Ұлттық өнерді ұлықтаушы
Мәдениет пен өнерден ажырамаған адам өркениет көшіне ілесіп келеді. Қазақтың дәстүрлі музыкасында күйшілік өнер де қалыптасқан. Ұлт тарихымен бірге ұштасқан рухани, мәдени құндылықты ұлықтаушы жандар арамызда жеткілікті. Мәселен, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында ұлттық аспап – домбырада ойнауды жетік меңгерген ұлағатты ұстаз тұрады. Ол – аудандық өнер мектебінің «Домбыра» сыныбының мұғалімі Гүлназ Сералиева.
Қазақтың домбырасын жанына серік еткен Гүлназ Сералиева Қазалы ауданының тумасы. Әкесі Шәмен қарапайым шаруа адамы болса да, музыкаға жақын болған. Үнемі жиын-тойларда баян және домбырамен ән айтып, күй шерткен. Осындай игі қасиетті бойына сіңірген Гүлназ Сералиева алғаш 10 жасында «Ерке сылқым» күйін орындайды. Осылайша, қызының бойындағы ерекше қабілетті байқаған ата-анасы өнерге баулиды.
– Мен алғаш 5 сынып оқып жүргенімде «Домбыра» сыныбы бойынша өнер мектебіне қабылдандым. Әкем кәсіби білімі болмаса да, есту қабілеті арқылы ән, күйді өте шебер орындайтын. Ата-анамыз 5 перзентінің ішінде менің өнерге барғанымды қалады. «Әкенің баласына ғылым, адамгершілік, өнерді үйретуі парыз» деген сөз осыдан қалса керек. Үлкердің аманатын арқалаған мен үшін күй өнерінің түрлі жанрын меңгеру үлкен жауапкершілік болды, – дейді Гүлназ Сералиева.
Негізінен, Гүлназ Шәменқызы осыдан 25 жыл бұрын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Халық аспаптар» бөлімінде «Домбыра» мамандығын игеріп шығады. Қазақы өнерді дәріптеуші жас маман алғашқы еңбек жолын Қазалы аудандық әуез мектебінде ұстаздық қызметтен бастайды. Сонымен бірге №226 Б.Мергенбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Мұрагер» бағдарламасы аясында шәкірт тәрбиелейді. Кәсіби маман өзінің саласын тереңнен зерттеуден шаршамайды. Кейіннен ол Қорқыт ата атындағы университетінен «Жоғары музыкалық білім» мамандығын алады. Бұдан кейін ұлағатты ұстаз М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Педагогика» мамандығы негізінде білімін жетілдіреді.
– «Майысып қос ішектен күй өткенде, ой туар жүрек түгіл сүйектен де» деп Жұмекен Нәжімеденов жырлаған болатын. Иә, домбыра қазақтың жан толғанысын, ішкі тебіренісін ерекше үнмен жеткізеді. Ұлттық аспапта ойнағанда тыңдаушы жүрегінен жол табуға тырысасың. Соңғы 23 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатырмын. Қазыналы Қазыладан осыдан 12 жыл бұрын жері ырысты, берекелі Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы ұстаздар әулетіне келін болып түстім. Қазаны оттан түспеген ауылдағы №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте бір жылдары мұғалімдік қызмет атқардым. Өз кезегінде Алматы қаласындағы «Оқушылар сарайында» нәтижелі еңбек еттім, – дейді ұлағатты ұстаз.
Бүгінде Гүлназ Шәменқызы Асқар Тоқмағамбетов ауылында өнерлі өрендерге «Домбыра» сыныбы бойынша сабақ беруде. Сонымен бірге жақында ашылған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығында қызмет етеді. Отбасында ибалы келін бола білген Гүлназ Сералиева жары Ғалымжан Омаровпен 2 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен шаңырақта отырған жарасымды жұп үлкендердің ақ батасын алуда. Ардақты ана, ардагер ұстаз Дана Омарова келініне қазақы дәстүрді жан-жақты үйретуде.
Білікті маман ретінде кейіпкерім жоғарғы жетістіктерге қол жеткізе білген. Саналы да, білімді, өнерлі шәкірт тәрбиелегені үшін оған аудандық, облыстық, республикалық деңгейде марапаттар табысталған. Өз кезегінде шәкірттері де биік белестерді бағындырып келеді. Кәсіби музыкант Ақниет Базарбаева, Ақәділ Пернебаев, Еркежан Кеңесбайқызы, Азиз Темірбек секілді жас домбырашыларды мақтан тұтады.
Балтабай Аябекұлы