Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаршығаның айшықты әлемі

Қаршығаның айшықты әлемі

Қазақстан Журналис­тер Академиясы «Алтын жұл­ды­зының» Қазақ радиосы тарихында тұңғыш ие­гері, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының же­текшісі, Сырдария, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», белгілі ақын Қаршыға Есімсейітова Алматыдан Сыр бойына оралып, туған жерге Ту тіккен санаулылардың бірі. Ол – тоқсан жылдан астам тарихы бар, талай ақын-жазушыға әдеби ортаға жолдама ұсынған Сырдария ауданының төл тумасы.

«Қаршыға» атануының өзі тылсым сыры мол ғайыпқа байланған қызық бір құбылыс. Құрмаш көкесі (Қаршыға әкесін солай атайды) таңғажайып түс көріпті. Айнадай жарқыраған айдын көл, көл үстінде ұшып-қонған ірілі-уақты құстар. Жағалай тігілген ақ шаңқан үйлер. Одан шыққан кісілер (ішінде өзі де бар) көл көркіне сұқтана қарап тұрғанда, тұрқы өзгешелеу бір құс құйғыта ұшып кеп төңіректі дүрліктіріп жіберіпті. Құстар ығып оған жол беріпті. Өзі құйттай болса да, сесі күшті қаршыға құс еді бұл. Тұрған кісілердің төбесінде шыр айнала ұшып жүріп, тап өзінің қолына қонса керек... Ұйқысы шайдай ашылған Құрмаш көкеміз сол сәтте, «ерекше бір перзентім келер, есімін Қаршыға қоярмын» дейді өз түсін өзі жорып.

Ұзамай дүние есігін ашқан сол Қаршыға шынында да ерекше зерек, арманшыл болып өсті. Жайлауда бие байлап, түйе ұстайтын әкесі әлдеқайдан қисса-дастандар тауып әкелетін. Соларды оқып жаттап, өлеңге әуес болып өскен құйттай қыз қалай қолға қалам ұстамасын?! Жазғы демалысында кең жайлауға сағына жеткенде, көк майсаның үстінде отырып ұшы-қиырсыз қиялға шоматын. Сондай бір сәтте:

Дала жайнап жасыл нұрға толады,
Қырқа да анау шақырғандай болады.
Көбелектер «гүл екен» деп қала ма?
Гүл өрнекті көйлегіме қонады, –
деп табиғат көркінен алған әсерін әп-сәтте қағазға түсіріп қоятыны бар. Сол арманшыл қыз мектеп бітіре сала алғашқы соқпағын өзі тұратын Шиелі өңіріндегі «Өскен өңір» газетінен бастады. Тап өзім сықылды. Сондықтан талантымызды ұштап, өмір-мектебінен өткізген сол газет ұжымы оған да, маған да айрықша ыстық. Ал енді, мына қызыққа қараңыз! Тағдыр біздің жолымызды тағы түйістірді. Қазақ радиосында... Біраз жыл бірге қызметтес болдық. Менің журналист Қаршығадан бөлек ақын Қаршығаны танып-білуім осы тұстар...

Сол бір сағымға сіңген жылдарға оралсам, Қаршығаның маған алғаш жыр оқығаны еске түседі. Алматы аспанын ақ тұман тұмшалап, көңіл-күйді құрсаулап тастайтын мазасыз күндердің бірінде жұмысқа басқалардан ертерек кеп, бөлмеде оңаша отырмыз. «Апа, сиясы кеппеген өлеңімді оқиын, тыңдаңыз!» деді. Сөйтті де, әй, бір төгілді-ау кеп, төгілді! Алматының ақ жаңбырындай...

Көңіл де – тұман, төңірегім тұман жайлаған,
Шыға алмай содан пендеге мен де айналам.
Бүркеніп алып сұп-сұрғылт тұман шапанын,
Сәулесін шашпай, қырын қарайды ай маған.

Ақ тұманмен астасып астаң-кестең күй кешкен алаң көңілдің шарпуы маған да ауысқандай жанарым жасаурап тыңдай бердім, тыңдай бердім. Иә, рас айтады. Ақын дегенің бірде періште, бірде пенде. Көк пен жердің ортасында ғұмыр кешкен қос мекенділер ғой. Осындай қияли ой жетегінде отырып, қос қыздың мұңдасуы мен сырласуына ұласқан ғажайып бір сәт еді-ау сол шақ!

Неге екенін қайдам, Қаршыға «Қарлығаш» атты жас ақындардың топтама кітабына енгенмен, жеке кітабын шығаруға асықпады. Бәлкім, түбі бір жарып шығар «жұлдызды сәтін» күткен болар?! Шынында да сол күн туды. «Атамұра» баспасынан «Аңсаған ата мекенім» атты кітабы он мың данамен (сол тұстағы рекордты көрсеткіш) шықты. Туған жерде тұсауын кескен жыр жинағы қайырлы болып, өзі де көп ұзамай Қызылорда облыстық телекомпаниясына ауысқан Қаршығаның «жұлдызды» сәттері әрі қарай жалғасып, толас тапқан жоқ. Әуел бастан археологиялық-тарихи құндылықтарға бүйрегі бұрып тұратын оның, тың тақырыптарға түрен салған телетуындылары түйдек-түйдегімен эфирден өтіп жатты. Ең бастысын ауызға алсақ, өз дәуірінде Жәнібек ханның «хан жайлауы» атанған Ұлытау баурайындағы биік жартастарға үш жүздің басы қосылып 86 рудың таңбасы қашап жазылған ХV ғасыр жәдігері «Таңбалы тас» мекенін алғаш тауып, сол жердің жайын жақсы білетін өз әкесінің шежірелі әңгімесі арқылы елге таныстыруы дер едім. Бұдан кейінгі шұрайлы дүниесі – Самарқанды ұзақ билеген әйгілі Әмір (Сыр тумасы) Жалаңтөс Баһадүрдің ізі түскен жерлерден шежіре шертер көп сериалды телефильмдер. Орта Азияда теңдесі жоқ архитектуралық өнер туындылары «Регис­тон» алаңы, «Шердор», «Ұлықбек», «Тиллә-Кәри» медреселері телекөрермендер көзінен өтіп, Жалаңтөс мәңгі жай тауып жатқан «Дағбитке» дейінгі сапарында ол жүргізген журналистік зерттеу талай құпияның бетін ашты. Өзбек жерінде тұратын кіші жүз Әлім ұрпақтарының бірі – Әлібек ақсақалдың айтуы бойынша Новаи облысындағы «Нұр ата» тауы етегінде жатқан бұрын, туған, өлген жылы, қайда жерленгені белгісіз Әйтеке би бейіті орынын анықтап қайтқаны бар. Бұл ірі олжа еді. Облыстық телеарна басшысы Жағыпар Қарабаланың қолдауымен Өзбек еліне сапар шеккен осы түсіру тобының басында Қаршыға Есімсейітова тұрды. Бұдан басқа да аяғы тиген сан тараулы жолдарында тапқан олжаларының есебі жоқ. «Таусылмайтын жол» кітабына енген дүниелер осының бір айғағындай.

Қазақ радиосындағы 13 жылға созылған ұзақ еңбек жолында да тыңнан түрен салып, соны соқпақтарға түсті. Тұңғыш әскери-патриоттық тәрбие бағытында «Ақсауыт» радиожурналын ашып, редакторы әрі жүргізушісі өзі болды. Әртараптағы әскери-жаттығу полигондарына барып, «арнайы ұйымдастырылған» қиян-кескі соғыстардың ортасында репортаж жүргізген кездері өз алдына бір әңгіме. Тіпті сол тұстағы Президент әрі бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтан екі мәрте сұхбат алғаны бар. Осындай ауыр жүк арқалаған жұдырықтай қыздың еңбегінің өтеуі – Қазақ радиосы тарихында өзі тұңғыш омы­рауына таққан Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын Жұлдызы» болды. Десек те, шын тынысы ашылып, шығармашылығына ерекше шабыт алуы туған жерде. Туған жердің кие-құдыреті деген осы емес пе?!

Ол бүгінгі күндері облыстағы Қоғамдық Кеңестің, облыс әкімдігінің қасындағы «Әйелдер ісі және отбасы» комиссиясының белсенді мүшесі. Қазақстан Халықтар Ассамблеясының «Құрмет грамотасы», республикалық «Са­уап» медалі, республикалық Қоғамдық сараптама ұйымының «Құрмет» Ордені, Қазақ радио­сының «Ә.Байжанбаев атындағы» медалі, тағы басқа көптеген мерекелік медальдарымен марапатталған. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Енді бұл марапаттарға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» деген атақ қосылуда. Бұл – ақынға деген елдің құрметі, ықыласы екені анық.

Бұрын журналистика ығында бұғып жатқан ақындық таланты туған жерде «атойлап» алға шыға бастағандай еді. Осыған қуандым. Одан бұрынырақ Сыр бойына оралып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кезім болатұғын. Қаршыға екеуміздің өмір жолымызды қыз бұрымындай бірде тарқатып, бірде қайта өріп отырған құдыреттің күшіне қалай тәнті болмассың?! «Сыр өңірінің қос шынары» атанған біздер Алматыдағы «әдеби ортаның» дәмін татып келген соң ба, әйтеуір барынша белсенді болдық. Әсіресе, Қаршыға...

Бірнеше жыл бұрын өзінің телетуындылары негізінде «Таусылмайтын жол» публицистикалық дүниесін, «Ұмытпа мені!» жыр жинағын шығарса, жуырда ғана тап осылай бірі – қара сөз («Боз даланың үні»), екіншісі – өлең сөзден («Менің әлемім») тұратын қос кітабы қолымызға тиді. Басқасын қоя тұрып, Қаршығаның «Поэзия әлеміне» назар салып көрейік. Оны басқалардан ерекшелейтін айрықша бір қасиеті – айтар ойы бар болғаны екі-үш шумақпен түйіндеп жеткізе алуында. Тіпті тарының қауызындай бір шумақтың ішіне сыйғыза салатыны да бар. Мысал керек пе? Көріңіз! Небәрі бір шумақ.

Ақ жауын күткем көктемнің алғаш айында,
Моншағын сыйлап, сыр айтар өзің жайында.
Соңғы әні қыстың ақ ұлпа болып төгілді,
Шәлі бүркеніп, бүр атқан балғын қайың да.

Наурыздың тосын құбылысын осы шумақ ішіндегі «Соңғы әні» дейтін бір түйір сөз түсіндіріп тұр. Бітті. Басқа анықтама керек емес! Енді ақынның екі-ақ шумақтан тұратын уақытқа айтар жарасымды бір базынасын тыңдайық.

Жылжиды уақыт мыстаның,
Көңілдің көгін ыстадың.
Тонап ап жастық нұрымды,
«Тәуелді бол» деп қыстадың.

Осалдау жерден ұстадың,
Шарықтап мен де ұшпадым.
Идің бе, өмір тезінде,
Көрігі болып ұстаның?!

Шыны керек, әрі кетсе 2-3 шумақтан аспайтын шағын әрі ықшам өлеңдер шоқтығы биік ақындарымыздың көбісінен ұшыраса бермейді. Шұбалаңқылық басым. Ал Қаршыға жырларында шығыс шайырларына тән осындай ықшам дүниелер молшылық. Аз сөз аясына көп ой сыйғызу – үлкен шеберліктің нәтижесі. Мұны мойындауымыз керек. Әдетте, әр ақынның әдебиет айдынына өз қызуы, өз жолы, өз толқынымен кеп қосылары анық. Қаршыға да солай. Оның жазғандарынан қатқыл да қасаң, ұрынарға жер таппай тепсініп тұрған өктем-өлеңдер кезікпейді. Шырақ ұстап іздесең де таба алмайсың. Сызылып сырғи аққан Сырдариясындай табиғи тұнық, биязы жанға жайлы жұмсақ, мөлдір дүниелер. Көбінесе айшықты табиғат суреттерін кескіндеуге бейім. Жан-дүниесі табиғатпен егіз екендігі көзге ұрып тұр.

Кейіпкеріңді жақсы жағынан мығымдайсың ба, жоқ осал тұсынан сығымдайсың ба, бұл әркімнің өз еркіндегі нәрсе. Мен бар болғаны өз жүрегімнің қалауын айттым. Өз пікірімді қостым. Журналистикасы мен көркем әдебиет жүгін қос қанатына теңдеп ұшқан Қаршығаны құттықтай отырып, өзінің өлең шумақтарымен ойымды түйіндесем деймін. «Тұншықтырмай қоя бер өз еркіне, шабытыңның шарықтап бағы жансын!»

Қатира ЖӘЛЕНОВА,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері.

23 қыркүйек 2023 ж. 141 0