Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп директорлары Беларусь мемлекетінде тәжірибеден өтіп жатыр

Мектеп директорлары Беларусь мемлекетінде тәжірибеден өтіп жатыр

Мектептерді басқарудың көшбасшылық жүйесін дамыту, экологиялық білімді жетілдіру мақсатында Қызылорда қаласындағы мектептің директорлары Беларусь республикасымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуда, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Оқыту мазмұны Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтында жүргізілуде. Тәжірибе барысында «Мұғалімнің экологиялық тәрбиенің ұйымдастырушысы» іскерлік ойыны, «Тұрақты даму үшін білім беру: Беларусь Республикасының инновациялық тәжірибесі, және «БПУ» инновациялық білім беру ортасы» тақырыбында  жиындар өтіп жатыр.

«Бүкіл әлемде экологиялық сауаттылықты арттыру үшін түрлі жобалар немесе «Жасыл мектеп» желілерімен байланыс орнатып, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу үшін Белорусияға келдік. Осы тұрғыда Белоруссия мемлекеті «Жасыл ел» ретінде алғы шепте тұр. Еуропаның тынысы немесе өкпесі деп аталуы да тегін емес екен. 10 жылдан астам уақыт бұл елде «Жасыл балабақша, мектеп, университет» желісін құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді екен.

Жұмыс нәтижелерін бүгін көзімізбен көріп танысып алдағы уақытта өз тәжірибемізге енгізуге жоспарлар құрылды. Негізі байқағаным біздің елмен ұқсастықтары өте көп екен. Біздің негізгі мақсат — өзге елмен тәжірибе алмаса отырып, экологиялық білім беру саласында тиімді білім беру моделін енгізу болып табылады. Осы тағылымдамаға келуге жол ашқан облыстық Қызылорда облысының білім басқармасының бұрыңғы басшысы Ақзира Бақтыбайқызына, облыстық оқу әдістемелік орталық директоры Сырым Асқаров, Қорқыт ата университеті ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызына және ғылыми жетекшіміз Рахат Хамитұлына алғыс айтамыз», – дейді Қызылорда қаласындағы Ә.Мүслімов атындағы №101 мектеп директоры Айгүл Алтынбекқызы.

Жұмыс сапары барысында директорлар Дзержинск қаласындағы мектептер мен балабақшалардың жұмысымен танысты. Ондағы артықшылық пен білім саласындағы оң бастамаларын аймақта іске асырып көрмек.

«Мектептерінде мені қызықтырған үш жұмысқа ғана тоқталайын. Бірінші физика, информатика, химия пән кабинеттерінен бөлек арнайы кабинет бар. Онда жарықтың, жылудың баламалы көздерін қайдан алу керек, қалай алу керек деген сұрақтарға жауап алу үшін жасақталған. Тоқтың бірнеше түрі, бірнеше құрылғылар орналасқан. Оны жасақтауға миллиондаған қаржы да керек емес. Екінші қосымша қаржы көздерін іздеу жақсы жолға қойылған. Гранттарға қатысу, оларды іздеу үшін арнайы ерікті топ құрылған. Үшінші ғылым мәселесі. Ғылыммен айналысуға арнайы бөлме, арнайы мамандар жұмыс істейді», – дейді Серәлі Лапин атындағы №261 орта мектебінің директоры Қарлығаш Әбдірахманова.

18 мамыр 2022 ж. 439 0