Газбен ойнауға болмайды
«Ойыннан от шығады» деп бекер айтылмаған. Бала қадағалаусыз қалса ойын ойнаймын деп өмірі қауіпке шалдығады. Бұл әсте тек отқа байланысты айтылмаса керек. Мағыналы сөзге мән беру керектігі өміршеңдігін жойған емес. Қайта күн санап жаңа технологиялар өмірімізге енген сайын қауіптің де ауылы алыс еместігін аңғару қиын емес. Яғни, айналамыздағы тұрмысқа тұтынатын көптеген заттың адам өміріне қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Себебі қауіп аяқ астынан келетіндіктен, тілсіз жаудың құрбаны болу әп-сәтте. Тілсіз жау қателікті кешірмейді.
«Сақтансаң – сақтайды» демекші биылғы жыл кент тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Кентке табиғи газ келіп, тұрғындардың қуанышында шек жоқ. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей тұрғындар табиғи отынды үй-үйлеріне кіргізуге асықты. Қазір тұрғындардың арасында өткен қыс соңында-ақ көгілдір отынның игілігін көргендер де бар.
Кенттегі табиғи газды үй-үйге кіргізу жұмыстары жаз бойы жүргізілді. Дегенмен күн райы салқындаған сайын оны тұтынуға өтініш білдіргендер саны да артып, алдағы жылыту маусымында табиғи газды пайдаланатындар қатары да артпақшы. Мамандардың пікірінше, көгілдір отынның қауіптілігі жоқ емес. Себебі табиғи газ түссіз, әрі иіссіз болатындықтан қандай да бір ақау соңы өкінішті жағдайға әкелері анық. Сондықтан ең алдымен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, барлық талаптарға сай жүргізілген газды тұтыну неғұрлым қауіпсіз болады.
Кент бойынша тұрғын үй, мекеме ғимараты жайларының жанында газ реттегіш қораптар орнатылған. Мұндай сары түсті қораптардың дені орталық газ тарату құбырына қосылғандықтан, ғимаратқа газ құбырын тартуға ыңғайлы. Десек те айтпағымыз осындай қораптар көше бетте орналасқандықтан оның жанына оқушылар ойнауға әуес келеді. Балалар білместіктен «сары қораптарға» түрлі бөгде заттарды салып, құм, тас секілді заттарды толтырып қоюды қызық көреді. Ал бұл дегеніңіз өте қауіпті. Балалар біріншіден, газ иісіне уланып қалғанын да сезбесе, екіншіден, газдың үздіксіз берілуіне кедергісін келтіреді. Сондықтан, ата-аналар балаларға келеңсіз жағдайдың орын алмауы үшін газ реттегіш қораптарының жанында ойнамауды айтудан жалықпаған жөн.
– Қазір кент тұрғындары табиғи газды тұтынуға қамданып жатыр. Барлық тұрғын үй жанында газ реттегіш қораптары орналасқан. Өтініш берілсе, аз уақытта табиғи газ да үйіңізге кіреді. Дегенмен, газдың қауіптілігі туралы айту бірінші міндетіміз. Тұрғындарға газды дұрыс пайдалану, қауіпсіздік ережесі туралы мағлұмат береміз. Жалпы айтпағым, күндізгі уақытта байқайтынымыз, оқушы балалар көшеде орналасқан газ реттегіш қораптардың маңында шоғырланып ойнайды. Әсіресе, көпқабатты үйлердің жанында ойнауды әдетке айналдырған. Олар қораптарға түрлі бөгде затты тастап, газ тарату желісінің ақаусыз жұмыс істеуіне кедергі жасайды. Мұның барлығын бекерден айтып отырғанымыз жоқ. Ата-аналар балаларына түсіндіруі тиіс. Қадағалаусыз қалған бала жағымсыз әрекет жасауға әуес келетіндіктен, оларды қорғау үлкендердің міндеті. Сонымен қатар қандай да бір газға байланысты сұрағыңыз болса немесе газ құбырынан ақау байқасаңыз «109» бірыңғай байланыс нөмірі тәулік бойы жұмыс істейтінін назарға саламыз, – дейді «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кентіндегі өндірістік учаскесінің басшысы Еркебұлан Есенгелді.
Иә, газ – қауіпті. Оның пайдасы мен зиянын білген жөн. Табиғи газды тұтынамыз деп өкініп қалмайық. Ал қаупісіздік туралы балаларға ұғындыруды мектеп ұстаздары тәрбие сағаттарына арқау етсе, құба құп. Немесе арнайы мамандармен кездесулер өткізіп, оқушылардың құлағына газдың, оттың, судың тілсіз жау екенін түсіндіру жұмыстары жүргізілсе.
Бибісара ЖАНӘЛІ