Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы да, аты да – Алтын

Қолы да, аты да – Алтын

Тереңөзектік Алтынкүл Ырысбаева өзінің бойындағы қасиетімен дараланған жан. Оның алақаны халықтық медицина тілімен айтқанда – алтын әрі шипалы. Ардақты ананың осы уақытқа дейін қаншама баланы баспа ауруынан емдегені көпке аян. Бұл екінің қолынан келе бермейтін қасиет десек, Алтынкүл Айтмаханқызының тағы бір ерекше өнері бар апа. Яғни тереңөзектіктерге ол кісі «палаушы» атымен де танылған.

Еңбекке ерте араласқан Алтынкүл апа көрші аудан Жала­ғаштың Аққұмында туып-өскен. Сол ауданның шалғайдағы ауылы Жаңадарияның азаматы Айтбай Әбдіреевпен бас қосып, отбасылы болады. «Қарабөгет» деген жерде сушы болған отағасына көмектесіп, өзі де байланысшы жұмысын істейді. Уақыт өте бұл жұмыстан қол үзген ерлі-зайыптылар Тереңөзекке қоныс аударып, 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсіреді.

Аудан орталығына көшіп келген отбасы адал еңбек етуге дағдыланған. Екі қолға бір жұмыс табылады. Алтынкүл апа аудандағы ауруханада тазалықшы болса, жұбайы сол жылдардағы ірі мекеме – АТП-да Камаз жүргізушісі болады. Кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап кенттегі №3 балабақшада бала күтушісі болып жұ­мыс ауыс­тырады. Алтынкүл Айтма­ханқызымен таныс­тығым сол 1992 жылы басталды. Мектепті жаңа бітірген жас түлек – мен жоғарғы оқу орнына түсе алмай балабақшаға жұмысқа орналастым. Бір жыл бойы тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек еткенімде, балалар күтушісі болған Алтынкүл апа бізге анамыздай болды. Таң атысымен ертелетіп жұмысқа келетін бала күтушісі әрбір баланың күтіміне, дұрыс тамақтануына аса ыждағаттылық танытатын. Төсек-орнының тазалығы, бөлменің мұн­таздай жарқырап тұруы бәрі-бәрі тазалықшының жауапкершілігінде еді. Мазасы болмай ауырыңқырап отырған баланы көрсе, дереу баланы алдына алып, денесіп сылап, сипап, тамағының көтерілгенін байқаса қазақы ырыммен басып, шипалы алақанымен баптайды. Сонда бір ұйықтап тұрған бала қара терге түсіп, ауруынан айығып кететінін көзіміз көрді. Бұл қасиеті туралы сұрағанымызда шын мәнінде өзі де таңқалатынын, ауырып отырған баланы дереу сезетінін, жанында отырғанда екі алақаны қызып, мазасыз күй кешетінін айтатын. Емін жасағаннан кейін өзі де рахаттанып, көңілі жайланатын болған. Осылайша көркем мінезімен, кісінің көңіліне тиетін сөз айтпайтын қасиетімен ерекшеленетін Алтынкүл апаны әріптестері де жақсы көрді десем артық айтқандық болмас.

– Бұл қасиетім әкемнен дарыған. Әкем молда болған кісі еді. Ауылдағы ауырған баланы емдейтін, ұшықтайтын. Өзім де сол қасиетке ие болғаным Алланың құдыреті болса керек. Палау басатыным анам Базаркүлден дарыған. Ауыл-аймақтың ас-құдайысында қазан-қазан палау басатын анамның жанында жүріп үйрендім. Есімде қалғаны алғаш рет Тереңөзекке көшіп келгенімізде бір кісінің уақытша баспанасында тұрдық. Сол үй егесінің үлкен қарты қаза болып, намазында дайындатқан ас дұрыс болмаған екен. Қырқы жа­қындағанда таныс­тардан палаушы іздеп әуре болғанын көрдім. Сонда «мен 10 келіге дейін басамын, сізге қанша келі күріш басу керек» деп сұрағанымда «20 келідей» деді. Тәуекелге барып алғаш рет үлкен қазанға палау бас­тым. Ас дәмді болып шықты. Содан бері ауылдастарым, тереңөзектіктер мені тани бастады. Меніңше, палау басу үлкен өнер. Дегенмен көпшілікке ас дайындау аса жа­уапты жұмыс, – дейді палаушы апа Алтынкүл.

Бесаспап болған Алтынкүл апаның жасы 67-де. Осынша жасқа келгенше қарапайым еңбек адамы ретінде тұрғындардан алғыс алған апаны ел-жұрт қолының қасиеті үшін де арнайы іздеп келеді. Әсіресе көрші-көлем балаларына салқын тиіп ауырып қалса, дәрі-дәрмектен ем таппаса апаның еміне жүгінуге асығады. Ем алғандардың қатарында үлкен адамдар да бар. Олар күні-түні демей Алтынкүл апаға келуге ынталы.

– Негізінен баспа ауруы балаларда ғана емес, орта жастағы, тіпті үлкен адамдарда да кездеседі. Бас­па ауруы салқын сусын ішкеннен пайда болады. Баспаның алғашқы белгілері бала әлсірей бас­тайды. Басы, та­мағы ауы­рып, қызуы көтеріледі. Та­ма­ғы ісінеді, жұ­тындырмайды, кей­де ірің­дейді. Емім­ді жа­сағандар маған қай­та оралып келмейді. Бір басқаннан қайтады. Асқындырып алғандар да келеді. Әрине, медицинаға жүгіну керектігін айтамын. Бірақ арнайы келіп, тамағын бас­тыратындар көп. Күз, қыс айларында баспа ауруы­на шалдығатындар көп. Оларға айтарым, күтініп, салқыннан сақ болып, дұрыс тамақтану қажет, дәрумендерге бай көкөніс пен жеміс-жидекті жеу керек. Адамның иммунитеті төмендеген сайын баспаға шалдығады, – дейді алақаны шипалы Алтынкүл апа.

Шын мәнінде баспа ауруы кейде елеусіз болып көрінгенімен, оған немқұрайлы қарауға болмайды. «Инфекциялық ауру түріне жататын дертті асқындыру – созылмалы ауруға әкеледі. Сондықтан салқыннан сақтану керек, ауыз­ды тұзды сумен шайып тұру да пайдалы» дейді көптің көңілінен шыққан ардақты апа.

Осы күні бейнетінің зейнетін көріп отырған Алтынкүл Ырысбаева еңбектен қол үзген емес. Келіні Мархабаттың кәсібіне қолдау білдіріп, бір жағын алып отырады. Ас-ауқатын дайындап, көмегін береді. Отағасынан осыдан 27 жыл бұрын айырылып қалған ананың көрген бейнеті де аз емес. Осы күні сырқаты сыр беріп жүрсе де, көңіліне алмайды. Өсірген балаларының, немерелерінің қызығын көріп, ас-құдайы, той-томалақ жасайтындарға қызметін ұсынып, Алланың берген қасиетімен ел-жұрттың алғысын алып жүр.

Ал қарапайым еңбек адамы­ның алған марапаты – айналасын­дағы­лар­дан алған алғысы. Ол үшін бұдан асқан байлық жоқ.


Бибісара ЖАНӘЛІ

26 тамыз 2025 ж. 209 0