Сексеуіл – шөл даланың падишасы
Сыр елінің табиғатына тән өсімдіктің бірі – сексеуіл. Алабұта тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік биік болып өспейді. Сексеуілдің ұсақталған қабыршақ тектес жапырақтары бар. Бірақ бұл жапырақ атауы ғана, оның бойында тіршілік нәрі жоқ. Себебі жүз мыңдаған жылдар бойы өсетін өсімдіктің жас бұтақтары ыстық пен суыққа төзімді келетіндіктен, жапырақсыз өсуге бейімделген. Яғни жапырақтары түсіп қалса да оның қызметін осы жас бұтақтары атқара береді.
Сексеуіл атауы – түрік тілінен шыққан сөз. Оның аудармасы «аттың құйрығы» дегенді білдіреді. Ауа райы ыстық, құрғақ жерде өсетіндіктен жапырақтары түсіп қалады да бұтақтары иіліп, шын мәнінде аттың құйрығына ұқсағандықтан осылай аталса керек.
Сахара далаға көрік беріп тұрған сексеуіл – қазақ жұрты үшін қасиетті де киелі ағаш. Ежелден келе жатқан аңыздардың бірінде ата-бабаларымыз сексеуілдің бір-екі бұтағын шаңырақтың үстіне көтеріп жоғары қойған. Сенім бойынша ағаш жаман атаулыдан үй иелерін қорғайды, яғни жауын-шашын болғанда немесе найзағай түскенде тосыннан келетін қауіптің алдын алады екен.
Ғылыми зерттеулерде сексеуіл ағашы 40-50 жыл өмір сүреді. Өсімдік егілген соң 3-4 жылдан соң гүлдейді. Сексеуілдің тұқымы осы гүл арқылы айналасына шашылады. Қоңыр күзде сексеуіл тұқымын жинап, қаңтар айында тұқым себіледі. Жерге енген сексеуіл тұқымы жауын-шашынмен тез өніп, өседі. Ауданда дала өсімдігі – сексеуілдің мол қоры быр.
– Сексеуіл ауданның Іңкәрдария елді мекеніне қарасты Қызылқұм шөл даласында өседі. Сонымен қатар Қарақұмда ақ сексеуілдің мол қоры бар. Орман өсімін молайту мақсатында биылғы жылы 16 гектар жерге тұқымбақ жасау жоспарланды. Оның 14 гектар жеріне 840 келі сексеуіл тұқымын себу және 1 гектарға Сыр талы, терек, жиде, жылауық тал қаламшаларын отырғызу мен 1 гектарға үйеңкі, қарағаш тұқымын себу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Әлібек Рахымжанов.
Табиғат қорғаушылардың айтуынша, сексеуіл ағашы құм көшкінінен қорғайды, бекініс қызметін атқарады. Жердің құнарлығын сақтайтын, азып-тозуына жол бергізбейтін өсімдіктің тамыры тереңге кетеді. Қазақстанның кең байтақ жерінде өсетін сексеуілдің екі түрі бар. Қара және ақ сексеуіл. Ақ сексеуіл құмды жерде өссе, қара сексеуіл жазық далада өнімді өседі.
Сексеуілдің бұтағында ылғал мөлшері де жеткілікті болғандықтан, мал оны азық әрі су ретінде қорек етеді.
Сексеуілді тұрмыста адамдар көп қолданған. Мысалы, өсімдіктің күлін пайдаға жаратқан. Сабын жасаған. Қотыр малға дәрі ретінде қолданумен қатар тыңайтқыш есебінде жерді құнарландырған. Күшті қызуы үшін үй жылытады.
Өсімдіктің бұтасын төрт-түлік мал қорек еткен. Дегенмен табиғатқа орасан зор пайдасын тигізетін сексеуілдің жойылып кету қауіпін туғызатын жаулары бар. Оның ең біріншісі – сүген деп аталатын қоңыз, құмтышқандар, сонан соң әрине адамдар. Айта кету керек, дала өсімдігі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сондықтан оны қорғау мемлекет тарапынан заңмен белгіленген.
Дайындаған Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ