Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Поляк ғалымы перғауындар құпиясын ашты

Поляк ғалымы перғауындар құпиясын ашты

Ежелгі Мысыр тұрғындарының өмір салты қандай болған, пирамидаларды кім салған және оның құрылысы қалай жүрген, перғауынның «тынышын алғандарды» қарғыс ататыны рас па? Дүние тарихына қызығушылық танытқан кез келген кісі осы сұрақтарға міндетті түрде бас қатыратыны рас. Мұндай мәселелер хақында мысыртанушы ғалымның өзімен пікір алмассаң, қандай ғанибет?!

Жуырда астаналықтарға осындай тамаша мүмкіндік туды. Ұлттық академиялық кітапханада поляк археологі, египтолог, профессор Йоанна Гжыбовска-Попельска «Мысыр перғауындары құпияла­рының кілті» тақырыбында дәріс өткізді.

Мысыртанудың маңызы қандай?

Поляк археологтері Мысырда 60-жылдардан бастап қазба жұ­мыстарын жүргізіп, бірқатар ғылыми жаңалықтың ашылуына мұрындық болып келеді. Профессор Йоанна Гжыбовска-Попельсканың ай­туын­ша, мысыртану ғылымына дендеп ену бізге уақыт тұрғысынан қазіргі кезеңнен өте алшақ жатқан көне дәуірмен байланысуға, сол шақтағы адамзат өркениетінің қалай дамы­ғанын анықтауға мүмкіндік береді.

«Ең бастысы, мысыртану арқылы адамзаттың о дүние туралы көзқа­расының өзгерісін көре аламыз. Себебі ежелгі мысырлықтар өлімнен кейінгі өмірге қатты сенген. Сон­дықтан да марқұмды мумиялайтын болған. Көне мәтіндер бұл амал­дардың мәнін ұғынуға көмектеседі. Олардың сенімі бойынша, перға­уын өлімнен соң қайта тіріліп, ­«жо­йылмайтын жұлдыздар» арасы­нан өз орнын табуы тиіс болған. Егер адам бұл дүниеде жақсы істермен айналысса, дүниеден өткен соң өлілер елінде қажетінің барлығы болған. Бұл діни сенімдер кейінгі діндерге де ықпал еткен», – дейді ғалым.

Сондай-ақ египтолог ғылымның осы саласы сол дәуір адамдарының ақыл-ой мүмкіндіктерін де көр­сететінін, бұл сол дәуір техноло­гияларының дамуы тұрғысынан өте қызықты екенін айтты. Мысалы, олар қайық жасаған, Ніл аңға­рын­дағы орасан зор аумақтарды суғаруға мүмкіндік берген ирригациялық жүйелерді салған, сонымен қатар көне Мысырда математика, астро­номия ғылымдары жоғары деңгейде дамыған. Мысыртану солардан жү­йелі ақпарат береді. Онымен қоса, еуропалық ғылымның бастауы қайда жатқандығынан да хабардар етеді. Себебі Еуропада мәдениет пен ғы­лым бастауын Ежелгі Грекиядан іздейді, ал көне гректер көп дүниені ежелгі мысырлықтардан үйренген. 

Пирамида пішінінде де мән бар

Бүгінде Мысыр пирамида­лары­ның құрылысы жайында ғылыми қоғамдастық бірауыздан мақұлдаған теория жоқ. Алайда ғалымдардың көпшілігі бір ұстанымды жақтайды, оны профессор Йоанна Гжыбовска-Попельска да өз дәрісінде түсіндірді. Оның сөзінше, пирамиданы салу­шылар алдымен тастарды бір қатар етіп қалап, екінші деңгейді қалау үшін құм төк­кен, соның көмегімен екінші деңгей тастары жеткізілген, ары қа­рай құрылыс осындай тәсіл­мен жал­ғаса берген. Ал құрылыс аяқ­тал­ған соң нысан құмнан тазартылған.

«Ал пирамидалар формасында қандай да бір мән бар ма?» деген сұрағымызға ғалым былайша жауап берді:
«Пирамиданың формасы әр­дайым қазіргідей формада болды деп айта алмаймыз. Дегенмен біз көрген, бізде орныққан пирамида пішіні күн сәу­лесінің түсуімен байла­ныс­тырылады. Со­нымен қатар өзіңіз біле­тіндей, ең көне пирамида баспалдақ тү­рінде салын­ған. Көне Мысыр мә­тіндерінде сол баспалдақтар ту­ралы көп мәлімет берілген. Перғауын сол баспалдақтар арқылы көкке жетуі тиіс болған. Себебі сол кездегі наным бойынша перғауындардың ата-бабалары – жұлдыздар, тиісінше, перғауын да көкке шығып, солардың біріне ай­­налуы тиіс-тін. Бәрінің де мақса­ты – ешқашан жойылмайтын, мәңгі өмір сүретін жұлдызға айналу».

Тағы бір қызығы, пирамида­лардың сырты әктастармен қап­талған екен. Осылайша, күн түскенде пирамида жарқырап көрініп, оған қараған жанға ерекше әсер қал­дыратын болған. Сондай-ақ бастап­қыда көп пирамиданың ұшы ал­тынмен апталған. Алайда олар кейін тоналған. 

Табытты ашқандарды «қарғыс ата» ма?

Неліктен кейбір пирамидалар орасан үлкен, ал кейбіреулері шағын етіп салынған деген ой да келуі мүмкін. Й.Гжы­бов­ска-По­пель­с­ка­ның пікірінше, ең үлкен пирами­далар Көне патшалық кезеңіне жа­тады. Пирамидаларды салу бары­сында оның ішіне ешкім ене ал­май­ды деп сенген. Алайда кейін айна­ласынан тесіктер жасалып, халық пирамида ішіндегі дүниелерді тона­ған. Сол себепті де, келесі билеушілер алып пирамидалардың жанына шағын пирамидалар салған. Сондай-ақ бұл қадамға олар сол кезеңдегі экономикалық ахуалдың нашар­лауына байланысты үнемдеу мақ­сатында да барған. 

Ел аузында перғауындар көмілген орындарды зерттегісі келіп, «тыны­шын алғандардың» қарғысқа ұшы­райтыны туралы алып-қашпа әңгіме бары рас. Мысалы, осыдан жүз жыл бұрын Тутанхамонның саркофагын ашқанда, сол жердегі кейбір адамдар қаза тапқан екен. 

«Бірақ ол ешқандай «қарғыс атумен» байланысты емес. Бұл жайт табыттағы бактериялар себебінен болған. Әдетте мәйітті табытқа сал­ған соң ауаның жетіспеушілігінен ондағы бактериялар өте улы күйге түседі. Әсіресе, адамның тыныс алу жолына аса қауіпті. Сол үшін де қазір табыттарды ашқанда алдымен оны арнайы газбен өңдейді және жұмыс істейтін адам арнайы киім киеді. Ал Тутанхамонның табытын ашқандар мұндай қауіпсіздік тәсілдерін қолданбаған», – деді поляк ғалымы.

Көне мысырлықтар көп жасамаған

Ежелгі мысырлықтардың өмір салтында біздікінен қандай айыр­машылықтар болғанын білу де кө­бімізге қызық. Дәріс қонағы осыған да тоқталып өтті.
«Ол кездің адамдары антро­пологиялық жағынан еуропа­лық­тарға жақын болған. Ежелгі мы­сыр­лықтар төменгі және жоғары Мы­сырды (Нілдің ағысына қарай) біріктіріп, біртұтас мемлекетті құра алды. Олар өз елдерін Қара жер, Ніл жағалауындағы топырақта гумустың, яғни қара шіріктің көп болуына байланысты «Кемет» деп атаған. Олардың қазіргі жерлес­терінен айырмашылығы – бағана айтқа­нымдай, өлімнен кейінгі өмірге көбірек сенген. Ежелгі мы­сыр­лықтардың бейнесі қазіргі этно­діни топ – коптілерге ұқсас болған. Ор­таша өмір ұзақтығы да айтарлық ерекшеленеді: ежелгі мысырлықтар жиырма жастан сәл ғана ұзақ  жасаған. Алайда Көне Мысырда жүз жасаған ІІ Пиопи және ІІ Рамсес секілді перғауындар да болған», – дейді Йоанна Гжыбовска-Попельска.

Дәріс барысында шетелдік ғалым Ежелгі Мысыр өнеріне де тоқталды. 

«Мен Ежелгі Мысырды тұтасы­мен өнер деп білемін. Барлық жерде өнердің көріністерін көруге болады: мүсіндер, сарайлар, ғибадатханалар, обелисктер, зергерлік бұйымдар, иероглифтер және т.б. Мысыр иеро­глифтерінің өзі бейнелерден құрал­ған ғой. Сондықтан Ежелгі Мы­сырды тұтасымен тұнып тұрған өнер десек қателеспейміз», – деді ол.
Египтологтің ойынша, ХІХ ғасырдың 90-жылдарына дейін ғылымда Ежелгі Мысыр мәтіндерін түсіну мүмкін емес деген көзқарас басым болған. Ол өз зерттеулерінде мәтіндерді өте мұқият оқып, сол кезең тіліне, атап айтқанда, олар қалай сөйледі, қандай сөздерді, тіпті қандай грамматиканы қолданды деген сауалдарға жауап іздейді. Соның арқасында ғалымға мәтін­дерді түсіну жеңілдеген. 
«Әдетте Ежелгі Мысырды зерт­теушілер арасында Күнді Жаратушы ретінде қарастыру басым. Бірақ көбінде бұл тұжырымды растайтын дәлелдер аз. Мен перғауындардың да олардың сенімінде Жаратушы ретінде қабылданғанын жеткізе ал­дым деп ойлаймын. Бұл тұрғыда ма­ған Көне патшалық кезеңіндегі мәтіндерді зерттеу көмектесті. Әри­не,

Ежелгі Мысыр тарихында әлі ашылмаған құпиялар өте көп. Жыл сайын жаңа жерлеу орындары, құм басып қалған, бұған дейін ғылымда белгісіз болып келген пирамидалар ашылуда. Ал құпияны білуге ын­тықтық – бұл үлкен күш. Ендеше осы сәтті пайдалана отырып, жас­тарды мысыртану саласында білім алып, Ежелгі Мысыр құпияларын ашуға шақырамын», – деді про­фессор Йоанна Гжыбовска-По­пельска сөз соңында.

Айтпақшы, поляк ғалымы ­отан­дық әнші Димаш Құдай­бергеннің Польшадағы фан-клубы мүшесі екен, осы екі ел арасындағы бай­ланыстарды нығайту жұмыстары аясында Қазақстанға келіпті. Өз сөзінде ол қазақ-поляк ынтымақ­тастығына қомақты үлес қосып жүрген тарихшы, саясаттанушы Жандос Қарынбаевқа, сонымен қатар танымдық дәрісті оқуға жағдай жасаған Ұлттық акаде­миялық кі­тапхана директоры Ға­зиза Құдай­бер­ген­қы­­зына ақжарма алғы­сын жеткізді.


Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
21 мамыр 2023 ж. 147 0