Тереңөзектің тірі тарихы
Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеу жолы, бүгінгі алған асулары және жеткен жетістіктері жайлы сөз болғанда, білім саласын өркендетіп, мәдениетті дамытуда айрықша еңбек еткен, ұлттық құндылықтарымызды сақтауда, рухани тазалықты, қасиетті дінімізді насихаттауда, жан азығын қалыптастыруға әсері болған адамдар жайлы айтуымыз керек. Бұл аға ұрпақ өкілдері өткен ХХ ғасырдың буынын бекітіп, екі жүзжылдықтың арасында көпір болды. Бұл күндері 95 жасқа толып отырған Рахымжан Бәйменов қария – бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. Әлі де тың әкеміздің бойында өшірмей, жадында сақтаған ғұламалық, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, болашақты болжайтын сұңғылалық бар.
Рахымжан Бәйменовтің қазақ халқының «тар жол, тайғақ кешу» кезеңіне тура келген балалық шағына қарап отырып, қиындықтың «талағында биті барды» шыңдай түсетінін, екіншіден ашаршылықта ащы құйқа жегендердің, оның дәмін өмір бойы ұмытпайтынын, қандай биікке шықса да қарапайымдылығын, қандай жағдайда да адамгершілігін сақтап, парасатты, иманды ғұмыр кешетінін пайымдаймыз. Бұл кісі Сырдария ауданындағы Қараөзек селосының солтүстігінде орналасқан Алтынтөбе жайлауында, қазір Сейфуллин атымен аталған ауылда дүниеге келген. 1928 жыл бүкіл елге нәубет әкелген ашаршылықтың кезі еді. Сәби шағында қазақты қырып кеткен қасіретті аш құрсақ тәнімен сезінсе, отызыншы жылдардың шағындағы қуғын-сүргінді жанымен түсінді. Атасы Бәймен ахун елге белгілі адам болған. Әкесі Әбдіхалық атасы Бәймен Ахуннан дәріс алып, кейін Троицк қаласындағы «Расулия» медресесінде оқыған. 1917 жылы медресені бітіргеннен соң жаңа әдіспен оқытатын бір жылдық мұғалімдік курста оқып, еңбек жолын қазіргі Жалағаш кентіндегі «Ақсу» мектеп-интернатында мұғалімдік қызметтен бастап, осы мектепте 1924 жылға дейін жұмыс жасаған. Содан кейін Қызылорда округтік ағарту бөлімі Әбдіхалық Бәйменовті Тереңөзектің «Айнакөл» мектебінің меңгерушісі, мұғалімі етіп тағайындаған. Осы мектепте 1929 жылға дейін ағартушылық қызмет жасап, белгілі ғалым Әлішер Тоқмағамбетовке, ауданға белгілі азаматтар Төлеген Досымовқа, Қатыраушан Тәңірбергеноваға дәріс берген. Мұнаң соң заман талабына сай білімін толықтыру үшін Қызылорда қаласындағы Қазақ ағарту институтына (Казинпрос) оқуға түсті. Отбасындағы алты жанды асырау үшін оқумен қатар Қызылорда колхоз-техникумында қысқы мезгілдік курстарда сабақ берген. 1929-1932 жылдар аралығында «Лениншіл жас», «Социалды Қазақстан» газеттерінде тілші болып, елдің саяси-мәдени өміріне белсене араласқан. 1932 жылы «Казинпросты» Сыр бойының алғашқы ағартушылары Шәмші Көшекбаев, Әділ Айзонов, Сейткамал Усабаевтармен бірге бітіріп, Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен Түркістан қаласындағы Кеңес-партия мектебі мен педагогикалық техникумға оқытушы болып орналасады.
Бәйменовтер отбасы Түркістан қаласындағы кеңес партиясы мектебінің ауласындағы мұғалімдерге арнап салынған пәтерде тұрған. Бұл отбасы педагог әкенің арқасында ашаршылықтың зардабын тарта қоймаған. Қазір 95 жасқа келген қарияның 3-4 жасар кезі еміс-еміс есінде. Ауласындағы қоқыстар салатын ағаш қораптың ішіне түсіп, күл-қоқыстың ішінен өзіне қорек іздеп жүрген, өңі өте жүдеу кішкене бала көпке дейін көз алдынан кетпей қойған. Сонымен қатар, көшеден теріп алып, арбаға тиеген барынша арыған жас балаларды да көзі көрген.
Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығынан бұл әулеттен де ондаған адам қаза тапты. Әбдіхалық Бәйменұлы ата-аналары ашаршылықтан опат болған немере ағаларының балаларын өз қолына алған.
1936 жылы Халық комиссариатын жолдамасының мерзімін абыроймен аяқтап, Қызылорда қаласына көшіп келген. Ол №6 Теміржол мектебіне оқытушы болып тағайындалып, осы мектеп ауласындағы мұғалімдерге арналған пәтерге қоныстанады.
Рахымжан 12 жасқа келгенде екінші дүниежүзілік соғыс өрті Кеңес одағын шарпып, тәтті тіршілікті бұзады. Ер-азамат түгелге жуық майданға алынды. Қарттар мен әйелдер күні-түні еңбек етті. Әкесі Әбдіхалық жұмыс істеп жүрген Қызылорда қаласындағы №6 Теміржол мектебін таратып, ауласындағы тұрып жатқан мұғалімдер отбасыларын көшіріп, мектеп ғимаратын әскери госпиталға босатып берді. Баспанасыз қалған отбасын әкесі туысқандары мекендеген Тереңөзек ауданы «1 май» колхозына көшіріп, өзі көп ұзамай соғысқа аттанып, майданда қаза тапты. Соғыс жылдарында елдегі қару ұстауға жарайтын азаматтардың бәрі соғысқа кетіп елдегі, барлық жұмыстарды әйелдер мен қарттар және әлі буыны қатпағын оқушы балалар атқарды. Осы кісілер тылда 1418 күн бойы «Бәрі майдан үшін», «Бәрі жеңіс үшін» деп аянбай тер төкті.
Рахымжан Бәйменов 1941 жылдың мамыр айында бастауыш мектепті мадақтау грамотасымен бітірді. Әкесі оны алдына алып: «Менің Рахымжаным мықты азамат болады, мектеп бітіргеннен кейін Мәскеуде жоғары оқу орнында оқиды» деп қуанышын білдіреді. Бала Рахымжанның балалық шағын соғыс шарпыды. Ауылда қалған қарттар мен әйелдер, бала-шаға таңның атысы күннің батысы колхоздың жұмысына жегілді. Сол кезеңді Р. Бәйменов қарт былай есіне алады:
«12 жастағы менің ат үстіне отырып, соңыма 5-6 ат жетектеп бидай бастырып, астықты есекке артып, Тереңөзектегі астық қабылдау пунктіне тасығанымыз әлі күнге дейін естен кетпейді. Әйелдер күрішті қолдап орып, баулап, оны қырманға арқалап тасиды, қырманнан қашықта орылған күрішті өгіз арбамен тасып, қырманға жинайды. Жиналған күрішті МТС-тан келген молотилка арқылы бастырады. Бір сөзбен айтқанда, соғыс кезінде жұмыс жасаған балалардың, әсіресе әйелдердің бастарынан өткен қиыншылықтарды түгел баяндап беру мүмкін емес» деп еске алады. Әкесі 1942 жылы 29 қазанда әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы 5 желтоқсанда жазған хатында Ақмола қаласында Қазақстандық дивизия болып жасақталып, Ленинград майданына пойыз үстінде кетіп бара жатқанын, 1942 жылы 21 желтоқсанда дәл майдан үстінде жүргенін хабарлайды. Бұдан кейін хабар-ошарсыз кетеді.
Қария тынбай ізденіп жүріп, ғаламтордан соғыста хабарсыз кеткен әкесінің дерегін тапты. Ол 83 атқыш дивизиясының 330 атқыштар полкының 1944 жылғы 12 шілдедегі №52 бұйрығы еді. Осы бұйрықта 330 атқыштар полкына қарасты 4 взводының жауынгері Бәйменов Әбдіхалықтың Ленинград облысындағы Оленино селосындағы шайқаста немістердің көптеген солдатының көзін жойған ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен наградталғаны жазылған. Осыдан кейін 83 атқыштар дивизиясының соғыс кезіндегі жауынгерлік жолын интернеттен тауып алды. Осы атқыштар дивизиясының 330 полкі құрамында әкесі шамамен 650 күн соғысқан армия қатарында қан майданның дәл өзінде шайқастарға қатысқан.
Қазақта «көппен көрсетсін, көптің ішінде көрсетсін» деген терең мағыналы сөз бар. Егер сен елің үшін еңбек етіп жатқаныңды, халқыңа керек екеніңді сезінсең, қандай қиындық болса да қайсарлығыңды жеңе алмайды, от пен суға қаныққан құрыштай бекемдене түседі. Соғыстан кейінгі жылдары Рахымжан аға Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, мұғалім мамандығына ие болады. Бұл өмір бойы өзіне де азық болды, халқына қызмет етуге де мүмкіндік жасады. Осы екі сөйлемнің артында қаншама жүк жатыр десеңші! Өмір бойы бір сәтте тыным таппай еңбек ету, іздену, жеке мүддеден көпшіл мақсатты биік қою… тіпті де санап тауыса алмайсың.
1947-1951 жылдары бұрынғы Тереңөзек ауданы Чапаев және «1май» атындағы мектептерде, 1951-1952 жылдары аудан орталығындағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектебінде мұғалім болып істеген.
1952-1954 жылдары Кеңес армиясы қатарында кіші офицерлер дайындайтын әскери қызметте болған.
1955-1964 жылдары №131 «Қызылдихан» және №131 «1май» мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарған.
1964 жылы Тереңөзек аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болып сайланған, 1965 Сырдария селолық өндірістік партия бөлімі секторының партстатистика және біріңғай партия билеті секторының меңгерушісі болып бекітілген, 1972-1976 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық партия комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметінде болған. 1977 жылдан 1991 жылға дейін Тереңөзек аудандық кешкі жұмысшы жастар орта мектебінің директоры қызметін атқарды. 1980-1991 жылдары облыстық соттың заседателі болып сайланып, заңдылықтың сақталуына үлес қосады. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде қажырлы еңбегі үшін «Ерлік еңбегі» медалімен, 2000 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталып тыл ардагері ретінде зейнетке шығады.
Өмір сүрудің белгілі бір ережесі жоқ, оның заңдылыққа бағынбайтын қалтарыстары көп, ол адамның табиғи болмысын неше түрлі иірімге салады. Қашанда ең бастысы аты үлкен әріппен жазылатын «Адам» болып қалу керек. Саяси үдерістер де қиындық әкеледі. Оны қарапайым адам байқай да қоймас, бірақ алдыңғы қатардағылар қатты сезінеді. Рахымжан әкені билік те бағалады, халқы да құрметтеді.
Құдай қосқан қосағымен бірге 9 бала тәрбиелеп, олардан 20-дан астам немере, 4 шөбере сүйген Бәйменовтер отбасы 2015 жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан бас жүлдесін жеңіп алды. Қадірменді қарт ағарту саласымен қатар қасиетті, дәстүрлі дініміздің тұрғындар жүрегіне орнығуына, жастарды имандылыққа баулуда белсенді қызмет жасап келеді. 2019 жылдың наурыз айында қызы Индирамен бірге Мекке-Мединаға сапар шегіп, қажылық парызын орындап келді. Қадірменді қария аудан өміріне белсенді араласып, оның өркендеуіне ерекше үлес қосқаны үшін ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде кім ниетін имандылыққа, тілін шындыққа, өзін тыныштыққа, мінезін туралыққа, өзін өнегелі бақылаушыға, құлағын тыңдаушыға айналдыра алатын болса, ол – бақытты адам» деген.
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі
Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі