Түрмедегі тағдыр
Тоқтардың темір торға тоғытылғанына бүгін екінші күн. Тар қапастың ауасы тынысын тарылтып барады. Кеше ғана не ішемін, не жеймін дегеннің бәрі алдында еді. Табан асты тағдыры тәлкекке түсіп, қолына кісен тағылды.
Бұл жағдайға қалай түскенін әлі түсіне алмай дел-сал болған қауқарсыз жанды кісендеулі күйде қос қапталындағы тәртіп сақшысы алдағы 15 жылы өтетін «тұрағына» қарай алып келе жатыр. Әшейінде, жекіп сөйлейтін Тоқтардың үні де шықпай қалған. Не де болса, тағдырына көндікпек.
Аядай ғана төрт қабырғалы қапаста қылмыскерлер жататын екі орын ғана бар. Бірінде бұған дейін қолын қанға бояған жан отыр. Екіншісі бос. Қолдағы кісені шешіліп, есіктен кірген бойда Тоқтар қабағының қиығымен ғана қараған төрдегі «қожайыннан» сескенді. Еркіндікте жігіттермен жинала қалғанда түрмедегі әңгімелер арагідік қызу талқыға түсіп, содан естігендері бар-тын. Десе де «басқа түссе, баспақшыл», талқылаған бір бөлек, басынан кешірген тым басқа екенін қазір ғана сезгендей.
Сәл уақытқа созылған үнсіздікті «қожайын» бұзды.
– Статья?
Селк ете қалған сабазың:
– Н-не дейсіз?
– Қай статьямен түстің?
– 366.
– Е-е-е, жемқормын де, жегенің желкеңнен шығып, құсуға келдің бе? Кел онда, төрлет, – деп қарсы беттегі бос орынға қолын нұсқады жауырынды жігіт.
Шегініп кері шыға алмасы анық. Ақырын алға жылжып, «қожайын» нұсқаған орынға қарай ылдилап келеді. Төрт-бес қадам жасап, алдымен әлгі қандықолға екі қолын соза түсті. Осы бір айтуға ауыз бармайтын мекеннің иесіндей шіренген әлгің қолының ұшын ғана ұсынды. Бастапқы әріптері шығып, қалғаны жұтылып кеткен сөзді айтқандай болып, Тоқтар орнына отыра кетті.
– Енді екеуміз көршіміз, қаласаң да, қаламасаң да күнде көретінің осы түр. Сондықтан көндіге бер, – деп қысқа қайырды«қожайын».
Темір тордағы «тағдырластардың» танысуы осылай басталды.
«Қожайын» болып отырған – Сәбит. Бұл жерге екі жыл бұрын келген. Қатарластарымен ішімдік ішіп отырып, жанжалдасқан. Ақыры, қолы қанға боялып, темір тордан бір-ақ шыққан.
Жаза өтеуші екеудің әңгімесі 3-4 күннен кейін жараса бастады. Қолымен істегенді мойнымен көтеруден басқа амал жоқ екенін білетіндер ағынан жарылатын болған. Сондай сәттердің бірінде Сәбит:
– Менікі 199-шы статья. Адам өлімі. Ішкілікті асыра сілтеп, екі үй ары тұратын досымды жан тәсілім еттім. Өзіме де дауа жоқ. Аңырап әйел, жәутеңдеп бала қалды, – деді терең күрсініп.
Осы сәтте Тоқтар да бұл күйге қалай түскенін әңгімелей бастады.
– Мен – дәрігермін. Дәрігер болғанда жоғары санатты, – деп сұқ саусағын жоғары сілтеді ол.
– Бастапқыда науқастарға ем шараларын жасап жүрдім. Айлығым да отбасымды асырауға жеткілікті болды. Бір күні ем алып шыққан науқас «рақметім болсын» деп ақша қыстырып кетті. Я аларымды, я алмасымды білмедім. Жан-жағыма жалтақтай бердім. Әлгі кісі бұрылып, шықты да кетті. Содан бастап науқастар бірдеңе «қыстырмаса», артық ем шараларын қолданбауды шығардым. «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, араным ашылғандай... Жағдайым жақсарды. Не ішем, не жеймін дегеннің бәрі алдымда болды. Жарықтық, анам «Жұмысыңды адал атқар» деп бірнеше рет ескертіп еді. Алып үйреніп қалған адам қайдан тыйыла қойсын.
Күндердің бір күнінде алдыма бір ана жылап келді. Төрт жасар баласы қатты науқастанған. Ота жасамаса болмайды. Шыр-пыр болған ана жалынып, көмек көрсетуді сұрап тұр. Көзді шел басып, дәнігіп қалған мен «көмектесеміз» деп тұрып, дәмеленіп тұрмын. Парақор болғаным соншалық, жүрек тас болған, бірінші ем-домды емес, ақшаны ойлағанмын. Ана, байғұс, шырылдап жатқан баласының даусын естіп, көз жасын тияр емес. «Құлың болайын, көмектесші...» дегені өксікке толы даусынан еміс-еміс естіледі. Ал мен пақырың амалсыздан қимылдаймын дегенше жас ғұмыр үзіліп кетті...
Анасы «Баламды құтқармады» деп сотқа берді. Бірақ ондайға үйренгенбіз, ауыр жағдайда келгенін айтып, жөнімізбен жүре бердік. Осылай жұмыс істеп жүріп, қызметте өстім. Бас дәрігер болып, денсаулық сақтау саласындағы барлық қаражат қолымнан өтетін болды. Кадрларды жұмыстан шығарып, қабылдау да менің міндетім. «Арқаны кеңге салатын» жер осы тұста. Әрбір жұмысқа тұрушы кабинетіме жеке келіп, қуантып кететін болды. Алайда, мың асқанға – бір тосқан. Кезекті қызметкерді жеке қабылдап болып, конвертті ашып жатқаным сол еді, құқық қорғау қызметкерлері аяқасты сау ете қалды. Тәубеме сол кезде түстім, бірақ тым кеш еді. Өкінішті әрине.
Анам марқұм «Қара суды қайғысыз, қамсыз ішкенге ештеңе жетпейді» деуші еді. Шіркін, сол өсиетін тыңдасам, мұндай жағдайға түспес едім. Бағана «қолым қанға боялды» деп едіңіз, менікі сіздікінен бетер. Жемқорлықтың терең тұңғиығына батып, жастың да, кәрінің де жаны мойныма салмақ болды. Сондықтан жегі құрт болған сыбайластық түбіме жетті, – деп ауыр күрсінді Тоқтар.
Қараңғы қапасты тағы да үнсіздік жайлады... Екі тағдырдың иесі де өкініп отыр.
Бұл тірлігімен Тоқтар өз өміріне және әйел, бала-шағасының өміріне қара дақ түсірді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ,
аудан әкімі аппаратының
ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс
бөлімінің бас маманы