Экологиялық білім беру жаңа бағыт алды
Жақында Қызылордаға Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Радыгина Вероника, осы университеттің біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры, доцент Шеститко Ирина мен Минск қаласы, Мәскеу ауданы Әкімшілігінің Білім басқармасы басшысының орынбасары Геро Наталья және Минск қаласы жетекші мектептері директорларының делегациясы жұмыс сапарымен келіп, қаладағы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейіне барды.
Бұл білім ордасы теорияны тәжірибемен ұштастыру бағытында айрықша жұмыстар атқарып, оң нәтиже көрсетіп жүргені мәлім. Атап айтқанда, мектеп-лицей жанындағы жылыжай мен гидропоника тиімді жұмыс жасауда.
Делагация мүшелері "Жасыл мектеп" жобасын қолға алып, оқушыларды қоршаған ортаны таза ұстап, көгалдандыруға, табиғатты сүюге баулып отырған, жылыжай ісін жандандырып, жас экологтар шоғыры қалыптасқан мектеп-лицейдің жарқын жұмыстарымен танысып, өзара тәжірибе алмасты.
Кездесу барысында Беларуссия мемлекетінің Минск қаласы, Мәскеу ауданы Әкімшілігінің Білім басқармасы мен Қызылорда облысының білім басқармасы өзара тәрбиелік және патриоттық бағытта білім беру мен экологиялық білім беру жұмыстарын жандандыру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойды.
Минкс қаласының мектептерімен Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы, "№ 5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернаты", С.Лапин атындағы №261 мектебі, «Сыр бөбегі» бөбекжай-бақшасы, І.Қабылов атындағы №12 ІТ-мектеп лицейі, С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектебі және біздің аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі арасында халықаралық ынтамақтастық орнатылып, екі жақты меморандумға қол қойылды.
Айту керек, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде "Жасыл мектеп" жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Білім ордасын жасыл желекке айналдыру, табиғатты аялау, жылыжайдағы өнімдерге күтім жасауға оқушыларды баулу, жылыжай жұмыстарын жандандыру мақсатында өнімдерін көбейтіп, оларға үнемі күтім жасауды жоба мүшелері қолға алған. Жоба бойынша қол жеткен жетістіктер де жоқ емес. Яғни 2021 жылы "Жасыл мектеп" жобасы негізінде "Үздік экологиялық жоба" номинациясын жеңіп алған болатын.
– Алдағы уақытта "Жасыл мектеп" жобасының жұмысын әрі қарай жандандыру, жылыжай ісін дамыту, оқушыларды қоршаған ортаны таза ұстауға баулу мақсатындағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Бүгінгі маңызды кездесу кезінде халықаралық ынтымақтастық орнатылып, меморандумға қол қойылды. Сондықтан осы маңызды жоба біздің мектеп-лицей үшін үлкен серпіліс берді деген ойдамын, – дейді мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұлова.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ