Ерекше туған күн иесі
Сонау ежелгі Мысырда пайда болған «Кібісе» жылы қазақ халқына жақсы таныс. 4 жылда бір рет келетін күнтізбедегі өзгеріске сәйкес, арамызда 29 ақпан күні дүниеге келген жандар жеткілікті. Жұлдыздар әлемін зерттеген Мысыр елінің ғалымдары күн мен түн жүйесінде орын алатын құбылыстарды ежелгі халыққа жыл бойы хабарлап отырған. Соның нәтижесінде, мұсылмандар «Кібісе» деп атаған жылда 366 күн өздігінен қалыпты өмірге енді. Осындай ерекше күнде туған жандармен бізде емен-жарқын әңгімелескен едік.
Осыдан 71 жыл бұрын қазіргі ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы Ысқақ пен Рабиғаның шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келген болатын. Ызғары қатты ақпанның соңғы күнінде Ысқақ әкейдің қуанышында шек болмады. Өйткені, ерлі-зайыптының ұлы Нұрлыбек шаңыраққа шаттық әкелді. Ерекше жылда дүниеге келген Нұрлыбек ағаның балалық шағы осы ауылда өтті. №135 орта мектеп табалдырығын аттаған ол 1966 жылы 8 жылдық білім алып, кейіннен жоғары сыныпты №35 М.Калинин атындағы орта мектепте жалғастырды. Білім ұясында үздік шәкірт атанған жас жігіт Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш қаласындағы «Қапланбек» ауыл шаруашылық техникумына оқуға түседі. Техникумды бітіргеннен кейін партияның ХVIII съезі атындағы совхоздың №2 бөлімшесіне аға агроном болып еңбек жолын бастайды.
– Мен әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Әкем 2 жасымда қайтыс болған екен. Отбасында анам үнемі жақсы жағынан тәрбиелеп отыратын. Мектепті үздік оқыдым. Ерекше туған күн иесі ретінде құттықтаушылар қатары жеткілікті. 4 жылда бір рет келетін туған күнім ата-анама керемет қуаныш сыйлайтын. Біздің кезімізде талап қатаң еді. Қарашаңырақта жалғыз ұл болсам да Отан алдындағы борышымды Ресей еліне қарасты Иванова қаласында «әуе десантшы» ретінде өтеген болатынмын. Әскерден келгеннен кейін, ауылда еңбек еттім, – дейді білікті агроном.
Тынымсыз еңбек пен қажырлы қайраттың арқасында Нұрлыбек Дауылбаев түрлі қызметте абырой биігінен көрінді. Уақытында ауыл шаруашылығы басқармасының шақыруымен, «Өсімдік қорғау» станциясы және аудандық «Тұқым жинақтау» цехына басшылық қызметке тағайындалады. Бір жылдары Нұрлыбек аға Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтынан «ғалым агроном» мамандығын меңгерген. Өз кезегінде Нұрлыбек аға ауыл шаруашылығы саласындағы қиындықтарға қарамастан өзі қалаған мамандықты алға қарай сүйрей білді. Сонымен бірге аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, бұдан кейін аудандық өнеркәсіп кешені басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Жауапкершілігінің арқасында аудандық «Астық қабылдау» мекемесінде жүріп, 25 жыл басшылық етті. Кейіннен атауы бірнеше рет өзгерген мекеменің жұмысын жандандырып, облыс көлемінде таратылғалы тұрғанда өз күшімен сақтап қалды. Аталған мекемеде құрама жем цехы мен күріш ақтау зауыты салынды. 2008 жылы зейнет демалысына шыққан білікті басшы кейінгі 6 жылында аталған мекеменің гүлденуіне зор үлес қосты.
– Нұрекеңмен бірнеше жыл қызмет атқардық. Қашанда жұмысшыларды қолдап отыратын. Басшымыздың туған күні 4 жылда бір келетінін білсек те, әр жылы 28 ақпанда құттықтайтынбыз. Іскерлігімен мекеменің аяқтан тұруына белсене атсалысты. Ыждағаттылық пен тиянақтылықты жақсы көретін. Ерекше күнде туған иесін мерейлі жасымен құттықтаймын, – дейді бірге қызмет жасаған Әтіркүл Омарова.
Қазіргі уақытта егін егудің қыр-сырын меңгерген Нұрлыбек аға Іңкәрдария ауылында бақша дақылдарын өсірумен айналысады. Зайыбы Ақкенже апаймен бірге 5 перзент тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары түрлі салада қызмет етіп, әулет мерейін асыруда. Ал перзенттерінен тараған 17 немересіне «Еңбек еткен – мұратқа жеткен» деп айтып отырады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ