Айбынымды асырып, айдынымды шалқытқан
Сыр елінің екі бірдей қаламгері тәуелсіздік мерекесі тұсында «Алаш» әдеби халықаралық сыйлығын иеленді.
Оның бірі – Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры, белгілі тележурналист, ақын Қаршыға Есімсейітова, екіншісі – Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, талантты ақын Шәмшия Жұбатова.
Қаршыға Есімсейітова «Таңбалы тас», «Қорқыт», «Мұстафа Шоқай», «Сыр өңірінің тұлғалары» атты сериялы деректі фильмдердің сценарийін жазған. Журналистика саласындағы еңбегі үшін Журналистика академиясының «Алтын жұлдызын» иеленген. «Аңсаған атамекенім», «Менің әлемім», «Боздаланың үні» және басқа да кітаптары жарық көрген.
Ш.Жұбатова Атырау облысы Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінде, «Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманағында қызмет еткен. «Махаббат кітабы» атты жыр жинағының, өзге де кітаптардың авторы.
Біздің облысымызда Қомшабай Сүйеніш, Жақсылық Рахматулла, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова секілді қаламгерлерден кейін мәртебелі әдеби сыйлықтың қатарын толықтырып отырған дарынды ақындарымызға Алаштың айбынын асырып, айдынын шалқыта беріңіздер деген жүрекжарды тілек білдіреміз.