Қырдың сәні – қызғалдақ
Жаратылысы адамға тән қыр гүлі – қызғалдақ. Бұлай айтуымызға өсімдік зерттеушілердің пікірі дәлел болады. Дала өсімдігі 13 жылдан соң ғана гүлдейді, яғни, адамзатқа тән құбылыс – он үште отау иесі дегенге саяды. Осыншама уақыттан соң тура 50 жыл бойы көктемде гүлдеп, қырдың сәнін кіргізеді.
Бас аяғы 60 жыл ғұмыр кешетін қызғалдақ ерте көктемде алғашқы болып гүл ашатын өсімдіктің бірі. Ал қызыл кілем іспеттес гүл жарты ғасыр гүлдеген соң өзінен өзі солып, бойында қуаты азайған қарт адам секілді күй кешеді.
Сәуірдің соңғы онкүндігі мен мамырдың алғашқы күнінде ғана гүл ашатын қыр гүлінің әлемде 100-ден астам түрі болғанымен, біздің елде 30-ға жуық түрі кездеседі. Ата-бабаларымыздан келе жатқан аңыздар бойынша соғыс даласында мерт болған жауынгерлердің қаны тамған жерлерге қып-қызыл болып гүл шыққан. Зымыраған уақыт аралығында осы қызыл қанның орнына қызғалдақтар өсіп шыққан деседі.
Тағы бір аңызда байлығы асқан өзі сараң кісі өмір сүріпті. Сол байдың жалғыз қызы болыпты. Байлықтан көзін шел басқан әлгі адам жалғыз қызым тұрмысқа шықса, бар дәулетім бөтен адамға бұйырады деп ойлайды. Арам ойының ақыры қызының өлімімен аяқталады. Қырда қыдырып жүрген қызды қарақшылар өлтіріп кетеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздың қаны тамған жерге бір тал гүл өсіп шығады. Сол жерді кие тұтып, қыздан қалған жалғыз дақ деп гүлдің атын қызғалдақ деп атап кеткен екен. Бойжеткеннің ғұмыры аз болғандықтан болар қызғалдақ гүлдің де ғұмыры аз уақытқа созылуы деседі ескі аңызда.
Гүлге қатысты қазақта көптеген қыз есімдері бар. Гүлнар, Гүлзада, Гүлзат, Айгүл т.б. Ал гүл түрлеріне қатысты көп тараған қыз бала есімдері Қызғалдақ, Раушан, Қалампыр. Гүл секілді құлпырып өссін, сұлу, әдемі болсын деген ырыммен қыздарға жарасатын есімдерді қойған.
– Қызғалдақ менің қызымның аты. Оны жұбайымның нағашысы қойды. Қызғалдақтың құлпырып гүлдейтін уақыты 25 сәуірде дүниеге келген қызыма осындай әдемі есім берілген. Қыр гүліндей құлпырып өссін деген ырыммен қойса керек. Қызғалдағым қазір оныншы сыныпта оқиды. Өнерге жақын. Тоғызқұмалақ ойнайды. Қосымша үйірмелерге де барады. Үш баламның ішіндегі бір қызымыздың есімін Қызғалдақ қойған үлкендерге рақмет. Өте әдемі есім деп ойлаймын, – дейді Қалжан ахун ауылының тұрғыны Ұлпан Елеусінова.
Гүл – нәзік, көркіне көз таймайтын табиғаттың ғажайып жаратылысы. Сондықтан қыздарға гүлге қатысты есім беру бұрыннан келе жатқан дәстүріміз.
– Біздің отбасымызда менің есімімді марқұм әкем Роза деп қойған. Негізінен, отбасымызда 4 қыз бен 4 ұл өстік. Барлығымыздың есімімізді ата-анам өзі қойған. Жалпы балаға есімді бергенде өте абайлау керек деп отыратын әкем. Айтуға жеңіл, баланың сол есімді алып жүруіне де ауырлық етпейтін есім берген дұрыс дейтін. Роза есімі бұрыннан кең тараған есімдердің бірі. Өйткені біздің кезіміздегі замандастарымның арасында осы есімді қыздар көп. Бір қызығы екі құдағайымның да есімі Роза. Сондықтан гүлдің атауымен аталатын әйелдің заты атына сай болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі жастар балаларына бұл есімді қоя бермейді. Дегенмен қыз баланы гүлге теңеп, оған гүлдің атымен есім беру қандай жарасымды болар еді, – дейді кент тұрғыны Роза Бекзатқызы.
Қызғалдақ – әдеміліктің, нәзіктіктің символы. Халқымыздың салт-дәстүрінде осынау гүл түрлеріне байланысты ою-өрнектердің сан алуан түрі бар. Оны қолөнер шеберлері қыздардың көйлегін, тақиясын, қамзолын тіккенде үйлесімділігіне қарай қолданады. Үлкен әжелеріміздің киім-кешегіне де, орамалдарына да гүлдің өзіне тән жарасымдылығымен пайдаланған. Киізден жасалатын бұйым, жиһаздарға да ойып салған.
Бас аяғы бір айға жетер жетпес уақытта құлпырып гүлдейтін қызғалдақты қорғау біздің елімізде заңмен бекітілген. Қызғалдақ Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгендіктен оны жұлуға тыйым салынған, гүлді тек көріп, тамашалауға болады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ