үйренісіп келеді. Бүгін­де аудан тұрғындары табиғи газды тұрғын үйлерін жылыту үшін пайдалануға көшті. Жылыту маусымына дайындық кезінде газ желісі құбырларының белгілері мен көпқабатты тұрғын үйлердің газ реттегіш пункттері сырланып, тексеру жұмыстары жасалды. Тұрғын­дарға үй-жағдайында орнатылған газ тұтыну жүйелерін техникалық қызметтен өткізу қажеттігін ескерткіміз келеді. Табиғи газды­ тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін маңызды. Сонымен қатар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасас­пай, оларды пайдалануға тыйым салынатынын­ ескерткіміз келеді, – дейді аудандық газ шаруашылығы директоры Е.Есенгелді.

Көгілдір отынның игілігін көріп отырған кент тұрғындары газдан келетін қауіптің алдын алу үшін жыл сайын арнайы техникалық тексеруден өткізілуі тиіс дейді мамандар. Сон­дықтан жылыту маусымы басталғанымен әлі күнге дейін газ пешін қоспаған тұрғындар ең алдымен мамандарды шақырту қажеттігін ес­ке салады.

– Соңғы күндері күн суытып кетті. Көктемде тоқтатылған жылыту пештің жұмысын қайта қосу үшін мамандарды күтіп отырмыз. Қандай да бір қауіптің алдын алу үшін пешті өз беті­мізше қосуға болмайтынын білеміз. Мамандар үй аралап, газды пайдаланудың ережесін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондықтан барынша қауіпсіздік талаптарды сақтауымыз қажет, – дейді кент тұрғыны Н.Ғаниқызы.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Джалмұхамбетованың ай­ту­ынша жылу беру маусымында жүргізілетін про­филактикалық және газ құю бекеттерінде қауіп­­сіздіктің алдын алу бағытындағы жұ­мыстар әлі де жалғасуда. Соңғы уақытта газбен жүретін автокөліктер қатары көбеюде. Сәйкесінше газ құю бекеттеріндегі қауіпсіздік аса маңызды.

– Аудан көлемінде жылу бе­ру маусымына дайындық жұмы­сы жан-жақты пысықталды. Төтенше жағдайлар бөлімі профилактикалық іс-шараларды күшейтіп, олқылықтардың алдын алуды қарқынды жүргізді. Қызылорда газ тарату жүйесі мекемесінің мамандарымен бірлесіп, тұрғын үйлерде газды ережеге сай пайдалану керектігі ескертілуде. Сонымен қатар газ құю бекеттерінде газды ережеге сай құю ұдайы қадағаланады. Негізінен, өрттің шығу себептеріне бірнеше фактор әсер етеді. Балалардың отпен ойнауы мен ашық отты пайдалану және тағы басқа себебінен төтенше жағдай салдары анықталуы мүмкін. Кез келген адам үйден шыққан уақытында барлық газ және электр қондырғыларының өшірілгеніне көз жеткізгені дұрыс. Жылыту маусымы басталған кезде пешті бір рет тазартып тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – деді бөлімнің аға инженері.

Сонымен қатар адам өміріне қауіп әкелетін төтенше жағдай судан да келеді. Биылғы жылы облыс аумағында суға кетудің бірнеше жағдайы тіркелді. Дарияға суға түсуге асығатын тұрғындардың көп жағдайда арнайы жағажайға барып түспей, белгіленбеген жерге барып шомылады. Биылғы суға түсу маусымы аяқталғанымен, келер жылы кент орталығынан өтетін «Майжарма» каналы абаттандырылып, арнайы демалыс орнына айналатын күн де алыс емес. Сондықтан тұрғындар суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтағаны – қауіптің алдын алғаны екенін естен шығармағаны жөн.

Су – ауа секілді ең маңызды қажеттілік болғанымен одан келетін қауіп те аз емес. Сондықтан салғырттыққа жол бермей, барынша сақ болу – өміріңді сақтаумен тең.

Б.ЖАНӘЛІ
17 қазан 2023 ж. 176 0