Ауыл мәдениетіне қан жүгірткен
Жауапкершілігі мол саланың қазанында қайнаған менің кейіпкерім ауыл мәдениетінің жұмысын өркендетуге күш салып келеді. Сахнада әнімен көпті еліткен өнерпаз болса, қызметте сан алуан бағытты үйлестіре білген тәжірибелі басшы Әсел Ибраева бар мақтауға лайықты.
Қашанда үлкен мен кішінің көңілін таба алатын өнер адамы өз ісінің білгірі саналады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылының келіні атанған ол Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Өз ауылындағы №117 Ә.Оңалбаев атындағы орта мектепте білім алып, кішкентайынан өнерге әуес болған. Ең бірінші кезекте оны өнер сахнасына алып шыққан отбасы екен. Осылайша, ата-анасының үмітін ақтауға барын салған өнерлі жан мектеп бітіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка және ән айту» факультетіне оқуға қабылданады. Сүйікті мамандығы бойынша білімін жетілдірген жас маман осыдан 23 жыл бұрын музыканың қыр-сырына толықтай қанығып, ерекше мамандықты меңгеріп шығады.
– Ең алғаш сахнаға шыққанымда 5 жаста болатынмын. Облыстық дәрежедегі іс-шарада ән шырқағаным әлі есімде. Отбасымызда 5 ағайындымыз. Әкем Қалдан механизатор болып жұмыс жасады. Анам Ұлтай – кітапхана саласының маманы. Негізінен, әкем өнерге жақын. Оның қоңыр дауысы көпшілікті тәнті ететін. Міне, әкенің қанымен дарыған өнерді дамытып келемін. Ең алғаш еңбек жолымды «Балауса» балалар бақшасында әуез жетекшісі ретінде бастадым. Іргелі ұжымда 6 жыл қызмет етіп, ауылдағы білім ошағына ауыстым. Мұнда балаларға ән өнерін меңгертуге зор үлес қостым, – дейді білікті маман.
Білім саласында қажырлы еңбек еткен өнер адамының мәдениеттегі қызметі осындан 9 жыл бұрын басталған еді. Қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында мәдениет саласын дамыту негізгі міндетіне айналды. Жаңа бастамаларға иек артып, ауыл өнерпаздарының есімін елге танытуды мақсат етті. Мың бір түрлі қызметтің басы-қасынан табылатын талапшыл басшы айналасына жастарды жиып, ауыл мәдениетін өркендетіп, зор жетістіктерге қол жеткізе білді. Оның шәкірттері де түрлі деңгейдегі байқауларда биік белестерді бағындырып жүр. Бір ғана мысал, жақында ғана Алматы қаласында өткен респибликалық байқауда өнерлі шәкірті Марфуға Әубәкірова әуелете ән шырқап, І орынды жеңіп алды.
– Ауыл мәдениетін көтеру жолында аянып қалмасымыз анық. Үйірмелер ашып, ақылы қызметті үйлестіріп, іс-шара ұйымдастыру барысында талай қиындық пен қызықты бастан өткердік. Талай кемшін тұстардың алдын алып, ауыртпалықты еңсердік. Әрине, көрерменнің көңілінен шығу оңай емес. Осындай сәттерде табандылық танытып, үлкен буынның айтқан ақылына, озық тәжірибесіне сүйенеміз, – деді Ә.Ибраева.
Биязы, байсалды қалпынан таймайтын мәдениет майталманы жолдасы Сахан Бекжановпен бірге 4 перзент тәрбиелеп отыр. Өмірлік серігі – ауылда мал дәрігері.
Сала жұмысын жандандырудағы еселі еңбегі елеусіз емес. Соған лайықты құрмет ретінде кеше ғана облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ