Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Махмұтбай Әміреұлы – 80 жаста

Махмұтбай Әміреұлы – 80 жаста

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Махмұтбай Әміреұлының 80 жасқа толуына орай қалалық А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Жыр жайсаңы» атты мерекелік іс-шара өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесіне ұлттық дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат тарту етті.

Мұнан соң ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы түсірілген бейнетүсірілім көрермен назарына ұсынылды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ақын мерейтойына арналған «Асқар таудай тұлғалы ақын» атты кітап көрмесін ұйымдастырылды. Көрмеге кітапхана қорында жинақталған 90-ға жуық әдебиеттер мен мерзімді басылымдар бетінде жарияланған фото-материалдар қойылды.

Айта кету қажет, М.Әміреұлының есімі жырсүйер жұртшылыққа «Жүзім бағы», «Қызыл жыңғыл», «Ақ сәуле», «Сырдария-жырдария» секілді бірнеше жыр жинағымен таныс. Қаламгер Тәуелсіздік жылдары ақпарат айдынына «Сыр мектебі», «Сыр ардагері», «Ардагер айнасы» секілді газеттерді қосып, аймақтың рухани өміріне жаңа леп әкелді. Облыстың мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі бағаланып, ақын «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Сырдария ауданының және Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталған.

Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Қаршыға Есімсейітова ақынның қаламгерлер ортасындағы лайықты орнын атап өтіп, қазақы дәстүрге сай лайықты құрмет көрсетті. Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев ардагерге қаламгер ізбасарларының атынан жүрекжарды лебізін арнап, иығына шапан жапты. Ал облыстық ардагерлер кеңесіңнің хатшысы Мақсұт Баекеев ақынды құттықтап, алдағы кезеңде ардагерлер ұйымы тарапынан арнайы шара өткізетіндіктерін жеткізді.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ақын Жалағаш ауданының тумасы болғанымен еңбек жолының бірнеше жылын Сырдария ауданында өткізгені белгілі. Атап айтқанда, аудандық «Сырдария» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі секілді қызметтерді атқарған. Сондықтан Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ақын мерейтойына орай аудан халқының атынан арнайы құттықтау жолдады. Аудан басшысының ізгі ілтипаты мен сый-сыяпатын аудандық мәслихат депутаты, аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы табыстады.

Ақынның 80 жылдығына орай өткізілген әдеби іс-шарада облыстық Жастар театрының артистері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Облыстық филармония әншілері М.Әміреұлының сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады. Махмұтбай Әміреұлының композитор Тәңірберген Қалауовтың әніне жазылған «Қызылорда вальсі» алпыс жылдан бері сахнадан түспей, Сыр елі жастарының гимніне айналған дүние. Осы шарада атақты әнді жергілікті өнерпаздар Сымбат Тасбергенова мен Айдос Иманжапбаров орындап, жұртшылық жүрегін көнермейтін әуен ырғағымен тербетті. Айтыскер ақын Мұқтар Ниязов жүргізген мерекелік іс-шара көрермендерге ұмытылмас әсер, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

А.СЕЙІЛОВ
13 наурыз 2022 ж. 619 0