Қауіпсіздік – басты талап
Тереңөзектіктердің көгілдір отынның игілігін көріп келе жатқанына біршама уақыт болды. Күнделікті тұрмыста аса маңызды қажеттілік болып табылатын газдың берілуі аудан тұрғындарының жұмысын жеңілдетіп, шығынын азайтты.
Тереңөзек кенті бойынша жеке тұрғын үйлердің саны 1834 болса, пәтерлердің 253-і газ желісіне қосылған. 108 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан табиғи газды пайдалануда. Жылу беру маусымы қарсаңында сала мамандары тұрғындарға қауіпсіздік шараларын басты назарға алуды қатаң ескертеді.
– Аудан орталығындағы барлық көшеге газ желілері жүргізілген және газ қысымы қалыпты. Көгілдір отынның игілігін көріп отырған көпшілік уақыт өте келе жаңашылдыққа үйренісіп келеді. Дәл қазіргі сәтте ауданымызда жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде. Газ желісі құбырларының белгілері мен көпқабатты тұрғын үйлердің газ реттегіш пункттері сырланып, тексеру жұмыстары жасалуда. Тұрғындарға үй-жағдайында орнатылған газ тұтыну жүйелерін техникалық қызметтен өткізу қажеттігін ескерткіміз келеді. Табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін маңызды. Сонымен қатар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынатынын ескерткіміз келеді, – дейді Сырдария аудандық газ шаруашылығы директоры Е.Есенгелді.
Әзірге Тереңөзек кентінің тұрғындары ғана табиғи газдың игілігін көріп отыр. Алдағы уақытты Қалжан ахун ауылдық округінің тұрғындары да көгілдір отынға қол жеткізбек. Осы мақсатта қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сала мамандарының дәйегінше, жұмыстардың 80 пайызы атқарылған.
Тұрғын үйлерге газ жүйесі жүргізілгелі тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Олар көмір тасып жағудың машақаты көп екенін айтады. Сондай-ақ, газ баллондарын арнайы орталықтан толтырып, ай сайын тасудың да қиыншылықтары бар. Бүгінде тәуліктің кез келген уақытында көгілдір отынның игілігін көріп жүрген халық жылыту маусымында да еш қиналмайтынына қуанады. Ауданымызға газдың берілуі тарихи жаңалық болды.
Осы ретте сала мамандары тұрғындар игілігін көріп отырған көгілдір отынды қолданудың өзіндік ережелері мен қауіпсіздік шаралары бар екенін ескертеді. «Апат айтып келмейді» дегендей, қауіпсіздік шараларын сақтамау келеңсіз оқиғаға апаруы мүмкін екенін ескерткіміз келеді. Жылыту маусымы алдында тұрғындарға үй-жайдағы газ қондырғыларын тексерту қажеттігін ескертеміз. Сондай-ақ, тұрмыстық газ желісі бойынша ақау орын алған жағдайда «109» бірыңғай нөміріне қоңырау шалу керектігін еске саламыз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ