Үйірменің үйретері көп
Қасиетті Қызылқұм бөктерінен талай талант түлеп ұшқаны көпке аян. Бүгінде Іңкәрдария ауылында мәдениет саласы бойынша жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің бастамасымен, ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен «Үйірме – өнерге бастар жол» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Аталған іс-шараға мәдениет саласының мамандары қатысты.
Аудандық семинардың қатысушылары ең алдымен ауылдық клуб үйі жанынан ашылған үйірмелер жұмысымен танысты. Бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген ауылдық клуб үйінің ұжымын қырық жылдан аса тәжірибесі бар Зағира Ахметова басқарады. Қазіргі уақытта мәдениет ошағында «Ән жанры», «Драма», қолөнер және суретті қамтитын «Бейнелеу өнері» үйірмесі жұмыс жасайды. Сонымен қатар «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы арқылы «Домбыра», «Баян», «Ұлттық би», «Хор», «Көркем оқу» үйірмесі ашылған. Әрбір үйірменің бағыт-бағдарын таныстырған ауылдық клуб үйінің әдіскері Әйкерім Жұмабекова жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
– Тарихы тереңде жатқан Іңкәрдария ауылында өнерлі өрендеріміз жеткілікті. Осы күні үйірме жұмысы жолға қойылып, балалардың шығармашылығын, қабілетін дамытуға барымызды салып келеміз. Осы кезге дейін шәкірттеріміз халықаралық және республикалық байқаулардан жеңімпаз атанып үлгірді. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылымыздан талантты, өнерлі шәкірттер көптен шығады деп сенеміз, – деді Айкерім Жұмабекова.
Мәдениет саласының мамандарының тәжірибе алмасу мақсатында жүзеге асқан семинар барысында аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Сәрсенбаева біршама әдістемелік жұмыстарды саралады.
– Біз дәстүрлі түрде аудандық семинарды әрбір ауылда ұйымдастырып келеміз. Осы жолы өзара іс-тәжірибемізбен бөлісу бағытында бас қосып отырмыз. 2023 жылдың 4 айында жақсы жетістіктерге қол жеткізген әріптестеріміз бар. Оларға кәсіпорын басшысының Алғас хатын тапсырдық. Жүйелі жоспар мен жұмыстың нәтижесін саралай келе, бір-бірімізге баға беріп отырамыз. Бүгінгі Іңкәрдария ауылындағы үйірме жұмысын танысып, материалдық базаға, балалардың шығармашылық әлеуетіне көңіліміз толды, – деді Гаухар Сәрсенбаева.
Иә, расында «21 мамыр – Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесін атап өтетін сала мамандарының қызмет бағыты сан алуан. Күндіз-түні демалыссыз қызмет ететін мәдениет саласының мамандары бар мақтауға лайықты. Осы ретте, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Ақбота Талғатова аталған сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Мәдениет – адамзатты тұлға деңгейінде қалыптастыратын негізгі құрал болса, өнер – мәдениеттің алтын қазынасы. Қашан да мәдениеттің мәйегі – мәдениет үйі екені белгілі. Бұлбұл дауысты әнші де, мың бұралған биші де, ақиық ақын да, құдіретті күйші де, тіпті танымал әртіс пен режиссер да осы мәдениет үйлерінің киелі сахнасынан шығады. Осындай қиын да, қызықты саланың тізгінін ұстап, халық шығармашылығын дамыту мен ұлттық өнерімізді насихаттауда халыққа қалтқысыз қызмет көрсететін мәдениет ошақтары болып табылады. 2022 жылы Сырдария ауданы бойынша мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары жанында 97 үйірме жұмыс жасап, оған 1275 өнерпаз тартылған. Бүгінде Сырдария ауданы бойынша мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары жанында барлығы 101 үйірме жұмыс жасап, оған 1303 өнерпаз қамтылған. Оның ішінде 14 халықтық атағы бар ұжым, 1 вокалды аспапты ансамблі, 1 ұлт аспаптар оркестрі, 1 үгіт бригада, 2 халық театры, 3 би тобы, 2 отбасылық ансамблі, 1 әзіл-сықақ отауы, 3 әжелер ансамблі, 16 ән үйірмесі, 7 драма үйірмесі, 9 домбыра үйірмесі, 11 би үйірмесі, 3 вокалды аспапты ансамблі, 1 этно-рок ансамблі, 1 халықтық ұлт аспаптар оркестрі, 2 халықтық отбасылық ансамбль, 2 халық театры, 3 мәдени-үгіт бригадасы, 15 көркемсөз үйірмесі, 10 әжелер ансамблі, 2 ардагерлер үйірмесі, 2 әзіл-сықақ отауы, 4 қолөнер үйірмесі, 3 жазба ақындар үйірмесі, 1 қобыз үйірмесі, 1 жыр-терме үйірмесі, 3 сурет үйірмесі, 1 дәстүрлі ән, 1 фото-видео үйірмесі, 1 жайдарман үйірмесі, 1 флейта үйірмесі, 1 келіндер ансамблі халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары жанынан жаңадан үйірмелер қосылып және өзгерген үйірмелер бар. Жаңадан ашылған үйірмелер қатарында аудандық мәдениет үйі жанынан «Домбыра» үйірмесі, Тереңөзек кенті клубы жанынан «Би» үйірмесі, Бесарық ауылдық мәдениет үйінде «Шырайлы» келіндер ансамблі, Аманкелді ауылдық мәдениет үйі жанынан «ВлокФлейта», «Фото-видео», «Жайдарман», «Үгіт бригада» үйірмесі бар екенін айта кеткен жөн, – деді аудандық мәдениет үйінің әдіскері.
Өз кезегінде Іңкәрдария ауылдық клуб үйі жанынан ашылған үйірме өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды. Кеште қазақтың зиялы қауымының көрнекті өкілі Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Драма» үйірмесінің мүшелері «Нарком Жүргенов» қойылымын сахналады. Сонымен бірге «Ән» және «Ұлттық» би үйірмесінің шәкірттері ән шырқап, би биледі.
– Ауыл мәдениетін жандандыру үшін біршама жұмыстар жүргізіп келеміз. Негізінен, мәдениет саласының сан алуан бағыты бойынша әрбір маманға зор жауапкершілік жүктеледі. Біз қашанда рухани, идеологиялық іс-шараларды жүргізуге мүдделіміз. Ауылдағы кез келген баланың ерекше қабілетіне мән беріп, әлеуеті жоғары байқауларға дайындаймыз. Бүгін ұйымдастырылып отырған семинар барысында сала мамандары өзара тәжірибе алмасты. Біз үйірме жұмысын түрлендіруге, ауыл мерейін асыруға қызмет ете береміз. Алдағы кәсіби мерекемен әріптестерімді құттықтаймын, – деді ауылдық клуб үйінің директоры Зағира Ахметова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ