Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіп қайдан демеңіз...

Қауіп қайдан демеңіз...

Табиғи газдың халық игілігі үшін пайдалануға берілуі тұрғындарға зор қуаныш сыйлағанымен, оның да өзіндік жауапкершілігі һәм қауіптілігі бар. Мәселен, су мен от – тілсіз жау ретінде халық санасына бекігенін білеміз. Сол қатарға бірер жылдан бері тереңөзектіктер пайдаланып отырған газды да жатқызуға болады. Өйткені газдан келетін қауіптің соңы оқыс оқиғамен ғана емес, орны толмас өкінішпен де аяқталуы мүмкін.

Газдан, газ иісінен орын алуы мүм­кін қауіпті жағдайларды жоғары сынып оқушыларына түсіндіру, тиісті ақпараттық мәлімет­термен бөлісу мақсатында аудан орталығындағы №36, 35, 210, 131 мектептерінде кездесу өткізілді. Кездесуге Қызылорда газ тарату жүйесі КМК-нің бас инже­нері Б.Ысқақов, аудандық газ ша­руашылығы директоры Е.Есенгелді, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға ин­же­нері С.Джалмұхамбетова жә­не аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы қатысты.

Іс-шара барысында сала мамандары­ «Қауіп қайдан демеңіз» деген халық даналығына сәйкес әңгіме өрбітіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Қызылорда газ тарату жүйесі КМК-нің бас инженері Б.Ысқақов пештен шы­ғатын газдан ула­нудың соңы кейде өліммен аяқталуы да мүм­кін екенін айтты.

– Елімізде соңғы жыл­дары иістен улану оқи­ғалары көп кездесуде. Бұл тұрғындардың салғырттығынан немесе қарапайым ере­желерге мән бер­ме­у­інен орын алады. Сон­дықтан жылу бе­ру маусымы кезінде тұр­мыстық пештің ақау­лығынан түтін шы­ғу жағдайларының жә­не пештен шық­қан көмір­қышқыл газымен улану­ жағдайларының алдын алу және болдырмау мақсатында бел­гіленген қауіпсіздік шараларын есте сақ­тау­ларыңызды сұраймыз. Біз үшін адам өмірі – ең маңызды құндылық. Бүгін оқушылармен әдейі кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жөн көрдік. Өйткені ата-аналары жұ­мыста болған кезде жоғары сынып оқу­шылары газға шай қойып, тамақ пісіріп, басқа да жұмыстарды атқарады. Сол кезде өте сақ болса, дұрыс пайдаланса, қауіпті оқиғалар орын алмайды, – деді ол
.

Өз кезегінде аудандық газ шаруа­шылығы директоры Е.Есенгелді үйден газдың иісі шықса дереу 109 нөміріне немесе төтенше жағдайлар бөліміне хабарласу керектігін айтты. Мамандар сондай-ақ қарапайым ережелерді де түсіндірді.

– Үйден газдың иісі шықса, бірден газ келетін клапанды жабу керек. Сосын терезені ашып, далаға шыққан дұрыс. Үйде үлкен кісі болса, соған хабарлап, айту да аса маңызды. Егер де үйде ешкім болмаса, көрші үйдегі үлкен кісілерге айтып, көмек сұраған жөн болады. Оқушылардың өз бетінше газдың пешін ашып немесе басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұмты­луы өте қауіпті. Мұндай қадамға бару – өрт оқиғасының алғышарты болып табылады. Сондықтан абай болған дұрыс.

Аудан орталығындағы барлық кө­шеге газ желілері жүргізілген жә­не газ қысымы қалыпты. Кө­гіл­дір отынның игілігін көріп отыр­ған көп­шілік уақыт өте келе жаңа­шыл­дыққа үйренісіп келеді. Дәл қазіргі сәтте ауданымызда жылыту маусымына­ да­йындық қарқынды жүргізілуде. Газ желісі құбырларының белгілері мен көпқабатты тұрғын үйлердің газ рет­тегіш пункттері сырланып, тексеру жұмыстары жасалуда. Тұрғындарға үй-жағдайында орна­тылған газ тұтыну жүйелерін техникалық қыз­меттен өт­кізу қажеттігін ескерткіміз келеді. Та­биғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін маңызды. Сонымен қатар, ком­му­налдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұ­­тыну жүйеле­ріне және газ жабдығына тех­­­­ни­калық қызмет көрсетуге арналған шарт жа­сас­пай, оларды пайдалануға тыйым салынатынын ескерткіміз келеді, – деді ол.

Басқосуда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға ин­же­нері С.Джалмұхамбетова жылу беру маусымында жүргізілетін профилактикалық және газ құю бекеттерінде қауіпсіз­діктің алдын алу бағы­тындағы жұмыс­тар туралы баяндады.

– Ел көлемінде жылу беру маусымына дайындық жұмысы жан-жақты пысықталуда. Сыр­дария ауданы бойынша төтенше жағ­дайлар бөлімі әрқашан профилактикалық іс-шараларды күшейтіп, олқылықтардың алдын алу жүргі­зілуде. Қызылорда газ тарату жүйесі мекемесінің мамандарымен бірлесіп, тұрғын үйлерде газды ережеге сай пайдалану керектігі ескертілуде. Сонымен қатар газ құю бекеттерінде газды ережеге сай құю ұдайы қадағаланады. Негізінен, өрттің шығу себептеріне бірнеше фактор әсер етеді. Балалардың отпен ойнауы мен ашық отты пайдалану және тағы басқа себебінен төтенше жағдай салдары анықталуы мүмкін. Кез келген адам үйден шыққан уақытында барлық газ және электр қондырғыларының өші­ріл­геніне көз жеткізгені дұрыс. Жылыту маусымы басталған мезетте пешті бір рет тазартып тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Пешті жағуды үйден шығар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтату төтенше жағдайлардың алдын алады, – деді бөлімнің аға инженері.

Оқушылар сала мамандарына­ сұ­рақтарын қойып, жауап алды. Мектеп ұстаздары жақсы түсіндірме жұ­мыстарын жүргізгені үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, жұмыста абырой тіледі. Бұл күні мамандар арнайы әзірленген жадынамалар мен үнпарақтар таратты.

Мектеп ұстаздарының айтуынша­, бұл жұмыстар мектепішілік ашық са­бақтарында, тәрбие сағаттарында қо­сымша талқыланатын, тиісті түсіндір­ме жұмыстары жүргізілетін болады. Өйт­кені, қауіпсіздік – басты талап.

Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ
26 қыркүйек 2023 ж. 378 0